- Негізгі бет
- 22 наурыз 2017
- Наурызда жасалатын 5...
Наурызда жасалатын 5 игі іс
22 наурыз – қазақтың жаңа жылы, Ұлыстың ұлы күні! Бұл күні адамзат жақсы іс істеуге ұмтылады. Наурызда жасалуы керек игі істер:
Ағаш отырғызу. Көктемде жерге тал егу – игі іс. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" дейтін қазақ ағаш отырғызу ісіне баса мән берген.
Үлкен кісілері бар үйге барып, амандасу. Наурыз көже жасап қана қоймай, әр үйдің наурыз көжесінен дәм тату дәстүрі бар. Сондықтан әсіресе үлкен кісілері бар үйге кіріп шықсаңыз, нұр үстіне нұр болмақ.
Жетім-жесірге, кембағал адамдарға көмек беру. Наурыз мейрамында көңілі жарты адамдарға көмек беріп, бүкіл халық олардың да мейрамды бәрімен теңдей көңілді қарсы алуына жағдай жасаған.
Ренжіткен адамнан кешірім сұрау. Өмір болған соң, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Кей жағдайда біреуді ренжітіп алсақ, кейде біреу бізді ренжітіп, көңілімізге қаяу салып жатады. Наурыз мейрамында ренжіскен адамдар құшақтасып, татуласады. Өкпенің бәрі өткен күннің еншісінде қалсын деген тілекпен бір-бірін кешіреді.
Бұл күні үйіңізді ғана емес, аулаңызды, айналаңызды қоқыстан тазарту игі істер қатарына жатады. 22 наурызға бір күн қалғанда, яғни 21 наурыз күні ата бабамыз бүкіл қоқысты шығарып, айналасын тазалыққа бөлеген. Осы дәстүрлі ұстанып, сіз де Наурызды таза жерде қарсылаңыз. Ұлыстың ұлы күнімен бірге жаңарыңыз.
Р. Роза