8 наурыз. Жас ақындардың аруларға арнаған өлеңдері

Аяулы аналарымыз бен аруларымыздың мейрамы қарсаңында бүгінгі жас ақындардың махаббат тақырыбында жазған үздік өлеңдерін топтастыруды жөн көрдік. Ендеше, жас ақындардың аруларға арнаған өлеңдерін қабыл алыңыздар!

Көк қызы 

Жырдың жүгін арқалап, қыздың мұңын,
Күнәсі көп ғаламның үздім гүлін.
Өшіре алса қайтеді естен бәрін,
Кешіре алса қайтеді күз Мұңлығын.

Жарылқамас жанымды түндер – керең,
Өн таныттым өкпелі кімдерге мен?!
Өткенге емес, өзіме тақтым кінә,
Көктемге емес, оқыдым гүлдерге өлең.

Гүлдерге өлең оқыдым өрт боп тұрып,
Үлгермеген қайғым да дерт боп тұнып...
Үзді бәрін үмітім үркіп қашқан.
...Қыз жылады жүрегі кекке ұмтылып...

Ей, Көк қызы, сенер ма ем ғұрыпқа мен?!
Пәтуасыз жүріске құныққан ем.
Сенің мінсіз жүзіңде ай қымсынып,
Періштелер тасада тұрыпты әрең...

Қара түн де жабырқау, жылап тынды,
Қайғысынан құстардың құлақ тұнды.
Аспа-а-а-н жақтан бір әуен естіледі...
Шақырады...
Шақырды бірақ кімді?!

Айбол Исламғалиев

Күз. Қыз тағдыры

«Жазған хаттар өртенді, өшті бәрі,
Өткен күннің аяулы хош, құмары!»
...Кеудедегі алапат өрттей болып,
Көкжиекке қып-қызыл кеш құлады.

−Ештеңе де қызықсыз енді маған,
Түнгі бақтар,
көшелер...қалғымаған...
Біз қауышқан сол кафе, сол саябақ,
Біз білетін бар таныс, барлық адам...

Сезім деген – дерт екен бір білгенім,
Төзім деген – серт екен шын білгенім.
Шын махаббат қоштасу...иә, қоштасу –
Тек Мұң ғана аяулы құрбым менің.

Расында «Жалған – Өмір, Өмір – Жалған!»
Ал, Бақыт – бұлдыраған сағым алдан, −
...Сұлу қыз бар үмітін үзді осылай,
Кеудесінде ауыр мұң табы қалған.

Осылай жылап тұрды қыз жүрегі,
Үзілген бір жігіттен жүз күдері.
Біресе өмірді ойлап, өлімді ойлап,
Ең ақырғы үмітін үзді қолы...

... «Сүймеймін! Сүймеймін!!!» − қыз деді-дағы,
Жанарында жарқ етіп сенім, ары.
Сүйгеніне хат жазды ақырғы рет –
«Ақымаққа ақымақ жолығады...»

Осылай соңғы үмітін үзді қолы,
Жүзін өпті салқын жел күзгі долы.
Сол бейбақтың баянсыз хикаясын,
Бір білсе бүгін жалғыз Күз біледі.

Саян Есжан

***

Сен түсім түгіл өңімді ұрладың.
Мен іздеп жүрдім сорымның бағын,
Өзімнің мақсат мүддемді ұмытып,
Сезімнің қайтем соңын жырладым. 

Шашылса бұлт аспанда мидай,
Жырымды тұрам жас жанға жинай.
Мың күндік ойдың шылымын шегіп,
Қалдығын тұрам тастауға қимай.
 
Сүліктей мейлі сора ғой қайғы,
Онсыз да адам шолақ ойлайды.
Шашылып жатқан талқан мұңдарым,
Тауыққа тары бола қоймайды.
 
Солай ғой жаным хәліме қара,
Жүрегім жыртық,әлі де жаңа.
Сенделіп кетсем сезімге бола,
Жаяу Мұсаның әніне бала.
 
Бес күндік жалған жатағындағы,
Көңіліңнің сенің қапа қылмады.
Сен соңғы тамшы сезім боларсың,
Өмірдің құйған бокалындағы.

