Наурызда айтылатын баталар

"Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер" деп аталарымыз айтпақшы, бата беру - адал ниет, тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Батаның да түрлері бар. Соның бірі – Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, балуандарға, тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. 

Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Және наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді.

Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!

***
Бай қылсын,
Төрт түлікті сай қылсын,
Кетпес дәулет берсін,
Отауыңа сәулет берсін.
Бастарыңа бақыт қонсын,
Қастарыңа нөкер толсын.
Дұшпандарың жоқ болсын.
Ризық, несібең тасып,
Көңілдерің тоқ болсын.
Туған балаларың ержетіп,
Өсіп үлкен ел болсын.
Бақталасың кем болсын,
Дәулетің шалқып сел болсын.
Дастарханың кең болсын!

***
Дәулетің зияда болсын,
Дұшпаның қияда болсын.
Аққуларың ұяда болсын,
Ауыл-аймақ,
Бота, тайлақ,
Үй-жамағат –
Бәрі түгел аман болсын
Кейінгіге береке берсін!
Алғанда аз да болса көптей көр,
Бергенде көлдей бол.
Жарылқасын құдайым,
Тартпасын халық уайым.
Бай қылсын,
Төрт түлікті сай қылсын,
Кетпес дәулет берсін,
Отауыңа сәулет берсін.
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар,
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жыл болар.

***
Қораң малға толсын,
Үйің жанға толсын.
Оқу, ілім үйреніп,
Жас балалар жетісіп, адам болсын.
Халықтың қамқоршысы,
Ел ағасы болар,
Ақыл, санаң болсын.
Ұрыс-қағыс болмай,
Бейбітшілік заман болсын.
Шаруашылықтарың шаш-етектен байып,
Дастархан толы ақ адал тағам болсын!

***
Жаңа жыл бақыт жылы болсын,
Малың тоқ,
Уайым-қайғың жоқ болсын.
Көген толы қозы,
Желі толы құлын болсын.
Малың базарлы,
Ұлың назарлы,
Қызың ажарлы болсын!
Құдайың оңдасын,
Әулиең қолдасын.
Кеткенің келсін,
Кемісің толсын!

***

Әумин! – бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын!
Жүгінелік ақылға,
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Наурызбенен жаңарсын
Тәніміз бен жанымыз
Жақсы негіз қалансын
Жарасып ән сәніміз!

Әумин! 

***

Наурыз құтты болсын! 
Жер түкті болсын! 
Көкорай шалғын көп шығып, 
Сиыр сүтті болсын! 
Ұлт ұрпағын көбейту үшін 
Жас келіндер қос-қостан жүкті болсын! 
Жігіттер мықты болсын! 
Экономикалық, әлеуметтік, 
Мәдени міндеттер ойдағыдай орындалып, 
Халық жүрегі қуанышқа толсын! 

Әумин!