Қазақ қоғамында өмірін өлеңге арнаған ақын әйелдер аз емес. Мәселен, соғыстан бұрын - Мария Хәкімжанова, соғыс жылдары - Зияш Қалауова, 60-жылдарда Тұрсынхан Әбдірахманова, поэзия шолпаны Фариза Оңғарсынова, поэзия аққуы Марфуға Айтқожина, Аққұштап Бақтыгереева және де Қанипа Бұғыбаева, 70-жылдары – поэзия ханшайымы аталған Күлаш Ахметова мен Ханбибі Есенқараева, 80-жылдары - Шәмшия Жұбатова, Гүлнар Салықбаева, Баян Бекетова, 90 - жылдары- Роза Қараева мен Жанат Әскербекқызы, Жанна Елеусіз сынды танымал есімдерді атасақ болады. XXI ғасырда да көптеген ақын қыздар әдебиет әлеміне лек-легімен келіп жатыр. Бұл туралы кейінірек. Бүгін біз қазақ әдебиетінде өзіндік орнын тапқан, елге танымал бес ақын туралы сөз қозғамақпыз.
"Поэзия патшайымы"
Фариза Оңғарсынова 1939 жылы Атырау өңіріндегі Манаш ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген.
Алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958 жыл жариялана бастаған. 1966 жылы «Сандуғаш» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары, «Үйім менің – Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамаларының авторы.
Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Чили ақыны Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, орыс ақыны А.А.Блоктың «Нәпсі», «Куликов даласы», «Он екі жыл өткен соң», «Кармен», «Қарлы перде» өлең топтамаларын, сондай-ақ, Р.Ф.Казакованың, Е.А.Евтушенконың, араб ақыны Әбдірахман әл-Хамисидің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған.
1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.
Фариза Оңғарсынова әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазаған. Ол сезім күйлерін шертуге, Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына дастандар арнады. Фаризаның шабыттанып, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік. Ақын туған жер, отан-ана тақырыптарында нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен өрнектейді. Фариза Оңғарсынованың өлеңдері сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді.
Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, қоғам қайраткері, ақын Фариза Оңғарсынова 2014 жылдың 23 қаңтар күні Астана қаласында ұзақ сырқаттан дүниеден өтті.
"Поэзия аққуы"
Марфуға Айтхожина 1936 жылы 25 тамызда Құлжа қаласында (ҚХР) дүниеге келген. Ақынның балалық шағы қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған, халқымыздың салт-санасын қаз-қалпында сақтаған ортада өтеді. 1956 жылы Құлжадағы қыздар гимназиясын бітіреді. 1958 жылы атамекенге оралған. 1965 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1971 жылы Мәскеудегі жоғары әдеби курсты бітірген.
Алғашқы өлеңдер жинағы "Балқұрақ" деген атпен 1962 жылы жарияланған. Кейіннен әр жылдары "Шыңдағы жазу", "Жастық шақ", "Аққуым менің", "Қаракөз айым", "Баянжүрек", "Көзімнің қарасы", "Ақ бесігім", "Жарқыра, менің жұлдызым", "Қыран жеткен", "Таңдамалы", "Сағыныш сазы", "Жапырақ сілкінген кеш", "Аңсау", "Аққу жүрек", орыс тілінде "Утверждение", "Голубые голуби", "Струна степей", "Горсть земли", "Украшение коня", "Летние росы" өлеңдер жинақтары жарық көрді. Бірқатар шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, парсы т.б. тілдерге аударылған. Марфуға Айтхожина "Аңсау", "Ақку жүрек", Алатаудың Ақ батасы" туындыларында Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін эпикалық кең тыныспен жырлайды.
Ақынның поэзиясында ерекше бөлек әуен еседі. Көңіл-күй лирикасында адам жанын тебірентетін, ойын толқытатын ерекше бір күш бар. Әсіресе туған жер тақырыбына келгенде сөзден ғажайып суреттер бояуын төгеді.
"Жыр аққуы" атанған, қазақтың белгілі ақыны Марфуға Айтхожина келесі жылы сексеннің сеңгірен аяқ басады.
"Жайықтың ақ шағаласы"
Ақұштап Бақтыгереева 1944 жылы, 23 тамызда Ақжайық ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген.
