Күн ұзарып, ұзын қысқарып, жан-жануар түлеп, қасиетті қара жер жасыл кілемін төсегелі қыздай құлпырған гүлдер де көктемнің келгенінен хабардар етіп, жер әлемді әсемдікпен көмкеріп тұр. Ұлы далада ұлыстың ұлы күні тойланатын көктемнің алғашқы айында гүл атаулы көп аталып, көп сыйланады. Әдеміліктің символына айналған осы өсімдіктің раушаны мен рауғашын, қызғалдағы мен сарғалдақ сияқты бірді-екілі танымал түрлерін жатқа білерсіз. Бірақ, қазақ топырағында саны азайып, Қызыл кітапқа тіркелсе де адамзаттың қас дұшпанындай күй кешіп, қорғалудан қалған Шұғынық гүлі жайлы білеріңіз кем. Тамырға балта шабу. Бұл тіркесті сөз арасында ауыспалы мағынада көп қолданамыз. Шұғынық жайлы жазбада тікелей мағынада қолданған дұрыс екен. Себебі, Марқакөлдегі ағайын Шұғынықтың тамырын кесіп, осы тамырды азық қылуға келген құртты қазып алып, Қытай асырады екен. Бағасы да арзан емес. Быжынаған жәндікті көрсе тәбеті ашылатын қытайлар бұл құрттың келісіне 8 мың доллар ұстатады. Бірақ, мақсаттары азық қылу емес. Шұғынық сирек кездесетін дәрілік өсімдік. Оның тамырын рак, сүйек ауруларын емдеуге қолданады. Ал, сабағынан табиғи әк алуға болады. Қытайдың халқы бұл гүлге ерекше құрметпен қарайтын көрінеді. Хынан өлкесінің Лояң қаласында 1984 жылдан бастап осы гұлдің құрметіне ерекше мереке ұйымдастырылып келеді. Тау шымылдық деп те аталатын бұл өсімдік пионның мәдени түрі. Ал, оның пион деп аталуына байланысты орыс ғалымдары аңызға ұқсас мынадай қызықты деректі ұсыныпты. Бұл гүлдің атауы грек емшісі Пеонның есімімен тікелей байланысты. Троян соғысы кезінде грек емшісі жауынгерлерді осы гүлдің арқасында емдеп, аман алып қалған. Пеонның абыройы артқан шақта оның ұстазы Эскулап шәкіртінің жетістігін қызғанып, сол гүлмен Пеонды уламақшы болады. Қаншама жауынгерді аман алып қалған шәкіртті Құдайдың өзі қолдап, осыдан бастап адам жанының арашасы болсын деп Пеонды гүлге айналдырып жіберген деседі. 1800 жылдары осы пион Грекияның барлық бау-бақшасында өсірілген. Емшілер барлық дәрі-дәрмекке пионның тамырын міндетті түрде қосқан. Ол адамды тыныштандырып, ұйқысын қалыпқа келтірген. УАқыт өте оның кей түрлерін тіпті, тамаққа дәмдеуіш ретінде де қолданыпты. Жапондықтар болса бұл өсімдікті гүл емес, қытайдың дәрісі ретінде қабылдайды. Ал, қытайлар оны 20 күндік періште гүл деп атайтын көрінеді. Пион 20 күннің ішінде қауыз жарып, көз жауын алардай әдемі кейіпке енеді. ІІ Екатеринаның дәуірі жүрген заманда гүлдердің түсіне байланысты қарапайым ортада түсінік қалыптасты. Қызыл түс махаббатты, көгілдір шын берілу, қара түс қайғы, жасыл үміт, сары түс сатқындықты білдірді. Ер-жігіттер сүйгеніне қызыл түсті гүл сыйлауды осы кезеңде сәнге айналдырды. Сонымен қатар, әр гүлдің шығу тарихы мен атауына байланысытырылған, әр гүлге телінген сөздері де болған. Сол тізімдегі шұғынық гүліне байланыстырылған тіркес Ымды неге түсінбейсің?. Жанама тіркестің өзі бұл гүлдің сондай сезімтал, нәзік, сыр мен құпияға толы екенін дәлелдеп тұрғандай. Шұғынық тұрған жерін дұрыс ұқ,Ақ шұғынық гүлдесе,Малыңды жайма ол жерге.Киесі бар, оны да ұқ. Қазақ шұғынық гүлдеп тұрған аумақты мал тұяғымен таптау табиғатқа деген қатігездік деп білген. Әлемді құтқаратын сұлулық осы гүлдің томпиып, ұзақ уақыт жабық күйде тұратын күлтелерінде деп оны ерекше қастерлеген. Ал, киелі деп сипатталуына қарасақ, бұл гүлдің әлі ашылмаған сыры, бабалар өмір-тіршілігімен астасқан құпиялары бар сияқты. Себебі, қазақ кез келген дүниені киелі деп әспеттей бермеген. Бір жұмбақтың бары анық. Кім біледі, мүмкін, адамдарша тіл қата алмай, Ымды неге түсінбейсің? деп мылқаудың күнін кешіп тұрған шығар. Біздің мақалаларды Телеграмнан оқыңыз. Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқыңыз!