- Негізгі бет
- 8 наурыз 2015
- 8 наурыз мерекесіне...
8 наурыз мерекесіне арналған сценарий – 2
8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Анадан асқан жан бар ма?» атты кештің сценарийін ұсынамыз.
Мерекелік кештің мақсаты: Оқушылардың нәзік жандыларға деген құрметін көрсету, аналар мен аруларға мерекелік көңіл-күй сыйлау.
Кештің көрнекілігі: Елбасы жолдауы, Жолдаудан үзінді жазылған қағаздар, гүл, аналар жайлы нақыл сөздер,мақал-мәтелдер, т.б.
Кеш мектептің акт залында ұйымдастырылады.
1-жүргізуші: Кеш жарық, аса қадірменді арулар! Ардақты аналар! Ана – бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Ананың қадірі сонда, ол мейіріміне ақы сұрамайтын жалғыз жан, әрдайым бала дегенде елжіреп, соның ғана тілеуін күні-түні тілеп отыратын асыл адам.
2-жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың. Ананың көңілі – балада. Дүниедегі ең жауһар қазыналар да, асып-тасыған байлық та ананың ақ жүрегіне жетпейді. Тоғыз ай толғатып, өмір бойы баласына махаббатын төгіп өтетін анадан асқан жан бар ма?
Олай болса, осы бір әлемдегі ең аяулы адамдарға арналған «Анадан асқан жан бар ма?» атты кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
1-жүргізуші: Бұл кеште мектебіміздің ер адамдары әлемге әр берген нәзік жандыларымыздың алдында өнер көрсетеді. Жыл он екі ай айналамызды құлпыртып, өздерімен бірге көктем әкелген аруларға жылдың бір күнінде осындай тамаша демалыс сыйлауды ұйғардық! Аналар, аяулылар, арулар! Бәрі де сіздер үшін!
Оятқан күліп таңдарда,
Жарқ еткен мынау жалғанда
Аямай берген шуағын
Анадан асқан жан бар ма?
«Асыл ана» әнін алдарыңызда орындайтын Түгелбаев Қанат! (Орындаушы Сәкен Майғазиев сияқты киініп шығып, «Асыл ана» әнін өз дауысымен орындайды)
2-жүргізуші: Олай болса, ырғағы жанды билеген әсем әуеннен кейін біз бұл әннің қалай орындалғанын аяулы жандардан сұрайық! Оны соғылған қол шапалақтан білетін боламыз. Әр орындаудан кейін біз сіздерден орындаудың қалай шыққанын сұраймыз. Ең ұзақ шапалаққа ие болған сері жігітіміз өзі қалаған аруды кештің соңында вальске шақырып, оған біз ұйымдастырып қойған сыйлықты халықтың көзінше беріп, оған құрмет көрсететін болады!
1-жүргізуші: Иә, бізге, жігіттер қауымына бұл кешті ұйымдастыру оңай болған жоқ, өйткені, нәзік жандыларсыз жалғыз өзіміз кез келген істі тындыра алмайтынымызды мойындағымыз келеді. Аналар мен арулардың жанымыздан әрдайым табылғанын қалаймыз! Сондықтан сіздерге бар болғандарыңыз үшін мың алғыс!
Сіздерсіз әлем бос қуыс,
Сіздерсіз әлем сиықсыз.
Әлемнің барлық асылын
Жүрегіңізге жиыпсыз!
2-жүргізуші: Ендігі кезекте мектебіміздің жігіттері аналарға деген ізгі тілектерін арнауға асығып тұр екен! Серілердің сезімдеріне кезек берейік!
1-оқушы:
Қадыр Мырза Әли
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді.
2-оқушы:
Мағжан Жұмабаев
Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошынып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай...
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады.
3-оқушы:
Мұқағали Мақатаев
Ана
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.
(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана!
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдан иілген бесігімді...
1-жүргізуші: Жүректі шымырлатқан поэзияны оқыған үш жігітке қандай баға бересіздер, аяулылар!
2-жүргізуші: Тамаша, біздің аналарымызға бұл өлең ұнаған сияқты. Оны ду қол шапалақтан байқап тұрмыз. Ендігі кезек биде! Осы көңіл-күймен биге кезек берейік!
Бір топ жігіт би билейді. (Бидің көңілді, жеңіл музыкадан тұрғаны дұрыс). Би соңында бәрі сахнадан секіріп түсіп, алдын ала дайындалған бір тал гүлден отырған көрермен аналарға, аруларға үлестіріп шығады.
1-жүргізуші: Әп, бәрекелді! Жарадыңдар, жігіттер! Солай емес пе?
2-жүргізуші: Ендеше осы көңіл-күймен ойын ұйымдастыралық. «Ананың көңілі - балада» атты бұл ойынға 10 ана қатысады. Оны біз қазір көрермендер арасынан таңдаймыз!
