8 наурыз. Қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлі

8 наурыз. Қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлі

Мұхтар Мағауин: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі» дейді. Бүгінгі күннің тың, өзгеше үрдісі қазақ әйеліне мүлде бөлекше, жаңа заманауи талаптар мен жауапкершіліктер жүктеп отыр. Олар тек тұрмыста ғана емес, әлеуметтік салаға, қоғамдық өндіріс пен ғылым, әдебиет, өнер, спортқа да барынша үлестерін қосып, еншілерін алуда. Нәзікжандыларымыз журналистика мен білім беру саласының да бел ортасында жүр. Мәліметтерге жүгінсек, еліміз бойынша мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 58 пайыз болса, солардың ішінде, жоғары лауазымдағы әйелдер 10 пайызды құрайды екен. Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісіне депутат болып 26 нәзік жанды сайланса, олардың қатарында 2 министр, 5 вице-министр, 4 аудан әкімі қызмет атқаруда.

Қазақ не үшін тілді «Ана тілі» деп айтады? Не үшін «Ата тілі» деп айтпайды? Өйткені, сәбиге барлық қасиет пен құт, тәрбие мен өнеге анадан, ана сүтінен дариды. Тіл де, діл де ананың берекесі мол рухани әлемі мен аялы алақаны арқылы жүрекке жол тауып, санаға сіңеді. Қазақ эпостарындағы Құртқа мен Ақжүніс, ұлыс анасы мен ұлт мәйегі болған Домалақ ене, Қыз ене, Айша-бибі, Абақ ана, Абайдың анасы Ұлжан, ел басына күн туғанда қолына найза-қалқан алып жауға шапқан Бопай – қазақ әйелінің тұлғасы мен оның асқақ рухын әйгілеп жатыр.

Қазақ әйелінің ажары мен сұлулығын тану үшін ұлттық таным-түсінік деңгейінде ойлау ләзім. Оның ата-енеге құрметі, келіндік ибасы, қайын аға мен қайындары ортасына ат қойып, әдеп сақтауы, қонаққа деген бөлекше ілтипаты мен ас-тағамға деген ұқыптылығы, осының бәрі-бәрі де қазақ қызы дейтін қарапайым аттан тамыр тартып жатыр.

Іргелі елдіктің мәйегі мен ұлттық болмыс-бітім жайлы сөз қозғадық. Бұлар отан ұғымымен парапар дүниелер, әрине. «Отаншылдық отбасынан басталады» дейді қазақ. Мыңдаған отбасы қазақ қоғамын құрап, үнсіз-түнсіз түтіндерін түтетіп отыр. Ал отбасының береке-құты мен ұйтқысы, тағы айналып келіп қазақ әйелінен бастау алмақ.

Бесік ана қолында, тіл ана көмекейінде, діл ана сүтінен дариды, шаңырақ әйел берекесімен биіктейді, ендеше, қазақ әйелін пір тұтпай, қазақ әйелін қадірлемей, қазақ қыздарының, аруларының сұлулығын танып жетпей тұрып, өзге дүние жайлы ауыз ашу артық болар. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп Әуезов те тегін айтып отырған жоқ.

Сөз басын Мағауинмен бастап ек, сөз аяғы тағы да Мұхаңда: «Қазақ халқының болашағы бүгінгі қазақ әйелінің құрсағында шешіледі, бағзыдан келе жатқан айнымас шындық.

Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, әлемдегі ең ізгі әйел.

Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған, әлемдегі ең мейірбан әйел.

Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен, әлемдегі ең адал әйел.

Ұлттың ұйтқысы.

Ұрпақтың анасы.

Солай болған, солай бола беруге тиіс. Болмас қисыны жоқ, неге десеңіз, бұл әйелдің бойында сиқырлы, құтты, өзгеше қасиет бар, оның аты – Сұлулық: жан сұлулығы, тән сұлулығы…

Ол рас, әлемдегі ең Сұлу – Қазақ әйелі!»

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: yvision.kz

M. Auelkhan