Әр қазақ шын ықыласпен тойлауы тиіс мейрамның бүгінгі деңгейі қандай?

Әр қазақ шын ықыласпен тойлауы тиіс мейрамның бүгінгі деңгейі қандай?
Фото: Жайық Пресс Медиахолдингі

«Қазақ елінің ардақтап та асыға күтетін шаруа тойы, табиғат мейрамы осы – Наурыз. Бұл күнге әрбір отбасы қыстан бастап дайындық жасаған. Қысқы соғымның, шеке, жамбас, жілік, қазы дегендей, қадірлі мүшелерінен әдейі арнап сүрі сақтайды. «Наурызда ашамын» деп әжелер қарындағы майын, жент, құрт, ірімшік деген секілді тағамдарды алдын ала үнемдеп, қамданып жүреді. Наурызға дайындықтың тағы бір түрі – қол өнерімен байланысты. Қыздар әкесіне, аға-інілеріне тақия тігіп, беторамал кестелеп, Наурыз күні тарту етуге дайындайды. Ұл балалар да ағаштан ожау, қасық, тостаған, саптыаяқ секілді қолынан келгенін жасап, үйге қажет дүниенің толығуына септігін тигізеді. Наурыз жақындап қалғанда үйдің айналасын күл-қоқыстан тазартып, кірлі нәрсе қалдырмай, отбасын мейрамға дайындайды. Жаңа жылды – қасиетті Наурыз күнін тазалықпен, ақ ниет, шынайы пейілмен қарсы алса, жыл бойы жақсылық болады, ауру-сырқау аулақ жүреді дейді».

«Жігіттер жағы ұнатқан қыздарына «селтеткізер» сыйын ұсынады. Ол кішігірім жібек орамал, сақина-жүзік, моншақ, әтір, бір шоқ үкі, айна-тарақ секілді бір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін, алайда бұл заттардың мақсаты мен жолы үлкен. Қыздар болса «мені селт еткіздің, бірақ өзің ұйықтап қалма, Наурызды бірге күтейік» деп ықылас білдіріп, «ұйқыашар» дәмін береді. Ең бастысы, оның құрамында ақ болуы керек.

Ұлтымыздың рухани кеңістігінде атам заманда қалыптасып, әр ғасыр белестерінен өтіп келген мейрамды Кеңес өкіметі халық зердесінен өшіріп, құмға сіңген судай жоқ етпекші болып еді. Тамыры тым тереңде жатыр екен, ата дәстүріміз елмен қайта қауышты. Халық құшақ жая қарсы алды. Алғашқы жылдары тәуелсіздік пен сенім бостандығын сезініп, басымызға бақыт құсы ұя салғандай қуанып, Наурызды  дүркіретіп тойладық. Ұлттық даму жолындағы осындай оңды бетбұрыстар арнаға түсе бастаған істер ары қарай тыныс-тіршілігімізге жіксіз жымдасып кетуі керек еді. Алайда кез келген нәрсені ұрандатып істейтін бұрынғы әдеттің беріктігі ме, табиғи түрде іске асуы қажет айқын дәстүрдің өзін әшейін науқанға айналдырып алдық. Наурыз мерекесінің мән-мағынасы ауытқып, у-шумен көшеге шығып кетті. Жоспармен, нұсқаумен істеуге, жасанды көріністерді қызықтауға дағдыланып бара жатырмыз...»

Бұл сөздер Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан алынған. Шынында да бүгінгі наурыз мейрамы өз деңгейінде тойланып жүр ме? Зиялы қауым өкілдері мен қарапайым халықтың пікірімен санасайық.

Азат Сейтметов, актер: Наурыз мейрамы ежелден түркі тектес халықтарда келе жатыр. Меніңше, өзіміздің жаңа жылымыз күнтізбе бойынша белгіленген жаңа жыл – 1 қаңтардан асып түспесе, кем тойланбайды. Қазір 1 қаңтардың қызығы қалмағандай, басылып қалды. Ал өзіміздің төл мейрамымыздың дәрежесін биіктетіп, мәртебесін асқақтату үшін Наурыз мейрамына арналған фильмдер түсіріліп, телевидение тарапынан қолдау көрсетіліп, түрлі бағдарламаларды көбейту керек деп ойлаймын.

