Тағдырлы тарихымызда елін, жерін қорғаған даңқты батыр қыздарымыздың аз болмағанын білеміз. Халқы үшін барлығынан бас тартқан қайраткер сақ патшайымдары Тұмар мен Зарина (Сара), Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан қайсар Әлия мен Мәншүктей қыздарымыз – ерлігі және ақыл-парасатымен ерекшеленген тарихи тұлғалар. Өз елінің жаудан аман қалуына, елі мен жерін сақтап қалу жолында барлығын құрбан қылған атақты сақ патшайымы Тұмардың (Томирис) ерлігі мен қаһармандығы жайында талай аңыз-әңгімелер бар.
Парсы патшасы Кирдың қолынан қаза болған ері Рүстемнің, жаудың құйтырқы әрекетінен тұтқынға түсіп өз-өзіне қол жұмсап өлтірген ұлы Спаргапистің өлімі Ұлы Патшайымды қанша қайғыға батырса да, нәзік жүрегін қасіретке бөксе де, рухын түсірмей, ерік жігерін жинап алып, жаумен өршелене шайқасты. Жаумен шешуші шайқаста Тұмар патшайымымен бірге сақ-қыздары мен әйелдері де ақтық демі таусылғанша табандылықпен қарсылық көрсетті. Сақ қыздарының мұндай қанды шайқастағы ер мінезінен сескенген парсы әскері ойсырай жеңілген екен: ұрыс даласында барлық парсы жауынгерлері жер жастанған, оның ішінде қаһарлы Кир патша да бар. Осындай ұлы шайқастан кейін Азиядағы ең адуынды мемлекет Персия елі өзінің күш-қайраты мен абыройынан айырылып, бұрынғыдай алпауыт мемлекет бола алмаған. Қазақ халқының ата-бабасы ретінде саналатын ұлы сақ халқының қаны қаһармандыққа қаныққан қыздарының ерлігі мен қайсарлығы осындай адамзат тарихын өзгерткен оқиғалардың орын алуына себепші болған. Тұмар патшайым Ұлы Кеңесте: «Қаратауды – ата-бабаның әруағы жатқан жерді дұшпан атының тұяғына таптатпаймыз», – деп даналық таныту арқылы бүкіл жұртты рухтандырыпты. Кезінде, Мөде қағанның да ұлтарақтай жер үшін ұлы жаумен арпалысқанын білеміз. Мұндай дала даналығы кез келген дала перзенттерінің парасатында парақталған.
Бүкіл Азияны жаулап ала алған, талай жауды алдап соққан Кирдің соғыс стратегиясынан да асып түскен Тұмар патшайымның әскери стратегиясы тарихта мықты стратег ретінде қалуына мүмкіндік берді. Әкесінен үйренген әскери өнері, соғыс тәсілі, табиғатынан берілген шебер, епті болмысы оның ақыл-айласына серік бола алды.
Ерліктері дастан боп жазылуға лайықты халқымыздың батыр қыздары қашанда ұрпаққа үлгі. Батыр да парасатты болсын деген ниетпен қойылған Тұмар, Томирис есімдері – қазақ балаларының арасында ең танымал әрі ерекше есімдердің бірі. Ұлы адамдар мен тұлғалардың есімін қазақтар есім ретінде өз балаларына қоюуға тырысқаны белгілі.
Халқын сүйген, жауына қатал, Тәуелсіздік үшін күрескен сақтың батыр әйелі Тұмар патшайым ел аузында мәңгі ұмытылмайтын аңыз боп, ғасырдан ғасырға жетіп, мәңгі өмір сүріп қала береді.
Сурет: egemen.kz