- Негізгі бет
- 22 наурыз – 2018
- Алматыда Наурыз мейрамында...
Алматыда Наурыз мейрамында 25 тонна бауырсақ дайындалады
Алматыда Наурыз мейрамын мерекелеу барысында 25 тонна бауырсақ, 25 тонна наурыз көже және 5 тонна палау дайындалады. "Астана" алаңы, Панфилов және Жібек Жолы көшелерінде, Атлеттер ауылында, Almaty Arena алдындағы алаңда және барлық аудандарда дәстүрлі ас мәзірінен дәм татуға болады, -деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы базарлары да “Наурыз-2018” мейрамын кеңінен атап өтеді. Қаланың 46 базары 20 наурыздан 21 сәуірге дейінгі бір айға жуық аралықта ұлттық мерекені тойлайды. Осы кезең ішінде қала тұрғындары мен қонақтарына тегін наурыз көже, палау мен бауырсақ беріледі. Бұлардан өзге, ұлттық спорт сайыстары мен мерекелік көрсетілімдер ұйымдастырылады.
“Наурыз мейрамын 46 базар өз алаңдарында 2 рет – 22 наурыз бен ай ішіндегі бір күнде ұйымдастырады. Базарлардың барлығы 8 тонна наурыз көже, 25 мың тонна палау, 12 тонна бауырсақ дайындайды”, – деді Алматы қаласының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновация даму басқармасы.
Бұлардан өзге, мерекелік құттықтауға қаланың барлық мейрамханалары да қатысады. Қоғамдық тамақтану орындарының барлығында Наурыз мейрамының арнайы ас мәзірі жасалып, ол бір ай бойына жүретін болады.
Еске салсақ, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұлттық ас тағамдарын әзірлеу бойынша тақырыптық фестивальдер ұйымдастырылады.
Дереккөз: baribar.kz
А. Жапатова