Сыйлық алу жақсы, ал сыйлау тіпті қызық. Мынандай жағдайды елестетіп көріңізші: жақыныңыз сіз сыйлаған сыйлықтың қорабын ашып тұрғанда көзінен ерекше ықылас оты ұшқындап, алғыс білдіреді. Ал сіздің жүрегіңізде жылы сезім пайда болады. Осы сәтте әлемдегі барлық адамға сыйлық жасағыңыз келеді. Мұндай әсерлі сезімдерді тудыратын сыйлық қандай болу керек? Осыған орай жұлдыздардан сүйіктілеріне немесе анасына қандай тосын сый дайындап жатқанын сұрастырдық.
Қыдырәлі Болманов:
Біз дәстүрлі түрде балаларымызбен бірге 8 наурызда, таңғы 6-да тұрып Қарақатқа сыйлық таңдауға барамыз. Қандай мейрам болса да, 101 раушан гүл сыйлаймыз. Санының дәл осындай болуын міндетті түрде қадағалаймыз. Таңертең барып сатып алған гүлімізді жеңгелеріңіздің төсегінің айналасына шашып қоямыз. Ал қандай тосын сый ұсынатынымды әзірге ешкімге жария еткім келмейді. Оның үстіне нәзік жандылар мерекесі де жақындап қалды. Ең бастысы, адамның шынайы ниеті деп білемін. Осы уақытқа дейін сүйіктіме тарту етпеген сыйлығым жоқ. Ол сыйлықты таңдауға балаларым көмектескенін білген кезде екі есе қуанады. Осылайша балаларым болашақта әйелдерін жақсы көріп, оларға да тосын сый ұйымдастыратын болады. 8 наурыз күні Қарақатқа арнап арнайы ас әзірлеймін. Ол – түрлі көкөніспен бірге қуырылған жұмыртқа. Бұдан өзге ұлдарыммен бірігіп, мәдени бағдарлама ұйымдастырамыз. Ал Қарақат біздің көрерменіміз болады. Осы үрдістің арқасында балаларымыз тәлім-тәрбие алса екен дейміз.
Ескендір Хасанғалиев:
Дарико жеңгелеріңмен отасқанымызға 40 жылдан асты. Осы уақыт ішінде арамыздағы сыйластық пен махаббаттың оты сөнбей, әлі де немерелеріміз бен шөберелеріміздің қызығын бірге көруге жазсын. Зор денсаулық тілей отырып гүл сыйлаймын. Жақын күндердің бірінде үнемі жылы жүрсін деген ниетпен тон сыйладым. Дарико жеңгелеріңіз балаша қуанып қалды.
Нұрлан Абдуллин:
Ол кісіге арнап 27 наурызда өзімнің жеке шығармашылық кешімді дайындап жатырмын. Әйел адамға тек 8 наурызда немесе туған күнде емес, әркез сыйлық жасап тұру керек. Және заттай емес, көңіл күйді көтеретін мұрынды сүю, құшақтау, музыка қосып би билеу сынды қылықтармен қуанту керек. Балаларыммен бірге жарымды күнде еркелетіп, әр күнін мерекеге айналдырамыз. Жақсылықтың бәрі ана жүрегін қуантады. Сол себепті, заттай сыйлық беруден бұрын, ол кісілерді сөзбен жылыта білуіміз керек.
Әли Оқапов:
Анамызға қандай сыйлық сыйласақ та, ол кісілердің ақ сүтін еш уақытта өтей алмаймыз. Әрбір тарту еткен сыйлығым жүзіне күлкі үйіріп, ерекше есінде қалғанын қалаймын. Өзі жақсы көретін қазақы нақыштағы ою-өрнегі бар әшекейлер мен көп гүл сыйлаймын.
Ердос Қанаев:
Әйел адамның болмысы әрдайым нәзік келеді. Оларға жылы сөз айтсақ, балаша күлімсірейді. Гүлдің хош иісін сезген кезде масатыдай құлпыра түседі. Көктем болғандықтан, қырдан жаңа терілген қызғалдақ гүлін сыйлаймын. Өзі осы гүлді қатты жақсы көреді.
Талғат Жорабаев:
Бұл мерекені әрбір қыз баласы мәңгілік есінде қалатындай етіп өткізуі керек. Биыл ұялы телефон мен гүл сыйлап қуантуды жөн көріп отырмын. Бұдан өзге де сыйлықтар сыйлаймын. Не сыйлайтыным құпия болып қала берсін.
Ерлан Алимов:
Шынымды айтсам, әлі дайындап үлгермедім. Нәзік жандыларды тек мейрамда ғана емес, күнделікті қуантып тұрған жөн. Өйткені, олар – өміріміздің ажары, күндей шуағы. Әдетте әртүрлі сақина, әшекей бұйым, киім сыйлаймын.
Айдар Байжанов:
Жарыма мейрам болмаса да, үнемі сыйлық жасап тұрамын. Бәрінен бұрын жүрегін гүл арқылы жаулауға болатындығын білгендіктен, оның ең әдемісін ұсынамын.
Нұрлан Албан:
Дәл қазір екі ұлыммен бірге жарыма сыйлық таңдауға бара жатырмыз. Қандай тосын сый жасайтынымды білмеймін, бірақ гауһар тасты жүзік сыйлайтыным анық.
Бағлан Әбдірайымов:
Әзірге тосын сый ойластырып үлгермедім. Бірақ оны міндетті түрде жасаймын. Алматыдай алып қалада туысқандармен бас қосуымыз қиындап кетеді. Көрші тұрсақ та, жөн сұрасуға уақыт таппай жатамыз. Әдетте жыл сайын жеңгелеріңізбен, қарындастарымды және әпкелерімді мейрамханаға шақырамын. Дастарханды ашып берген соң ол кісілерді оңашада қалдырамын. Үнемі қалағандарына құлақ асып, ұнатқандарын алып беретіндіктен, басқаша қуанту мүмкін емес шығар.
Сурет: astana.avizinfo.kz, season.kz, news.invest.kz, comode.kz, alashainasy.kz, qamshy.kz