Мектеп оқушыларына арналған Наурыз мейрамы қарсаңындағы мерекелік кештің бағдарламасын ұсынамыз.
Мақсаты: білімділік — оқушыларға Ұлыстың ұлы күні туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйрете отырып, Наурыз қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету; дамытушылық - оқушылардың санасына халқына деген мақтаныш сезім ұялату, өнерін, мәдениетін қастерлей дамыта оқытып үйрету; тәрбиелік — мерекеге байланысты ұлағатты сөздердің мағынасына қарай оқушыларды адамгершілікке, елін, Отанын сүюге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: нақыл сөздер жазылған плакаттар, буклеттер, ұлттық аспаптар, ұлттық киімдер, қамшы.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні - Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып жаңа жыл келді. Той кұтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлыс мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін!
1-оқушы: Уа, жараңдар, жараңдар!
Бәрің бері қараңдар,
Наурыз думан басталды,
Бір сәт зейін салайық.
Ұштаскан оймен мәңгілік
Біздерде бар сан ғұрып,
Ғасырлардан ғасырға
Келе жатқан жаңғырып.
Бермен жақын тұрыңдар,
Сөзіме көңіл бұрыңдар.
Жауқазындай Наурыздың
Жарапазан жыры бар.
2-оқушы: Күттіріп келген жыл басы,
Бізбен бірге жырлашы.
Елімнің дастарханына
Береке, ырыс сыйлашы.
Ата-бабам тойлаған
Наурызым армысың!
3-оқушы: Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Жас балаша нұрланып,
Жадырасып бәріміз.
Күннің жаңа нұры бар,
Мұның ғажап сыры бар.
Халық сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды!
4-оқушы: Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді, салтымыз
"Көгерсін" деп халқымыз
Көшеге тал егеді.
Күн: Сәулесі мол Күнмін.
Түн: Жұлдызы көп Түнмін.
Бірге: Бүгін біздер бірдей боп,
Теңелеміз біз бүгін.
Түн: Ал ертең күн ұзақ
Күн: Түн қысқарар бірақ.
Бірге: Ұйқы қанбай қалып,
Жүрмеңдер тек, шырақ.
4-оқушы: Наурыз келсе — құт келгені, халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел болып қарсы алайық!
Ақ әже Наурыз шашуын шашады.
Наурыз: Жайнатамын бар гүлді,
Сайратамын бұлбұлды
Мейрам етіп бұл күнді.
Ән: "Наурыз думан ".
5-оқушы: Қош келіпсің, Наурыз!
Арман тойы халықтың,
Қуанышы халықтың
Құтты болсын қадамың!
Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік біз сізге!
6-оқушы: Наурыз мейрам жүректерге нұр епкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығымен, шуағымен күн-ана
Алып келді жер бетіне гүл көктем.
7-оқушы: Қош келдің, Наурызым ардақты,
Халқым саған бар үмітті арнапты.
Жылда осылай келе бергін жасарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.
9-оқушы:
Жүріңіздер Наурызда басып аяқ,
Қалыс адам болмасын некен-саяқ.
Ән айтылсын,
Би биленсін қауым болып,
Уақыт болды тұрмайтын өнерді аяп.
Би биленеді.
10-оқушы: Халқымыздың аңыздары бойынша 21-наурыздын түнінде сағат 3-те даланы Қыдыр ата аралайды екен. Жаңа күн табалдырықты аттап үйге кіргенде "Жалғыз шала сәуле болмас" деп қос шырақ жағылып қойылады. Ыдыс атаулыны "Ырысқа" деп жеті түрлі тағамға толтырып қояды. Жыл бойы ырысымыз мол болсын деп тілейді.
Ортага Қыдыр ата келеді.
11-оқушы: Қыдыр ата ортамызға келіп тұр
Бізге ақ батасын, ақ, тілегін берейін деп.
Сәлем беріп, алақанымызды жайып,
Алайық атамыздың ақ, батасын.
Қыдыр ата: Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң,
Ак тілекті төгейін.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң, жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Уайым-қайғы жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!
Ән: "Қазағымның дәстүрлері-ай".
Ән аяқтала берген кезде есік қағып, өңі алау-далау алқынып бір бала кіреді. Басында кепеш, үстінде жамау-жасқаулы ескі шапан, аяғында қазақы шоқайма етік.
Тазша бала: Оу, амансыңдар ма, балалар, қадірменді аға, әпкелер?! Ұлыстарың оң болсын, қуаныштарың мол болсын!
