Көктем. Жаз. Күз. Қыс. Тағы да көктем...(Суретте Көктем мен Қыстың биі) Көктем мезгілі қашан да жастықтың, бастаудың, рухани жаңғырудың белгісі болды. Қыс жылдың басы бола алмайды. Тек көктем ғана. Ал, қалың қазақ жыл бастауын күн мен түн теңелетін Наурыз мейрамында тойлауды әдетке айналдырғанымен, шындығында бұл күн 14 наурызға сәйкес келеді. Неге бірі емес, он төрті? десеңіз,Амал мейрамы туралы қызықты деректер тақырыбымен шыққан материалда көрсетілгендей, ескі Юлиан күнтізбесі Григориан күнтізбесіне ауыстырылып, күндер 13 күн алға жылжыған. Бұрынғы күнтізбе бойынша 1 наурыз 14 наурыз болып шыға келген. Бұл мейрамның Наурыздай ұлықталмауының себебі оның ұлан ғайыр қазақ даласының тек Батыс өңірінде ғана сақталуы себеп болса керек. Көктем негізі жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі. Ал, осыдан аман өткен халықтан қайта қауышуы Амал атауымен танымал. Батыстың қысы қыс, жазы жаз. Қысы жұмсақ оңтүстік және өзге өңір емес, ызғарлы, боранды, қалың қарлы Батыста қыстан аман шығудың нағыз құбылыс екені шындық. Бәлкім, оның мейрам ретінде сақталып қалуына түрткі болған да осы табиғат ерекшелігі шығар. Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор, Қарақалпақстан және Маңғыстау, Атырау, Ақтөбеоблыстары қазақтарымен қатар, Орал қаласы тұрғындары бүгін таң ата салысымен қыстай көріспеген туған-туыстарын аралап, амандық-саулық сұрап көрісіп жатыр. Қала орталығындағы Арбатта орналасқан А.Островскийатындағы облыстық орыс драма театры алдында әкімшілік ұйымдастырылуымен өткен шараға күн суығына қарамастан, халық көп жиылды. Мерекелік жиын Ақжайық өңірі жұртшылығының кез келген отырысты батадан бастайтын әдетінен ауытқымады. Одан кейін театр алдына жиналған қауым арнайы көрініс тамашалап, Оралдың мақтанышы ғана емес, барша қазақтың ұлы жазушысы Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған Қазақ осы әнімен басталған концерттің куәгері болды. Көрініс өз мәресіне жетіп, концерт басталмас бұрын, Massaget.kz сайтының журналисі сол драма театр ғимаратының ішінде өтіп жатқан шараға да бас сұғуды жөн көрді. Көздің жауын алатын көркем залдың сол қанатында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырлған екен. Қайырымдылықты мақсат тұтқан саудада порталдың контент-менеджерлерінің бірі мектеп оқушылары жасаған әдемі құты мен желкенді кеме бейнеленген панно сатып алды. Бұл не жиын екенін білу үшін көпшілікпен бірге негізгі шара өтетін залға бет алды. Сахнадағы алып экраннан Жайықтың жасөспірімдері. Жалын. Жаңғыру тақырыбындағы білім ұйымдары басшыларының IV қалалық форумы өткелі жатқанын білдік. Шарада Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова, Риода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Екатерина Ларионова түлеп ұшқан мектеп директоры Вадим Болдырев және өзге де ұстаздар ұлт болашағы жастар тәрбиесіне байланысты жасалған шаралар нәтижелеріне тоқталып өтсе, Ұлтым орыс болса да, жаным қазақ. Себебі, қазақтың келінімін. Ұрпағым қазақ- деген Лилия Пермитина есімді бөбекжай тәрбиешісі барша форум қонақтарын Амал мейрамымен құттықтауды да ұмытпады. Форум соңы мерекелік шараға ұласқан кезде, журналист театр ғимаратынан шығып, халықтың ыстық ықыласы мен әдемі ән үстемдік құрған тойға қайта оралды. Бұл кезде жұрттың дені тарқасып, қолына найза беріп жауға қоярдай адуынды Батыс жігіттері мен күлім көз қыздар билеп жатыр екен. Журналист тойдан қайтқанда, А.Островский атындағы театр алдына жұмыстан босаған жұрт тағы да жиналып жатқан еді.