Көктемнің алғашқы айы наурызда табиғат пен адам болмысында біз білмейтін көптеген өзгерістер орын алады. Астрологтар бұл айдың қай күні жайлы, қай күні қолайыз екенін есептеп көріп, айдың туу мен толу аралығын төрт кезеңге бөледі. Олар: кішірею, жаңа ай, толу, толған ай кезеңдері. Осының әрқайсысының ағзаға өзіндік әсері бар. Ендеше танысып, біле отырыңыздар.
Ағзаны тазартуға таптырмас уақыт
Наурызда айдың кішірею кезеңі 1 – 5 және 22-31 аралығында өтеді. Мұны теңіздегі судың толып және тартылуына ұқсатуға болады. Яғни осы күндері ағзадағы сұйықтық мөлшері едәуір кемиді. Онымен бірге тәбет қашып, қуат азаяды. Адам қалжырайды. Бірақ мұны тиімді пайдалануға болады екен. Ағзаны қалдықтар мен токсиндерден тап осы күндері тазартса, нәтижесі тиімді болатын көрінеді. Мысалы, іш қатуынан зардап шегетін адамдар ішті жүргізетін тұнба ішсе, оның әсері басқа кездегіден жақсырақ болмақ. Асқазанды шаю, клизма жасау, буға түсу арқылы терлеу, балғын жемістерден жасалған шырын немесе газсыз минералды су ішу токсиндерді қуып, артық майдан арылуға көмектеседі. Астрологтар Ай кішіреюінің соңғы 3 күнінде таңертең, түсте және кешке ішке пресс жасаудың тиімділігіне ерекше тоқталыпты. Әсіресе мықын, қарын тұсына май жиналған адамдар бір ай бойы жаттығу жасағанмен тең нәтижеге қол жеткізеді екен.
Жасушалар жаңара бастайды
Наурыздың 6-на жаңа ай туады. Ағза әлсіз, адам әлжуаз, тез шаршағыш, сіркесі су көтермейтін кез. Барынша ұстамды болыңыз. Табиғи мүмкіндікті пайдаланып, ағзаны тазарту жұмысын жалғастырған дұрыс. Таза, газсыз минералды суды жиірек ішу керек. Қалжырай шаршаудан сақтаныңыз. Майлы асты мейлінше шектеп, суға және буға піскен ас, жарма ботқасын, күніне бір дана болса да алма немесе банан, ірімшік жеу өте пайдалы. Әрине, тәбет қуаты мол, майлы, қуырылған асқа тартатыны сөзсіз. Алайда ұстамды болып, ағзаны, оның әрбір жасушасын дәруменмен толықтырған жөн. Сонда ағза жасушаларының жаңарып, жасару процесіне үлес қосасыз.
Дәрі ішкенде сақ болыңыз
Үшінші кезеңде Ай тола бастайды. Соған сай ағзада сұйықтық көбірек түзіле бастайды, адам қуаты артады. Осы кезеңде дәрумендер қабылдаса, тиімділігі зор. Сонымен қатра ссы кезде алған білім де санаға тез сіңеді. Яғни ағза толысу, даму үстінде болады, барлық нәрсені өзіне сіңіріп алады. Бұл Ай толғанға дейін жүретін процесс. Ол 21-іне дейін жалғасады. 1-2 килограмм салмақ жинауды, иммунитетті көтеруді көздегендер осы күндерді кәдеге асырғаны жөн. Ал толысуға бейім адамдар тәбетті тежеп, килокалорий мөлшерін қадағалауы тиіс. Сонымен қатар, астрологтар Айдың толысу процесі кезінде дәрі-дәрмек қабылдауда сақ болу керек дейді. Себебі оның жанама әсері бес есеге дейін артатын көрінеді. Ота жасатуды да қауіпті санайды. Өйткені ағзада қан мөлшері де артады, онда сұйықтық көп болуына байланысты оның ұю қасиеті төмендейді екен. Дегенмен шұғыл отадан бас тартуға болмайды. Ал жоспарлы отаны сәл шегере тұруға кеңес береді.
Жүйкенің ширығуы байқалады
Наурыздың 21-не Ай толады. Бұл ағзада сұйықтық барынша мол, күш-қуат артып, энергетика тасып, тіпті ширығып тұратын кез. Жүйкесі жұқа адамдардың шырт етпе, тез тұтанғыш болуы осы кезде байқалады. Зерттеулер Ай толған кезде жол апаты басқа кезден көбірек орын алатынын дәлелдеген. Келіспей қалу, ұрсу, ойланбай жасалған қате қадам, қажетсіз затты сатып алу немесе саудада ұрынып қалу да осы кездерде көбірек орын алады екен. Әйел адамдар балаларға, отбасы тірліктеріне көңіл аударуға көп күш-қуат жұмсайтындықтан артық энергтикадан зардап шекпейді. Ал ер адамдарда жүйкенің ширығуы қаттырақ байқалады. Сондықтан бұл кезде қуатты еселейтін етті шектеп, көкөніс, жеміске басымдық бергені дұрыс болмақ.
Ай туған кездегі сияқты, толу-ширығу да тым ұзаққа созылмайды. 22-наурыздан бастап Ай қайтадан кішірею кезеңіне өтеді. Міне, Ай мен ағза арасындағы байланыс наурызда осындай жайлармен білінеді екен. Аса сезімтал адамдар мұны тез байқайды. Ұстамды, сабырлы, жүйкесі мықты адамдарға бұл қатты сезіле бермейді. Дегенмен, қай кезде де сабырлы болуға тырысыңыз.
zamana.kz