Наурыз мейрамында Алматы мен Астанада өтетін шаралар

Наурыз мейрамында Алматы мен Астанада өтетін шаралар
Фото: voxpopuli.kz

Алматы қаласында Наурыз мейрамы 1 ай көлемінде тойланады. Оңтүстік астанада 17 наурыз бен 22 сәуір аралығына 100-ден аса шара жоспарланған.

Қаланың барлық аудандарында жыл сайын аудан әкімшіліктері ұйымдастыратын шаралардан бөлек, Алматыда мәдени-бұқаралық концерттер, көрмелер, қойылымдар, фестивальдер, спорттық жарыстар өтеді. 23-25 наурыз аралығында қаланың барлық аудандарының негізгі концерттік алаңдарында (Жібек жолы, Панфилов көшелері мен «Астана» алаңында, «Almaty Arena» кешесінің, Almaty art center бульварының, «Атлеттер ауылының» маңындағы алаңдарда, орталық мәдениет және демалыс саябағында, Қазмемциркте, Алатау, Әуезов, Наурызбай аудандары әкімдіктерінің ғимараттары алдындағы алаңдарда, Бостандық ауданындағы «Мега Алматы» сауда ойын сауық орталығында, Жетісу ауданындағы «Гүлдер» паркінде, Түрксіб ауданындағы «Mart» сауда-ойын-сауық орталығында) және басқа да жерлерде мейрам дәстүр бойынша кеңінен тойланады.

Наурыз мейрамына орай Алматы қаласында өтетін шаралар кестесі: 






Ал Астана қаласында дәстүр бойынша басты шаралар 21-22 наурызда қаланың ашық алаңдарында сағат таңғы 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін өтеді.
 
Биыл халықтық серуен бұрынғыдай «Хан Шатыр» сауда орталығының алаңында емес, «ЭКСПО» көрмесі аумағында ұйымдастырылады. Сонымен қатар мерекелік шараларды «Қазақ елі» алаңында, қалалық алаңда, «Студенттік» саябақта және қаланың тұрғын алабтарында да тамашалауға болады. 21-22 наурызда «Астана ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында киіз үйлер тігіліп, этноауыл ашылады, жиналған қауымның назарына мерекелік концерт ұсынылады. Астана қаласының театрларының әртістері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері әрбір киіз үйдің жанында қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетеді. Бұдан басқа, фуд-корт аймағы жасалады. Онда палау, наурыз көже мен бауырсақ дайындауға арналған қазандар тұрады. 

Сауда орындарында шығыс аспаздығынан ыстық тағамдар сатылады. Сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын сату-көрмесі ұйымдастырылады. Этноауыл аймағында халық арасында қазақ күрес, арқан тартыс, гір көтеру, қой көтеру сияқты ұлттық ойындар ойнатылады. 

Мұнымен қоса, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында этноауыл аумағында ит жарысы, тазы мен төбеттер көрмесі өтеді. 
Мереке күндері шаралар қаланың «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаңда, «Студенттік» саябақта, сондай-ақ Күйгенжар, Промышленный, Интернациональный, Мичурино, Железнодорожный, Пригородный, Үркер, Көктал, Өндіріс тұрғын алабтарында ұйымдастырылады. Алаңдарда көпшілік назарына концерттік бағдарламалар ұсынылады, 40-тан астам киіз үй тігіледі, алтыбақандар орнатылады. Сауда-саттық жүргізіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сонымен қатар, Астананың барлық мәдениет мекемелерінде Наурыз мейрамына арналған шаралар ұйымдастырылады. 
 
21 наурызда Конгресс-орталықта қазақстандық «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклі көрсетіледі. Шараға жас таланттар, опера, балет, театры сынды сахна өнеріндегі жаңа тұлғалар тартылған. Мюзикл барысында симфониялық оркестр әлемдік классикалық музыка, қазақстандық композиторлардың белгілі композицияларын орындайды. Осы күні «Астана» концерт залында «Ауылым – әнім» атты концерт өтеді.


20 наурызда «Жастар» сарайының қонақтары «Женщина-весна» концерттік бағдарламасын тамашалайды. Сондай-ақ «Мәңгілік ел» қақпасында Наурыз мейрамына орай елордалық жас суретшілер мен фотосуретшілердің көрмесі өтеді, ал тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция «Наурыз–бейбітшілік және достық мерекесі» атты шара өткізеді. Наурыздың 19-ы мен 23-і аралығында Сәкен Сейфуллин музейінде «Астанаға қош келдің – Әз Наурыз» экспозициясы жұмыс істейді. Мереке күндері елорданың барлық кітапханаларында кітап экспозициялары, ұлттық салт-дәстүрмен таныстыратын театрландырылған кештер, библиошоу, тақырыптық викториналар, этнографиялық көрмелер көпшілік назарына ұсынылады. 
 
Дереккөз: almaty.gov.kz
astana.gov.kz
Massaget.kz