Алматыда «Наурыз – 2018» мейрамы аясында ең ұзын құрақ көрпе тігіледі. Мегаполисте «Гинесстің рекордтар кітабының» жаңа рекорды жасалмақшы. Құрақ көрпенің ұзындығы 25 500 шаршы метр болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, рекорд жасалып, сертификат алынған соң құрақ көрпе түрлі көрмелерге қойылады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Атаулы шара «Наурыз – 2018» атты наурыз мерекесіне орай 22 наурызда басталып, Алматының Қала күні аталып өтетін қыркүйек айында аяқталады. Жобаны жүзеге асыру үшін қаланың 25 кітапханасында көрпе элементтері қабылданады.
Айта кетерлігі, мұның алдындағы рекорд 2000 жылы Португалияның Порто қаласында ұзындығы 25100 шаршы метр «Manta da Cultura» көрпесін тігумен жасалған болатын.
Құрақ көрпенің әр бөлшегі Отанымыздың сан алуандығын: оның даласын, тауы мен өзенін көрсетеді, ал басты символ – халықтың бірлігі. Қазақстан Республикасында 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Көрпенің құрақтары тұтас жамылғыға айналып, еліміздің тұтастығын паш етеді», - деген түсінік берді Алматы қаласы Мәдениет және мұрағаттар басқармасы мамандары.
Еске салсақ, «Наурыз – 2018» мерекесі 21 - 25 наурыз аралығында таңғы сағат 10:00 мен кешкі сағат 21:00-ге дейін мегаполистің түрлі алаңдарында өтеді. Ал 22 наурызда Астана алаңында үлкен концерт, ұлттық ас мәзірі фестивалі және басқалары ұйымдастырылады.
Мерекелік шаралар Панфилов, Жібек Жолы көшелерінде 22 – 25 наурыз аралығында 10:00-22:00 сағат аралығында өтеді. Шараға 120 000-нан астам адам келеді деп күтілуде. Алматыда 12 ел өкілдері болады, олар Иран, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Түркменстан және басқалары.
Бұдан өзге, көктем мерекесі Жүргенов академиясы маңындағы сахнада, Атлеттер ауылында, «Almaty Arena» жанында да ұйымдастырылады. «Наурыз-2018» мерекесі бір ай бойына, яғни наурыз бен сәуір айларында атап өтіледі.