- Негізгі бет
- 8 наурыз 2015
- 8 наурыз. "Ару"...
8 наурыз. "Ару" сөзінің этимологиясын білесіз бе?
«Ару» сөзін әйелдер қауымына арнап көп айтамыз. Десек те, осы сөздің түп мағынасын, шығу тегін көпшілігіміз біле бермейміз. «Ару» сөзін ертедегі қазақ әдебиетінен жиі кездестіреміз. Біраз зерттеу жұмысын жүргізе келе, бұл сөздің екі ұғымда жұмсалатынын білдік. Ол туралы Р. Сыздықова өз еңбегінде былай дейді. «...бірі – әйел, қыз деген сөздерден бұрын тұрып, «сұлу, сүйкімді», «абзал, ардақты» дегенді білдіреді немесе жеке тұрып «сұлу қыз, сүйікті әйел» деген мәнде жұмсалады».
Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Қас арудың өзі еді.
Маңдайы күнге тимеген,
Желге шашы үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген, - дейді Доспамбет жырау. Оған қоса, XV-XVII ғасыр әдебиетінде ару ат, ару ұл, ару батыр деген тіркестерді кездестіреміз.
«Ақтабан ару торы ат жайлаған» деп Шобан жырласа, Шалкиіз:
Айсұлудың ару Әметі тұрғанда,
Айсаның ару ұлы Қолай бар, - дейді. Бұл үзінділерде қандай мән бар? «Ару торы ат», «ару Әмет» деген бұл тіркестерде ат пен адамның сынын білдіріп тұр. Өз дәуірінде тіркескен сөздің семантикасына байланысты «ару» сөзінің де мағынасы сәйкесінше өң алып отырған. Ару жігіт дегеніміз сұлулығына емес, батырлығына байланыстырып айтқан. Ару ат деп жүйріктігін бағалап қойған сыны. Бүгінгі таңда ару ат, ару жігіт деген тіркестер біз үшін жаттау болуы мүмкін.
Ару сөзі әйелдерге қатысты сөз болғанымен, ертеректе «пәк, таза, кіршіксіз» деген және діни ұғымдағы «әулие, ие», осылардан барып, «игі, мінсіз, игілікті, асыл» деген ауыспалы мағыналары пайда болған. Сондықтан көне түркі ескерткішткерінде арығ тон (таза киім), аруғ азуқ (адал тамақ), қылқы аруғ (мінез-құлқы игі), ару күмүш (таза, қоспасыз күміс) деген тіркестерді көруге болады. Бұл сөз тегі тек түркі емес, түркі-монғол тілдеріне ортақ ежелгі сөз болуы керек. Өйткені, монғол тілінде де ариг сөзі «таза» мәнін береді. Монғолша ариг ус – ауыз су (таза, ішуге келетін су), ариун 1) киелі, әулие, таза, адал; 2) үсті-басы таза жүретін деген мағыналарды білдіреді екен.
Ару (ары) сөзінің «таза» мағынасы қазақ тіліндегі арылу етістігінде де сақталған. Арылмақ сөзі қазіргі түркі тілінде екі түрлі ұқсас мәнде жұмсалады екен: бірі «тазару, таза болу» деген және «аурудан сауығу, жазылу» деген мағыналарда. Татар тілінде де ару – «таза», арулық – «тазалық», аруламақ – «тазарту» деген мағына берген.
Демек, түбі бір түркі тілдеріне ортақ осы бір ару сөзінің мағыналары бір-біріне аса жақын екен.
Сурет: lada.kz
Е. Жұмабайұлы