12-оқушы: Айтсын. Рахмет тілегіңе. Бірақ сені танымай тұрмыз. "Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл" деген бар, құрдас. Атыңды айт.
Тазша бала: Айналайын-ай! Баяғыда Әйтеке би:
Әкемді сұрасаңыз — жетесіз, Шешемді сұрасаңыз — некесіз.
Туа салған бір баламын, Тегімді сұрап нетесіз? - деген екен. Сол айтқандай, түптеп келсек бәріне таныс Тазшаның дәл өзі боламын. Жас қусақ, сендердің аталарыңның аталары маған іні болып келеді. Халқымыз Наурызды тойлап жатыр деген соң тарих қойнауында шындап жата алмай жеткенім ғой бұл. Бай қалпымда келсем танымай қалар деп өзімнің сүйікті киімдерімді киіп шығып едім.
13-оқушы: Оу, Тазша бала, сұрауға рұқсат ет, жалғыз келемісіз?
Тазша бала: Қайдан жалғыз шығайын. Халқыма асыққан жалғыз мен ғана емес екенмін. Асаларына таянып үш абыз емпендеп келе жатыр еді артымнан, ендігі табалдырыққа жеткен шығар.
Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би есікті ашып кіріп келеді.
14-оқушы: Уа, халайық! Өздеріңізбен жүздесуге ақ баталарын беріп, өнегелі өсиеттерін айту үшін XVIII ғасырда ел басына күн туып, етігімен су кешкен заманда халықтың бірлігі мен тұтастығына ерен еңбек сіңіріп, түнектен шығар жол нұсқап, көшбасшы болған әз бабаларымыз тауып айтқан Төле би, қазып айтқан Қазыбек би, әділ айтқан Әйтеке би келіп тұр. Бабаларымыздан ұрпақтарына ғибрат боларлықтай бірер ауыз өсиет сұрайық.
Төле би: Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшысы болмаса ел жетім.
Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
Атың жақсы болса -
Ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса -
Жан мен тәннің шырағы...
Қазыбек би: Тату болса - ағайын жақын,
Ақылшы болса - апайың жақын,
Бауырмал болса — інің жақын.
Алдыңа тартқан адал асын
Қимас жақын — қарындасың.
Әйтеке би: Ашу бар жерде акыл тұрмайды.
Ашу деген — ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген — дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Ән: "Атамекен".
15-оқушы: Ата салтын бабамның
Алып келді Ұлыс күн.
Бір анадан туғандай,
Бір ұядан ұшқандай
Бір аспанның астында
Береке-бірлік болсын деп,
Көп көжеден дәм татып,
Күшейтейік бірлікті
16-оқушы: Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта, ағы бар.
Ішілетін, жейтіннің
Бұл көжеде бәрі бар.
17-оқушы: Наурыз тойың әдемі
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдейі
Наурыз көже пісірді.
Ашылды да кебеже,
Дәм әзірлеу басталды.
Әжем наурыз көжеге
Жеті түрлі ас салды.
Бидай, күріш, тары бар,
Ащы құрты тағы бар.
Көже - елдің ырзығы,
Бұл көжеде бәрі бар.
18-оқушы: Наурыз тойы - береке,
Наурыз тойы - жыр-аңыз.
Қызып дулы мереке,
Қызық думан құрамыз.
Наурыз - шаттық әніміз,
Салтанатты сәніміз.
Ән салып жастарымыз,
Би биледік бәріміз.
Егін өңін толқытқан,
Елдің көңілін шалқытқан,
Бас иеміз саған, Наурыз!
Ақ әже: Оу, аталар, аналар!
Айналайын балалар!
Жеп-ішсін деп тамсанып,
Жеті түрлі дәм салып,
Наурыз көже пісірдім.
Құйдым алтын табаққа,
Бал көжеден татыңдар,
Бар қызыққа батыңдар.
Көктем-Наурыз шағында,
Құмар болып ойынға,
Іске үлес қоспаған
Ішер бір-ақ тостаған.
Еңбекшілге талапты
Қоямын қос табақты.
Көжеге жас-кәріңді,
Шақырамын бәріңді!
Мұғалім: Наурыз құтты болсын!
Дендеріміз сау, мықты болсын.
Наурыз тойы келе берсін!
Барлық халық бакытты болсын,
Еліміздің несібесі көп болсын!
Қош, сау болыңыздар, халайық,
Көріскенше күн жарық болсын!
Көже ішіліп болган соң қонақтар арасындагы бір үлкен кісіден бата сұралады.
Ән: "Қазақы дастарханым ".