Ұлттық ойын: асық ату

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дейтін сөз бар. Бұл көшпелі қазақтың ілімге ұмтылмай, ойын қуып кеткен кезіне айтылса керек. Себебі атауы «асық» болғанымен, бұл ойын көшпелі жұрт, соның ішінде қазақтың ұлттық ойыны. Оның сақталуы, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі маңызды.

Қазақ халқының ұлттық ойындары негізінен табиғи заттарға негізделіп пайда болған. Мәселен, «ақ сүйек», «көкпар», «асық ату» сынды ойын түрлерінің атауы да, ойналу әдісі де табиғи.

Асық деген не?
Асық – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, атқару қызметі күрделі, буынға орналасқан шымыр сүйек. Аталған сүйек қой, ешкі, түйе және сиырларда бір пішінде кездеседі. Тек жылқы жануарының асығы өзгеше пішінде кездеседі.


Асықтың түрлері

Сақа – асықтың үлкені ғана емес, шымыр түрі. Сақа қошқар-текеден немесе серкеден алынады.

Кеней – көпшілік ойнауға арналған асық түрі.

Шүкейт – жас малдың асығы.

Ешкімек – атауына қарай, ешкінің асығы.

Қойлық – қойдың асығы.

Құлжа – пішімі ірі, құлжаның асығы.

Көктабан – қорғасын құйылып жасалған, салмағы бар асық.

Топай – сиырдың асығы.

Қолқар – арқардың асығы.

Жабай – аса ірі асық түрі.


Асықтың атаулары

Алшы – асықтың алшы тұруы. Яғни тәйкеге қарсы бағытта орналасу.

Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы тұруы.

Бүге – сүйектің (асық) дөңес жағымен жатуы.

Шіге – асықтың ойыс жағымен жатуы.

Омпы – асықтың тік тұрып қалуы.

Шоңқай – омпыға қарама-қарсы келу түрі.

Асық ойынын ойнау үшін ең кемі екі адам одан да көп болуға болады. Асық ойнының «тақталық» және «алаңда» ойнауға арналған екі түрі кездеседі:

Тақталық түріне:

«Ханталапай», «Құмар», «Қаржу», «Сасыр», «Төрт асық», «Бес тас», «Бес асық», «Иірмекіл» сынды тағы басқа түрлері жатады.

Алаңдағы түріне:

«Омпа», «Бәйге», «Шыр», «Алшы», «Бес табан», «Үш табан», «Алты атар», «Үш атар», «Он екі атар» сынды түрлері кіреді.

«Алтын асықтай ұл туыпты», «Асығың алшысынан түссін», «Алты сақа секілді» дейтін қазақ тіл біліміндегі фразеологизмдер қатары бекер айтылмаса керек. Себебі бұл ұлттық ойын түрі болғаннан кейін, оның гендік, менталитеттік тұрғысынан қарастырылуы да ғажап емес. Табиғи сүйек арқылы ойын түрін жасау, оған көшпелі жұрттың дәстүрін сіңістіру үлкен еңбек.