"Темір леди"("Железная леди")
Маргарет Тэтчер премьер-министр болған он бір жыл - Ұлыбритания тарихында өте жемісті жылдар болды. Бұл уақытта елдің экономикалық жағдайы соңғы он жылға қарағанда үш есе өсті десе де болады. Кезінде халық оны қалай атамады десеңізші: "НАТО-ның ең мықты еркегі", "Тынымсыз мыстан", "Темір леди"... Оның жұмыс күні - таңғы алты мен түнгі бір аралығы. Ол бір сөзінде: "Мен 4-5 сағаттан артық ұйықтамаймын. Менің өмірім - менің жұмысым. Бір адамдар өмір сүру үшін жұмыс істейді. Ал мен - жұмыс істеу үшін өмір сүремін" деген екен.
"Мейірімді жүректің иесі"
Агнес Гонджа Бояджиу (Тереза Ана) аскөк сатумен айналысатын өте қарапайым отбасында дүниеге келген. Отыз алты жасқа келгенде жағдайы нашар әйел өзінің мейірімге толы жүрегі мен ерекше ынтасының арқасында Халықаралық Қайырымдылық Ұйымын құрады. Қазір бұл қордың құрамында әлемнің сексен елінен тіркелген 300 мың адам бар. Ұйым балалар мен жетімдер үйін, ауруханаларды, қарттар үйін қамтиды. Қазір Калькуттадағы бір ғана орталықтың өзінде 10 000-ға жуық адам емделіп жатыр.
Қайырымдылықтан бақыт тапқан...
Сән анасы
Габриель Бонёр Шанель - ХХ ғасырдағы әлемдік сән үлгінің бетке ұстар тұлғасы. Ол әйелдік пен мәңгілік классиканың, кербездіктің нышаны. Коко Шанель нәзік жандылар қауымына қара түсті, қысқа шаш үлгісін, шалбарды, кішкентай ғана қара көйлекті және "Chanel №5" иіссуын тарту етті. Сөз зергері бола білген Коко Шанель: "Әйел 30 жасында сұлу көрінбеген болса, ол нағыз ақымақ" деген екен. Үйленгелі жүрген серісі аяқ астынан қаза болған соң, махаббатына адал болған Шанель өмір бойы тұрмыс құрмай өтті.
Кино патшайымы
Кішкентайынан "тышқан" деген мазақ сөзден зәбір шегіп өскен Мэрилин өзіне "Мені бүкіл әлем танитын болады" деп уәде береді. Ол уәдесінде тұрды. Пластикалық операцияның көмегімен көрікті келбетке ие болған әйел атақ пен байлыққа лезде жетті. Кино әлемін дүр сілкіндірген аңыз тұлға жігіт атаулының қолжетпес арманына айналды. Бірақ бақытты болған емес. Сәтсіз некелер мен бірнеше аборт жасаған актриса өмірден тым ерте кетті. Жалғыз және бақытсыз... Мэрилин Монроның мың-мыңдаған актрисаларға үлгі болып, кино әлеміне зор жаңалықтар енгізгенін бүкіл әлем мойындайды.
Суреттер:vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева