Наурызда ойналатын ұлттық ойындар

Наурызда ойналатын ұлттық ойындар
Фото: yvision.kz
"Қазақ этнографиясы" энциклопедиясында қазақ халқының ұлттық ойындары ойын-сауық, тұрмыс-салт, жануарлар дүниесіне, аңшылыққа байланысты, дене шынықтыру ойындары деп жіктелген. Ұлттық ойындардың негізгілерінің өзі жүзден асып жығылады. Оның барлығы түрлі мейрамдарда, тойларда, ойын-сауықта, жиындарда ойналатын болған. Ал Наурыз мейрамында қазақ халқы алтыбақан, арқан тартыс, тымақ ату, аударыспақ, көкпар, теңге ілу мен қыз қуудан басқа қандай ойындар ойнаған? 
 
Шертпек — айнала отырып ойнайтын ойын. Ойынға екі қабатталып есілген орамал керек. Ойыншыларды отырғызып болғаннан кейін жүргізуші енді орамалды иығына салып алып, ойнаушылардың артында біраз айнала жүреді де кез келген бір ойыншының екі көзін екі қолымен баса қояды. Сол кезде ойын жүргізушінің көрсетуімен білдірмей келіп, жолдастарының бірі маңдайынан, не болмаса, басының бір жерінен шертіп кетеді. Сонан соң ол қайтадан орнына барып немесе басқалармен орын ауыстырып отырады. Жүргізуші қолын қоя беріп «Шертпегімді тап» деп, енді иығындағы орамалды алып, отырған ойыншының арқасынан ұра бастайды. Ал ойыншы таяқты көп жемеу үшін тезірек айтуы керек. Таба алмай қалса, көпшіліктің ұйғаруымен өлең айтып, жыр жырлайды, күй тартады. Егер тауып алса, шерткен адам жаза тартып, жаңағы өнерді сол көрсетеді. Осы тәртіппен ойын жалғаса береді.
 

 
Түйілген шыт — ойынына қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойынға ортасынан бір-екі рет түйілген орамал, болмаса шыт керек. Ойынды ымыртта немесе іңір қараңғысында да ойнауға болады. Қара көлеңкеде көрнекті болуы үшін ойынға-ақ орамал қолданылады. Ойнаушылар өзара келісіп, араларынан біреуін; ойын жүргізуші етіп тағайындайды. Ойын жүргізуші ойнаушыларды маңайына шақырып алады да, өзін қоршап, ынтыға ентелеп түрғандарға қарап бір, екі, үш деп дауыстайды. Осы кезде ойыншылар жан-жаққа тез бытырап кетеді. Ал жүргізушінің өзі қолында түйілген орамалы бар ойыншыны қуалайды, мақсаты: оны ұстап, орамалды алу. Ол қолындағы орамалды оп-оңай алғыза қоймайды. Қуғыншы жете бергенде қолындағы орамалды қатарласа берген басқа ойыншыға лақтырады, орамалды қағып алған ойыншы оны келесі ойыншыға лақтырады. Осылайша жүргізуші қашан орамалды ұстап алғанша ойын жалғаса береді. Ұсталған ойыншы ортаға шығып, көпшіліктің ұйғаруы бойынша өнер көрсетеді. Өнер көрсету аяқталғаннан кейін түйілген орамалды соның өзі қуалайды, яғни ойын жүргізушіні ауыстырады, ойын осылай жалғаса береді.
 