Екі жүргізуші көрермен арасынан мектеп оқушыларының аналарын сахнаға алып шығады. Аналарды отырған қатар бойынша таңдайды. Бірінші қатардан біреуін, екінші қатардан екіншісін, т.с.с. таңдауы керек. Таңдалған аналардың балалары да осында отырғаны ескерілуі керек.
1-жүргізуші: Біз қазір сіздерге 5 сұрақ қоямыз. Біріңізден соң біріңіз тоқтамай, осы сұраққа жауап берулеріңіз керек.
Ойынды екі жүргізуші қатар жүргізеді. Біреуі сұрақ қойып тұрса, екіншісі әр сұрақ қойған сайын тұрған аналардың кезектерін ауыстырып отырады. Басты мақсат – көп ойлануға жол бермеу.
1) Балаңыздың қай жерінде меңі бар? (жауаптар мынандай болуы мүмкін: оң жақ жауырынында, сол көзінің астында, тізесінде, т.б.)
2) Балаңыздың ең сүйікті түсі? Ол түс екенін неден байқадыңыз? (жауаптар мынандай болуы мүмкін: баламның ең сүйікті түсі – қызыл, өйткені, ол қызыл түсті киімдерді көп киеді, баламның ең сүйікті түсі – сары, өзі айтты, т.б.)
3) Балаңыздың сізге берген ең керемет сыйлығы қандай? Оны қашан берді? (жауаптар мынандай болуы мүмкін: қолдан жасалған ашықхат, 8 наурызда берген, бір шоқ гүл, туған күнімде берген, т.б.)
4) Балаңыз сабақ оқудан басқа немен жиі айналысады? (жауаптар мынандай болуы мүмкін: футбол ойнайды, компьютерде отырады, кітап оқиды, т.б.)
5) Балаңыздың ең алғашқы баға алған сабағы қандай еді? (ойын шарты бойынша жауап бере алмағандар ойынан шығарылады).
2-жүргізуші: Мінеки, көңілді ойынымыз да мәресіне жетті. Бұл ойында жеңімпаз жоқ, бәріңіз бірдей жеңімпазсыздар! Біз осы бір керемет аналардың балаларын да сахнаға шақырамыз! Сіздерді құрмет, қошеметпен орындарыңызға жайғастырамыз. Әркім өз анасын орнына жайғастырмас бұрын, жігіттерімізге де бір сұрақ қояйық.
1-жүргізуші: Иә, бәріңіз сахнаға келіп болсаңыздар, сіздерге бір сұрақ: «8 наурызға анаңа не сыйлайын деп жатырсың?».
Сұраққа жауап алынған соң, әр бала өз анасын сахнадан түсіреді.
1-жүргізуші: Ендеше бұл ойынымыз сіздерге ұнады ма? Қандай баға бересіздер?
2-жүргізуші: Иә, уақыт та әп дегенде мәресіне жетіп қалды. Олай болса, сіздерге қай өнеріміз ұнады? Қанеки тағы бір мәрте тексерейік! Сәкен Майғазиев болып ән шырқаған Түгелбаев Қанаттың өнеріне баға беріңіздер!
Ортаға Түгелбаев Қанат шығады.
1-жүргізуші: Бәрекелді! Анаға арнап өлең оқыған үш жігіттің өнеріне қандай баға бересіздер? Келіскеніміздей ду қол шапалақпен анықтайық!
Ортаға үш жігіт шығады.
2-жүргізуші: Бір топ жігіттің биіне не айтасыздар?
Ортаға би билеген жігіттер шығады.
1-жүргізуші: Ұйымдастырылған ойынға қандай баға бересіздер?!
2-жүргізуші: Тамаша! Бұл кеште бәрі бірінен бірі озып, өнер көрсетті. Уәде еткеніміздей, жеңімпазды анықтауымыз керек. «Ең ұзақ шапалаққа ие болған сері жігітіміз өзі қалаған аруды кештің соңында вальске шақырып, оған біз ұйымдастырып қойған сыйлықты халықтың көзінше беріп, оған құрмет көрсететін болады!» деп шарт қойған едік.
1-жүргізуші: Бұл кеште жеңімпаз біреу. Ол – достық! 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған кеште достық жеңді! Ендеше, аналарымызды, аруларымызды бәріміз биге шақырып, кешімізді тәмамдаймыз! «Ана, ана, ана, мәңгілік сен ғана» әніне бәрі вальс билейді.
Екі жүргізуші қосылып: Баршаңызға рақмет! 8 наурыз құтты болсын!
Сурет: loveopium.ru
Оқи отырыңыз:
8 наурыз мерекесіне арналған сценарий
8 наурыз мерекесіне арналған сценарий – 2
8 наурыз мерекесіне арналған сценарий – 3
8 наурыз. Жастар кешіне арналған сценарий
Р. Роза