Қанағат Мұстафин, режиссер: Жаңа жылымызды аса ауқымды деңгейде тойлау қажет. Биылғы Наурызды тойлауға әлі уақыт бар, қандай деңгейде өтерін уақыт көрсетер. Ал өткен жылдардағы Наурыз мейрамы тойлануы көңілімнен шығады. Соңғы кезде жақсы насихатталып, көбірек көңіл бөлініп жүр. Желкілдеп өскен құрақтай жасөспірімдердің санасына әсер ету үшін түрлі шаралар жасалып жатыр. 25 тонна бауырсақ , 25 тонна наурыз көже және 5 тонна палау дайындалып, жұртқа тегін таратылады, мұның барлығы көңіл қуантарлық жағдай ғой. Жылдан жылға өзара рекордтарын жаңартып жатыр. 21 наурыз күні кинотеатрлардан көрсетілетін «Той любой ценой» атты фильмімізде де Қыдыр атаны көрсетіп, Наурыз мейрамын насихаттауға тырыстық. Оны өздеріңіз кинодан көріп, бағасын бере жатарсыздар...

Аман Тасыған, журналист: Біріншіден, Рухани жаңғыру әр адамның өзінен басталуы керек десек, екіншіден, ұлттық құны бар мейрамдардың да жаңғыратын кезі келді. 1988-89 жылдары қазақ елі Наурызбен қайта қауышқан сәтте өте сағынышпен қарсы алып, Алматы қаласының көшелерінде керуен жүргізіп тойлатқаны белгілі. Ал бүгінгі наурыз мейрамының тойлану дәрежесіне зер салсақ, сол сағыныш басылып қалғандай. Сондықтан мейрамды әуелгі тамырынан алыстатпай, барлық құндылығын сақтай отырып, осы заманға лайықты етіп қайта жаңғыртса деген ой бар. Кез келген ауылдың, ауданның, ірі қалалардың әкімдері осы ұлы мейрамға аса мән беру керек деп  ойлаймын. Осы наурыз мерекесінің беделін арттыру мақсатында тағы да билік тарапынан мынадай шаруа істелсе деген ішкі ойым бар: бүкіл жылдық нәтижелер, есеп берулер – барлығы  наурыздың 21 күні қорытындыланып, бір жылдық бюджет жабылса, 22 күнінен бастап, жаңа жыл ретінде жаңа бюджет бекітілсе, бұл күннің абыройы арта түсер еді.

Ал бұқара халықтың тарапынан бұл мейрам шын ықыласпен тойлануы керек. Жан дүниесін салып, әр қазақ осы күнді ерекше құрметпен тойласа деймін. Телевидение, радио, газет-журнал, интернет басылымдары – барша БАҚ наурыз айы басталғаннан 20-30 күн бойы тоқтамай жаза беруі керек. Наурыз айы бойына мейрамға арналған бағдарламалар әзірленсе, ұлттық құндылығымыз ұлықталар еді. Мойындау керек, біз оны жасай алып жатқан жоқпыз...

Дәуренбек Нысанов, дәрігер: Дәстүр бойынша Наурыз мейрамын наурыздың 22 күні Жаңа жыл мерекесі ретінде жаппай бүкіл мемлекет бойынша тойлаған дұрыс болар еді. Кәдімгідей дайындық шараларын өткізу және алдын ала насихаттау болса, Журналистер арнайы мақалалар жазумен қатар, телеарналарда  бағдарламаларын жаппай Наурыз мейрамына арнаса халықтың көңілінен шығар еді. Ұлтымыздың көңілін жандандыратын, жаңа сезімге бөлендіретін, рухын асқақтатын, ұлттық мейрамы болуы шарт деп ойлаймын. Қазақ елі үшін 1 қаңтар емес, 22 наурыз Жаңа жыл мерекесі болуы аса маңызды екенін халыққа сезіндіру журналистердің басты міндеті деп білемін. Ұлттық сананы қалыптастыру үшін де аса маңызды!