 
Қаһарлы-Бану ойыны Қазақ халық ертегісінің мазмұнында қалыптасып, ұлт ойынының негізін құрайды. Ойынға жиылғандар, жайғасып отырған соң, ойын жүргізуші ойынның мазмұнын баяндайды «Баяғыда анасынан жастайынақ жетім қалған Қаһарлы бір байдың қолында күнелту үшін жалшылықта жүреді. Өмір бойына қарны тойып ас ішпеген, иығы жылтырап киім кимеген жас Қаһарлы байдың Бану деген қызына ғашық болады. Қыз да өзінің Қаһарлыны сүйетіндігін білдіреді. Бұларды қоғамдық жағдай қоспайтындығына көздері жеткен екі ғашық бір күні түнде Қаһарлының әкесінен мұра болып қалған жалғыз сиырына мінгесіп, Арабияның шөлін аралап кете барыпты. Содан шөл далада қол ұстасып жүрген уақытта сиырын сойып жеп, күн кешіпті-міс,— деп ойын жүргізуші сөзін тамамдай келіп, ойыншыларға енді мен аяқтамаған махаббат әңгімесін сендер өздерің жалғастырасыңдар, қазір Қаһарлы мен Банудың сиыр етін қалай мүшелеп жеп күнелткендеріне тоқталайық»,— деп, ойыншылардың көңілін аулайды. Содан соң ойын жүргізуші: Ал ойнаушы қауым, сіздерге жаңағы Қаһарлы мен Банудың мүшелері бойынша әр мүшеге ат қойып шығып, қастарыңа барып, әр түрлі сұрақтар сұраймын, сонда күлмей отырып, барлық сұраққа жаңағы мүше атынан ғана жауап бересің. Мысалы, бірінші ойыншы «тұмсық», екінші ойыншы —«сирақ», үшінші — «құйрың», төртінші —«өкпе», бесінші ..., т. б. Осылайша барлық ойыншылар мүше атанады. Енді жүргізуші бірінші ойыншыдан бастап сұрай бастайды: «Атың кім?», ойыншы: «Тұмсық». «Не жедің?», «Тұмсық», «Кімді көрдің?», «Тұмсық», «Сүйгенің кім?», «Тұмсық». Осылайша не күліп, не жаңылғанға дейін сұрай береді. Егер кімде-кім күліп, не жаңылысып, басқаша жауап беріп қойса, қаламы ма, тарағы ма, қол орамалы ма, әйтеуір кез келген белгілі бір затын береді. Осылайша барлық ойыншылардан сұрап, бәрінен бір-бір белгілі заттарын алып, ойын жүргізуші топтың ортасына келеді. Содан өзінің жаңағы затты жинап жүрген көмекшісін теріс қаратып қойып, ойыншылардан жиналған заттарын бір-бірден алып, не істейтіндігі жөнінде билік айтқызады. Әдетте өнердің барлық түрін көрсетеді. Осылайша ойын жалғаса береді. Ойын ертегінің негізінде құрылғандықтан уақытты көп алады да, оны бір отырыста бір-ақ рет ойнауға тура келеді.
 

 
Монданақ — үлкен кең бөлмеде немесе жазық көгалды алаңда ойналатын ойын, қатысушылардың саны 15—20 адамнан аспауы керек. Бұл ойынды қыз-келіншектер араласып ойнай береді. Ойынға екі қабатталып есілген орамал керек. Ойыншылар аяқтарын ілгері созып, тізесін сәл көтеріп, шеңбер бойына дөңгелене отырады. Бүгілген тізелерінің астынан әрі-бері жүгірткен кезде орамал болуы керек, аяқтарының бастары шеңбердің ортаңғы нүктесінде түйіседі, тап сол жерде ойын жүргізушінің өзі отырады. Осы кезде қолында орамалы бар ойыншы ортада отырған ойын жүргізушіні орамалмен жонынан тартып қалып, тез тізесінің астынан өткізе сала: «Әне кетті монданақ, міне кетті монданақ»,— деп әндетіп қоя береді. Бұл дауысқа барлық ойыншылар қосылады. Ал ортада отырған жүргізуші орамалды ойнаушы жұрттың тақымдарының астынан іздей бастайды, бірақ қайда жүргенін таба алмайды, себебі, барлығы бірдей қолдарын тақымдарының арасында ұстап, жүгірген орамалды алып беріп отырған кісіге ұқсайды. Егер орамал арт жағында болса, онда суырып алып жонынан тағы бір тартып қалып, қайтадан тақымының арасына жүгіртеді. Осылайша орамалды ойын жүргізуші тауып алғанша тақымдарының арасына жүгірте береді. Ал ойын жүргізуші орамалды қайда жүргенін, кімде екенін байқап қалып ұстап алса, онда ұстаған ойыншымен орын ауыстырады, сөйтіп, ойынды жалғастыра береді. Бұл ойынның екінші бір түрінде орамалмен ұсталған ойыншы ортаға шықпас бұрын көпшіліктің ұйғаруымен өнер көрсетеді. Содан кейін ғана орындарын ауыстырады.
 