1967 жылы тұңғыш кітабы «Өрімтал» деген атпен жарық көрген. Кейіннен «Наз» (1969), «Қуанышым, іңкәрім» (1971), « Сені ойлаймын» (1973), «Аққанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (таңдамалысы 1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) атты кітаптары шыққан.
Оның азаматтық үні «Трибун-ақын», «Ақ Жайықтың көз жасы», «Елдің елдігі – бірлігі», «Оралдағы ойран» сияқты өлеңдерінде айқын көрінді. Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры, т.б. мәселелер ақын поэзиясының арқауы. Бақтыгерееваның шығармалары поэтикалық қуатымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келді. Оның өлеңдеріне Ө. Бәйділдаев, Ш.Қалдаяқов, Т. Бақтыгереев, т.б. ән жазған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева өткен жылы жетпіс жылдық мерейтойын атап өтті. Ақын бүгінде Орал қаласында тұрып жатыр.
"Қазақтың Қанипасы"
Қанипа Бұғыбаева 19 наурызда Алматы облысы, Жансүгіров ауданы, «Ақсу» өзенінің бойындағы «Ақын Сара» (бұрынғы Көкжайдақ) ауылында өмірге келген. Алғашқы өлеңдері 1959 жылдан «Жетісу», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Қазақстан әйелдері» журналында жариялана бастады. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген.
Қанипа Бұғыбаеваның «Тұңғыш кітап» өлеңдері 1963 жылы шығып, поэзияға нәзік леп әкелгені жайлы үзеңгілес ақындардың өзі мойындаған. Онан кейінгі «Екінші дәптер»(1965), «Ақ сүт» (1968), «Қара торғай» (1970), «Аруана» (1973), «Ана жыры» (1974), «Жыр және жүрек» (1977), «Жасыл бел», «Қоңыр жел» (1988), «Шұғылалы шақ»(1990), «Гүлдер көзін ашқанда» (1985), «Қоштасқым келмейді» (1995) тағы басқа жыр кітаптары қалың оқырманның көңілінен шыққан дүниелер.
1993 жылғы Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған және Түркі поэзиясының ІІ мүшәйраларының жеңімпазы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған (1962). Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Ақын шығармашылығының даралығын танытатын басты белгісі-оның жырларында Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік күйдің тұнық қасиетпен мөлдіреп тұрғандығында. Қанипа өлеңдері табиғаттың өзінен туған тіршілік иесіндей жан- сезіміңді бірден үйіріп әкетеді.
Қанипа Бұғыбаеваның бір топ өлеңдері қазақ ақын қыз- келіншектерінің орыс тілінде шыққан «Чудесный сад» жыр жинағына енді. 2000 жылы «Шартарап» баспасынан ақынның «Құс жолы» жыр кітабы жарық көрді.
"Поэзия ханшайымы"
Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда туған. Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы ҚазМҰУді тамамдаған.
Алғашқы өлеңдері училищеде оқып жүрген кезінде жариялана бастады. "Ақ гүлім менің" (1975), "Сен менің бақытымсың" (1977), "Жапырақ жаздың жүрегі" (1979), "Мейірім" (1981), "Бұлақтағы жұлдыздар" (1982), "Жасыл жағалау" (1984), "Ләйлектер қайтып келгенде" (1985), "Арғымақтар даласы" (1987), "Сен жанымда жүрсең" (1987), "Наурыз нұры" (1991), "Күн шыққанда күліп оян" (1996) т.б. жыр-жинақтары жарық көрген. Ахметова өлеңдері орыс, украин, белорус, өзбек, башқұрт, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. А.Ахматова, А.Межиров, Н.Ислам, Э.Межелайтис өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалады. Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Ахметова шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Замандастың көңіл-күйі, жан әлеміндегі құбылыстар, әйел тағдыры — ақынның лирикалық толғаныстарының арқауын құрайды.
"Сен менің бақытымсың" атты кітабы үшін ақын Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты болды. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері. Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Өлеңдері орыс, украин және түркі халықтарының тілдеріне аударылған, мектеп оқулықтарына енген. Тәуелсіздіктің он жылдығына, Астананың он жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегері. Бірнеше медальдармен марапатталған.
Материал дайындау барасында kk.wikipedia.org сайтының мәліметтері пайдаланылды.
Сурет: altaynews.kz, massaget.kz, qaznews.kz