Нұртас Тұрғанбек

Қоштасу

Тағдыр енді біздерді қоспасы анық,
Қайтеміз жанға қаяу босқа салып.
Үтірлі үміттерге нүкте қойып,
Енді біз де, қалқам-ау, қоштасалық.

Көктем соңы ұласты қара күзге,
Сенде менен жырақ бол хабар үз де.
Жазылмас жара салған жанымызға,
Жазмыштың жазуына шарамыз не?!

Келіп еді сертіңе айналғым-ақ,
Құрбан болды арманым айдан құлап.
Сен бақытты боларсың өзгеменен,
Мен бақытты болам ба?
…Қайдам, бірақ…

Бақытыңа, бағыңа тілекшің-ем,
Тілекшің боп дәл мендей кім өксіген.
Неліктен сенің сәби жүрегіңді,
Жүрегімнен жұлуға жүрексінем?!

Жапырақтай жүректі желдей жұлып,
Кетіп-ең, паң басымды жерге идіріп,
Сеңгір-сеңгір сезімі сеңдей жібіп,
Сені де сүйер ме екен мендей жігіт?!

Қош айтып сені сүйген сол жігітке,
Соңғы нүкте қоярсың сорлы үмітке.
Қош, ендеше, жазылған өзің жайлы
Жырыма да қойылды соңғы нүкте.
Қош!!!

Наурызбек Сарша

Сен келгенде

Бұрымыңда мақпал, мамық түн ұйып,
Жанарыңда өмір күліп, жымиып,
Пейіш нұры кірпігіңе асылып,
Періштенің алапасын қашырып,
Сен келесің!
Сен келесің тық-тық басып, тық басып,
Саған күнә өмір сүру пендеменен жұптасып.

Арналса деп саған айтар бір әнім,
Ту сыртыңнан көзім қадап тұрамын
Мөлдір жаның - орны екен жұмақтың,
Балғын тәнің - орны екен күнәнің!

Жанай өтсем жаныңнан жұпарыңды жұтамын,
Мың-мың бүрлеп кетеді жүректегі бұта-мұң
Түннің түріп түндігін!
Айға отырғызып өзіңді,
Келбетіңе тамсанып, сосын қарап жатамын.

Қырда өскен бұлғақтап, ерекше бір гүл едің,
Жұпарыңмен жанымды тыныштыққа бөледің.
Сабағынан сындырып сұлулықты пенделер,
О, қасірет соңынан бүлдіреді білемін.

Р.S. Тұнығыңды лайлайды пенде біткен құнығып,
Соны ойлап отырам гүлге қарап қамығып.
...Сен келгенде бұрылып аққуларда қарайтын,
Сұлулыққа сұқтанып, сұлулыққа сұғынып!

Тұрсынбек Башар

"Хауаны көргендейін алғаш Адам,
Ғашықпын,ғашықпын мен Лаура саған"
Алмас Темірбай

Лаура

Мен бір Лаура тауып алдым,
Тұмар етіп мойныма тағып алдым.
Жан екенмін кəдімгі жүрегі бар,
Бірі екенмін əлі де бағы бардың.

Лаура дедім қағазым,қаламымды,
Лаура дедім басталған жаңа күнді.
Соны көрем мен қайда қарасам да,
Соны көрем жұмсам да жанарымды.

Исі шығып тұрады жерден оның.
Оған бірден бақытқа жол беремін.
Атын айтсам мен оның жаурамаймын,
Атын айтсам басылар шөлдегенім.

Арбаса да алудауға жандар епті,
Мүлде бөлек көңілім арман етті.
Жүрмін қазір Лаураның маусымында,
Ал,сағатым Лаурадан Лаура кетті.

Тең қоямын Күн менен Ай үшеуін,
Алаңдатар мені ылғи жайы соның.
Білем оның балдан да тәтті екенін,
Сосын Лаура қосылған шай ішемін.

Алақандай бағымды қолға берсін,
Көңіліме басқаша арман енсін.
Мен ғашықпын!
Əлемде бұдан былай,
Махаббаттың есімі Лаура болсын!

Әлішер Әлімжан

Сурет: ©Досжан Балабекұлы, ©Фархат Токтаров, ©Нурлан Копобаев, Talgat Baycooloff, ©Наталья Бугрова