 
Белбеу тастау Ойынға жиналғандар дөңгелене шеңбер бойына отырады. Жүргізуші шеңбер сыртында белбеуді қолына ұстап жүгіре басып айналып жүреді де, өзінің көңіліне жаққан ойыншысының артына білдірмей тастауға тырысады (егер ол біліп қойса тастамау керек). Жүргізуші білдірмей тастап кетсе, шеңберді айналып қайтып келіп, белбеуді алады да, артында белбеу жатқан ойыншыны «Орныңды тап» деп белбеумен ұрады. Сөйтіп, шеңберді айналдыра қуалап, қайтып орнына келгенше соғады. Ал ойнаушы белбеуді артына тастап кеткенін біліп қойса, белбеуді ала салып, ойын жүргізушінің өзі босатқан орынға жеткенше қуалайды. Ойын осылай жалғаса береді.
 

 
Қосқұлақ — жас өспірімдердің алаңда, аулада кешқұрым ойнайтын ойыны. Бұған 10—20 адам қатысады. Ойынға қатысатындар жиылып келіп орталарынан біреуін «қасқыр», екіншісін «түнгі күзетші» сайлап алады. Қалғандары «қойлар» болады. Қойлар тарап не «қасқырдың», не күзетшінің көзіне түспейтін жерге жасырынады. Басқалардан айыру үшін «қасқырдың» басына ақ орамал байланады. Тығылған «қойларды» іздей жүріп «қасқыр», «күзетшінің» көзіне түспеуге тырысады. «Күзетшінің» міндеті —«қасқырды» аңду, қуу, оның қойларға шабуына мүмкіндік бермеу. Тығылғандар орнынан қозғалмауға, дыбыс шығармауға тырысады. Егер «қасқыр» «қойлардың» біреуін ұстап алса, «күзетші» оны абайлай алмай қалса, ұсталған ойыншы «қасқырдың» орнына шығып «қасқыр» «күзетші» болады. «Күзетші» «қойдың» рөлін атқарушы болып, тығылуға кетеді. Егер «күзетші» «қасқырдың» «қойға» шапқанын байқап қалса, онда «қасқырды» қуып, «қойды» арашалап қалады. Ойын жалғаса береді. Ойын уақыты шектелмейді. Ойын соңында қатысушылар жиналып «қасқырдың», «күзетшінің» «қойдың» өздеріне ұнаған жағын атап көрсетеді.
 

 
Қындық-сандық. Ойын далада, көгалды жерде өтеді. Ойынға жас өспірім ер балалар қатысады. Қатысушылар тең екі топқа бөлінеді. Әр топтың өз бастықтары тағайындалады. Олар ойынның дұрыс өтуін бақылайды. Ортаға екі топтан бір-бір ойыншы шақырылады. Олар бір-біріне арқаларын беріп тұрысады да, бір-бірін қолдарының қырымен айқастыра ұстасады. Ойын  жүргізушінің берген белгісімен олар бірін-бірі арқалап жерден көтеріп әкетуге тырысады. Олай істеу оңай емес, ойын жүргізуші белгі бергенде, олар тізелерін бүгіп жартылай отырған қалыпқа түседі. Қайсысы көтеріп әкетсе, жеңіске сол жетеді. Көбірек жеңіске жеткен топ жеңімпаз атанады. Ойын қайталанып ойналады.
Massaget.kz