Жаңа жыл әр халықтың асыға күтетін мерекесі. Себебі, күндіз-түні қарбалас тіршілікте жүретін адамдар мерекенің арқасында бір-біріне көбірек көңіл бөліп, алыстағы ағайынын хабарласып құттықтап, айналасындағы жақындарына сыйлық беріп арқа-жарқа болатын кезі. Осы орайда Массагет тілшісі әлем халықтарының жаңа жыл мерекелері тарихына үңіліп, олардың бір парасын назарларыңызға ұсынып отыр.
Тарихи деректерге сүйенсек, жаңа жыл алғаш рет біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықта Месопотамияда тойланған екен. Мереке Евфрат пен Тигр өзенінің арнасынан асып-төгілетін уақытына тура келген. Демек, ежелгі халықтар үшін де жаңа жыл молшылықтың белгісі болған. Ал, кейінірек 1699 жылы Ресей патшасы I Петр Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізгеннен кейін, жыл басы 1 қаңтардан басталған. Бұл дәстүр осы күнге дейін көп елдерде сақталып келеді. Ал, түркі халықтары үшін жаңа жылды атап өту, I Петрден де әрі жалғасып келе жатқан дәстүр. Мұрад Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабында Алтайлық қыпшақтар жаңа жылды 25 желтоқсан күні тойлағаны айтылады. Себебі, 25 желтоқсан күннің түнді жеңетін уақыты деп есептеген. Сол күні олар үйлеріне шырша әкеліп, оған неше түрлі шүберектер байлаған екен.
Әлем елдері жаңа жылды қалай тойлайды?
Иранда жаңа жылды өзге шығыс халықтары сияқты 22 наурызда қарсы алады. Жаңа жыл күні адамдар парсы дәстүріне сай қолына күміс теңге ұстап жүруі тиіс екен. Себебі, күміс теңгесі жоқ адам, жыл бойы өзге елде өмір сүреді деген ырым бар.
Австралияда жаңа жылда екі рет отшашу болады. Оның бірі түнгі тоғызда балалар үшін, екіншісі сағат тілі түнгі 12-ні соққанда үлкендер үшін жасалады.
Панамада жаңа жыл қоңыраудың құлақ тұндырарлық ащы даусынан басталады.
Италияда Жаңа жыл мейрамы 6 қаңтар күні басталады. Италиялықтардың сенімі бойынша, бұл түні сыпырғыш мінген мейiрбан пері Бефана ұшып келеді. Ол кiшкентай алтын кiлтімен есiктерді ашып, балалар ұйықтайтын бөлмеге кiрiп, әдейі ілінген шұлықтарды сыйлықтармен толтырады. Ал жақсы оқымаған балаларға, Бефана күлдiң шөкiмiн немесе ұсақ көмiр тастап кетедi екен. Италиялықтар жаңа жыл күні ешкіммен ренжіспеуге тырысады, шырша мерекесі кіріп келгенде ескі заттарын терезеден лақтырып тастайды.
Франциада жаңа жылда адамдар жомарт болуға құмар келеді. Мейрамханаларда тегін тамақ беріп, кетерінде сыйлық та беріп жібереді.
Ұлыбританияда жаңа жылда осы елдің әр жанұясы таныстарын ашық хат арқылы құттықтағанды ұнатады. Себебі олар ашық хатты (открытка) алғаш шығарған ел болып есептеледі.
Венгрияда дастарқанға үйрек пен тауық еті қойылмайды. Себебі венгрлер құстардың барлығын “Бақыт құсының” туыстары деп есептейді екен.
Швецияда жаңа жыл мерекесінде көршілердің ауласында ыдыс-аяқ сындыру дәстүрі бар.
Бразилиялықтар жаңа жылда көшелеріндегі бағандарды гүлмен, қоңыраумен безендіріп қояды.
Гвинеяда көшеге піл жетектеп шығады. Жұрт осы пілдерді айнала би билеп, ән салатын көрінеді.
