- Негізгі бет
- 22 наурыз – 2018
- 22 наурыз мейрамына...
22 наурыз мейрамына арналған тілектер
Көктің тынысын ашып, Самарқанның көк тасын ерітіп, жаңару мен жасарудың, жақсылық пен жасампаздық жаршысындай боп әз Наурыз – Жаңа жыл кіріп келді. Күн мен түн теңелетін, көк өскін жер бетіне қылтиып шығып, алдағы сұлу үмітке қол бұлғап шақырғандай бұл мерекені шығыс халқының көпшілігі тойлайды. Осы орайда Массагет ұжымы Наурыз мейрамымен сіздерді құттықтап, тілектер топтамасын назарларыңызға ұсынады.
Атаға: Отбасымыздың ақылшысы ардақты ата! Жапырағын жамыратып, қозы-лағын маңыратып кіріп келген тағы бір Наурызыңызбен. Әрқашан берген батаңыз қабыл болсын! Көз қуанышымыз боп ортамызда жүре беріңіз! Жүз жасаңыз! Немерелер мен шөберелердің қызығын көріңіз! Сізді әз Наурыз – Жаңа жылыңызбен құттықтаймын!
Әжеге: Аяулы әже, отбасымыздың ұйытқысы! Сіздің ақ жаулығыңыздай болған әппақ, бұйра-бұлтты аспанымызда жаңа жылдың жаршысындай боп қарлығаштар ұшып жүр. Жаңа жылыңызбен! Ауырмай-сырқамай тәлім-тәрбиенің өнегесі боп жүре беріңіз!
Әкеге: Күн мен түн теңелетін, табиғат жаңарып, тал біткен жапырағын жаятын, төрт түлік төлін соңынан ергізіп, наурызек ұшып келетін көктемнің осындай әсем күнінде сізді келіп жеткен әз Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Асқар таудай әке, отбасымыздың тірегі мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңіз! Бауырыңыз бүтін, басыңыз аман болсын!
Анаға: Көктемнің шуақты күні – көзіңіздей, саумал ауасы – сөзіңіздей. Наурыз келді, гүлдер өсті даламызға, сұлулылығы өзіңіздей! Ардақты ана – отбасымыздың қамқоршысысы, сізді кіріп келген Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Әрқашан шуақты күндей болып, жылы мейріміңізбен жанұямызды жылытып жүре беріңіз! Біз сізді жақсы көреміз!
Ағаға: Жыл басы Наурыз мерекесімен сізді шын жүректен құттықтаймын! Менің арқа сүйерім, қиналғанда қашан да жанымнан табылғаныңызға бек рақмет! Отбасыңыз аман, деніңіз сау болсын, басыңыздан бақ-береке кетпесін!
Ініге: Бауыр етім інім, сені келіп жеткен Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Басың аман, денің сау болсын! Бізді жетістіктеріңмен қуанта бер!
Досқа: Тай құлындай тебісіп, бір нанды бөлісіп жеген ардақты досым! Міне, жыл жаңарып шығыс біткен Жаңа жылын тойлауда. Осындай атаулы күнде өзіңді Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Абыройлы істеріңмен қашан да ата-анаңды, бізді қуантып жүре бергейсің!
Қарындасқа: Аяулы қарындасым, міне, тоң жібіп, сенің күлкіңдей боп жылғалардан сылдырап су ағып, сенің көркіңдей боп қырда қызғалдақ жайқалып сән-салтанатымен арамызға Наурыз кіріп келді. Бүгінгі Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Асыл жарға: Ардақтым! Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Денің сау, басың аман болсын! Қызығы мен шыжығы көп осынау өмірде бірге қол ұстасып ғұмыр кешуді маңдайымызға жазсын!
Ұжымға: Ардақты әріптестер! Сіздерді кіріп келген әз Наурыз – Жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын. Елімізді өркендетуге қосып жатқан қажырлы еңбектеріңіз бен маңдай терлеріңіз әрқашан табысты болсын! Алға қойған мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыз орындалсын! Отбасыларыңызға береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілеймін!
Көпшілікке: Ардақты халайық! Барлық қиындығын артқа тастап, жер жүзін нұрға бөлеп, құстарын сайратып, бала-шағаны мәз-мейрам ғып ойнатып, жапырағын жайнатып, тоңын жібітіп, төрт-түлегін түлетіп, салтанаты мен қуанышын қоржынына салып ортамызға Наурыз көші кіріп келді. Келіп жеткен тағы да бір Жаңа жылдарыңызбен! Отанымыздың дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жатқан баршаңызды мейраммен құттықтаймын! Жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын! Наурыздан Наурызға аман-есен жете берейік!
Т. Раушанұлы