Жент шай дастарқанына қойылатын ұлттық тағам. Жентті үйден жылдам дайындау жолын ұсынамыз. Қажетті азық-түлік: 1 стақан талқан; 130 г маргарин немесе сары май; 40-50 г мейіз; дәміне қарай қант. Бұл жерде көрсетілген азық-түлік мөлшерінен аз жентшығады. Егер қонаққа дайындайтын болсаңыз, жоғарыда көрсетілген тағамдар мөлшерін 3-4 есе көп алған жөн. Талқанды араластыруға ыңғайлы ыдысқа саламыз. Маргаринді алдымен ерітеміз, содан соң талқанға құямыз. Талқан, ерітілген маргарин және қантты жақсылап араластырамыз. Қантты дәміне қарай қосасыз. Кей талқанда қант болады. Ол кезде қант салмай-ақ қоюға болады. Жентке ештеңе салмай, сол күйінде қалдыруға болады. Қазір көбісі мейіз, жаңғақ және бал қосып, оған қосымша дәм беріп жатады. Біз мейіз қостық. Жентті кекс пісіретін ыдыстарға салып, мұздатқышқа 20-30 минутқа саламыз. Оны қарапайым бір ыдысқа салып, қатқан соң пышақпен бөліктерге бөліп қоюға да болады. Жент дайын!