Германияда мұржадағы күлге, күйеге бүліну жақсы ырым боп есептеледі. Немістер жаңа жыл кіріп келгенде орындық пен үстелге шығып жаңа жылға қарсы секіреді. Олар Санта Клаусты есекпен келеді деп есептейді. Түнде сыйлықтар тастап кетеді деп, Сантаға арнап бос тәрелкелер қояды екен.
Кубада сағат тілі 12-ні соққан кезде, әркім 12 түйір жүзім жейді екен.
Эфиопиялықтар жаңа жылды қыркүйектің 10-11 күндері қарсы алады. Жаңа жылда бірыңғай ақ киім киеді, ерте тұрып, шіркеуге барады. Содан соң самырсын ағашының көлеңкесінде жаңа жылға арнап дастарқан жаяды. Балалар жаңа жылға арнап салған суреттерін ата-анасына сыйлайды.
Бирмада жаңа жылда да күн ыстық болып тұратындықтан, адамдар бір-бірінің үстеріне су шашып құттықтайды екен. Сондықтан осы күні үсті-басы су болған адамдарды жиі ұшыратуға болады.
Голландияда жаңа жыл кешіндегі дастарқанға жүзім салып пісірген нан тағамы қойылады. Бұл тағам жылына бір-ақ рет дайындалатын көрінеді.
Үндістанда жаңа жыл – Дивали жарық пен оттар мерекесі деп аталады екен. Айтса айтқандай осы күні қалалар мен ауылдардың барлығы оттың ішінде тұрғандай жарқырап кететін көрінеді. Жарығы сөніп тұран бірде бір терезені көре алмайды екенсің. Әйел адамдар көшеге шығып жерге түрлі оюлы суреттер салып, оларға ұн, топырақ сеуіп, шырақтар жағып көркемдейтін көрінеді.
Қытайда жаңа жыл мерекесі көшеде барабандар, темір тәрелкелер соғылып, от шашулар атылып, билеген айдаһарлар шеруі бастайды екен. Дастарқанға туралған нәркес (нарцисс) гүлін қою дәстүрге айналған. Жаңа жыл мерекесі он бес күнге созылады. Бұл қаңтардың аяғы мен ақпан айының басына келеді.
Болгарияда сағат тілі 12-ні соққанда барлық үйде жарық сөне бастайды. Сол кезде әркім көңілі қалаған адамымен 3 минут бойы сүйседі екен. Дастарқанға міндетті түрде самса қойылады екен.
Финляндияда Жаңа жыл кешінде тұрмыс құрмаған бойжеткендер кебістерін иықтарынан асыра лақтырады, кебіс есікке тұмсығымен тисе, сол жылы жолы болып, тұрмысқа шығады деп есептеген.
Еврейлер жаңа жыл мерекесі деп Дивали мерекесін атайды. Рош Хошан қазан, қараша айларында тойланады. Бұл күні адамдар алма мен нанға бал жағып жейді. Бұл жаңа жылда өміріміз балдай тәтті болсын дегені.
Шотландияда Жаңа жыл қарсаңында бөшкеге құйылған шайырды (смола) жағып, ол бөшкені көшемен сырғанатады. Бұл ескі жылды жағу дәстүрі деп аталады.
Аргентинада жаңа жыл күні кеңсе қызметкерлері ескі құжаттарды терезеден лақтыру дәстүрі бар. Бірде газет мекемесіндегілер қағаз лақтыруға қызу кірісіп кеткені сонша, бүкіл газет мұрағатын лақтырып тастаған екен.
Өзбекстанда жаңа жыл 21 наурызда аталып өтіледі. Ауыл адамдары жиналып түнімен таңға дейін ұлттық тағамы «сумаляк» пісіреді.
Қазақстанда жаңа жыл шығыс халықтарындай 22 наурызда тойланады. Бұл күні наурыз көже пісіріліп, үй-үйді аралайды. Ешкіммен ренжіспеуге, кір-қоңын алдын ала жуып қоюға тырысады.