Айдана Сыдықова, қоғам белсендісі: 1 қаңтардағы Жаңа жыл мерекесін ел қалай қарсы алады, иә?! Бәрі бір-біріне ерекше сыйлық дайындап, көшелер 1 ай бұрын безендіріледі. Ал 31 қаңтар күні әр отбасы түнгі 00.00-ге дейін ұйықтамай, сол мерекені күтеді... Шіркін, біздің төл мейрамымыз Наурыз да сондай дәрежеде тойланса ғой деген ой келеді әркез. Расымен де осы уақытқа дейін наурызда есімі аталуы тиіс Қыдыр ата мен Ұмай ананың орнына орыстардың жаңа жылындағы аяз ата мен ақшақардың есімі бізге көбірек жақын, таныс болып келеді. Наурыз мейрамына әлі де жаңа леп беріп, әрбір Қазақстандық отбасында ерекше тойланып, кең көлемде аталып өтуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені, Наурыз мейрамының астында үлкен ұлттық құндылығымыз жатыр. Онда ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жатыр. Қазақ үй, небір ою-өрнекпен көркемделіп тігілген қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындарымыздың түр-түрі – бәрі осы Наурыз мейрамында көрініс табады. Сондықтан да Наурызды өз деңгейінде атап өту әрбір "мен қазақпын!" деген азаматқа жүктелген міндет деп ойлаймын. Наурызда киіп шығатын ою-өрнекпен безендірілген киімдерімізді тек осы мейрамымызда кимей, әрі қарай да сәнге айналдыра беру өз қолымызда. Қазір көшеде жай күндері де оюмен әсемделген киім-кешек, басқа да бұйымдар киіп-таққан аруларды көргенде аса қуанамын және ол өте сәнді көрінеді. Өз басым да жиі солай киінуге тырысамын. Өйткені оның астарында үлкен ұлттық руx жатыр. Ал, ұлттық құндылықтың бастауы – Наурыз! Қолда барымызды қадірлейік. Жаңару мейрамы – Наурыз баршамызға құтты болсын!!!

Ақнұр Қалмағанбетова, болашақ журналист: 22 наурыз – түркі xалықтары үшін жылдың басы, Самарқанның көк тасы еріп, ай мен күннің теңелетін күні. Осы мейрамда көптен ренжісіп жүрген адамдар татуласады. Төс қағысып амандасып, әр үйден апаларымыз көже береді. Батыс аймақта бұл мейрам наурыздың 14-і күнінен бастап кем дегенде айдың аяғына дейін тойланады. Ал еліміздің басқа аймақтарында 22 наурызда ғана тойланады. Алматы қаласында тұрып жатқаныма 3 жыл болды. Осы аралықта мерекелік көңіл-күйді сезінген емеспін. Қала тұрғындары да мейрамды тойлауға асықпайды. Кейбір орталық көшелерде алтыбақан, 1-2 киіз үй тігіледі. Ал біздің ауылда үлкендер де, жастар да қазақша қамзолдарын киіп әр үйді аралайды. Көшеде әртүрлі ұлттық ойындар ойнатылады. Сонымен қатар, концерттер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Біз өзіміздің мейрамдарға қарағанда, шет елден келген мерекені көбірек насиxаттаймыз. Өзіміздің ата-бабамыздан келе жатқан мейрамдарымыз ұмыт болып қалмаса екен деймін. Соның ішінде Наурыз мейрамы – телевидениеде насиxаттауды, жарнаманы қажет етпейтін мейрам.

Міне, осылай төл мейрамымызға қазіргі қоғам мүшелерінің бірінің көңілі толса, бірі әлі де насихатталу деңгейін көтеру жұмыстары аз дейді. Адамдардың басында түрлі идея бар, әр санада бір қиял, әр баста тың ой жатыр. Тек оны жүзеге асырып жатқандар аз. Қол байлау болатын баяғы қаражат тапшылығы, қоғам мүшелері тарапынан қолдау таппауы, т.б. себеп-сылтауы көп. Әр адам өзгеруді өзінен бастап, отбасы арқылы қостап, өзгелердің қолдауын күтпей-ақ, өзі қалаған дәрежеде атап өтуіне болады. Массагет қазақ жастар порталының ұжымы да мейрамның атмосферасын өзгелерге сезіндіру, деңгейін бұрынғыдан да жоғары көтеру мақсатында көлге қосқан тамшыдай үлесіміз болсын деп, наурыз басталғаннан бір ай бойы бір ауыздан бүкіл ұжым болып жұмысқа қазақтың ұлттық киімімен келуді ұйғарды, ол уағдасын орындады да. Жыл сайын сайтымыздан Наурызға арналған «Арнайы жоба» айдары ашылып, мейрам жақындаған сайын барлық мақала Ұлыс күніне арналып жазылады. Әр қазақ қолдан келгенше ұлы мейрамның деңгейін көтере бергей! Жылдарыңыз құтты болсын!

@. @assel_assanova