- Негізгі бет
- 22 наурыз – 2019
- Көрісуді ресми мереке...
Көрісуді ресми мереке қатарына қосу ұсынылды
Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов көрісу күнін (Амал мейрамы) еліміздегі ресми мерекелер қатарына қосу жайын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Сенатор 14 наурызды Көрісу күні мерекесі етіп белгілеу жайын көтерді.
- Бұл күні адамдар бір-бірімен амандасып жатады, кішкентайлар үлкендерге барып сәлем береді, бір-біріне денсаулық, татулық пен бақыт тілейді. Әр үйде таңның атысымен дастархан жайылып, ақсақалдар бата береді. Қаһарлы қыстан аман шыққан халық болашаққа жоспар құра бастайды, - деді Еңсегенов.
Депутат ертеректе бұл мейрам еліміздің барлық өңірінде атап өтілгенін де айта кетті. Әр түрлі себептерге байланысты 1930 жылдардан бастап ұмытыла бастаған. Мейрамды белгілі бір өңірлерде ғана тойлау сақталып қалған. Сенатор енді бұл мерекені ел болып, еліміздегі түрлі этнос өкілдерімен бірге тойлауды алға тартты.
- Көрісу күні - белгілі бір өлкенің немесе жалғыз қазақтың ғана мерекесі емес. Мейрамның ауқымы үлкейіп келеді. Өзге елдегі отандастарымыз да бұл мейрамды тойлайды, - деді депутат.
Сенатор "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға сәйкес, елімізде ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелер тойланатынын айта кетті. Заңның төртінші бабына сәйкес, кәсіби және өзге де мерекелік күндер тізбесін Қазақстан үкіметі белгілейді.
- Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, халқымыздың салт-дәстүрін қолдау және оны дәріптеу мақсатында 14 наурызды көрісу күні мерекесі деп белгілеу жөнінде ұсыныс айтамын және тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді өтінемін", - деді Сәрсенбай Еңсегенов.
Айта кетейік, 14 наурыз күні еліміздің батыс өңірлерінде Амал мейрамы атап өтіледі. Ал өзге өңір жұртшылығы үшін бұл мейрам таңсықтау. Десе де бұл мейрамның қазақ тарихында ертеден бар екені мәлім.