Наурыз көже – өлеңім...

Күн мен түннің теңеліп, жер дүниенің жаңаратын мезгілді де келіп жетті. Әлем құлпырып, жер ана бусанып, гүлдер қауызын жаратын көктемнің ең әдемі мерекелерінің бірі – Ұлыстың ұлы күні. Наурыз – халқымыздың дәстүрлі ұлттық мерекесі. Көктемнің жаймашуақ күнін асыға күтетін ақындар қауымы үшін бұл мереке ерекше. Назарларыңызға наурыз туралы өлеңдер топтамасын ұсынамыз!

Наурыз-өлең

Жүректерді ән тербеткен,
Күткендей бір хан қызын.
Қазақстан, кеп жеткен,
Құтты болсын Наурызың!

Қонақ күтпеу — басты айып,
(Қазаққа тең — өлгенге)
Бар жұмысты тастайық,
Ұзынсары келгенде.

Ұлыс оң, ақ мол болсын,
Қыдыр қонсын әр үйге.
Ғұмыр — ұзақ жол болсын,
Тұсау кескен сәбиге.

Айтылмаған сөз қалмай,
Жүректерге нұр толғай.
Қой үстіне бозторғай,
Жұмыртқалар жыл болғай!

Мол бақ берген Құдайым, 
Сөзінің жоқ қатасы, 
Қабыл болғай, лайым,
Атамыздың батасы, 
Әжеміздің батасы.

Қолына алған жүрегін,
Ай, құрдасым, не дейсің?
Дұрыс, иә, тілегің,
Наурызбайлар көбейсін!

Намыс деген — алдаспан,
Сайыстарға түсейік.
Жеті түрлі дәм қосқан,
Наурыз көже ішейік.

Көк байрақты бөрі елім,
Өзіңменен көп едім —
Ақылымнан да қостым, 
Намысымнан да қостым,
Өрлігімнен де қостым,
Мейірімімнен де қостым,
Қайратымнан да қостым,
Төзімімнен де қостым,
Сезімімнен де қостым —
Таңдайыңа татыса,
Жеті түрлі "дәм" қосқан,
Наурыз көже — өлеңім...

Бауыржан Бабажанұлы

... ҚАЙДА?

Астана, менің НАУРЫЗЫМ қайда,
Жолына кімдер ор қазған?
Қазаққа біткен "жалғыз ұл" қайда,
Төрелік айтып төрге озған?

Астана, менің дәстүрім қайда,
Жақсы ырым қайда кешегі?
Тасыр қоғамның тасқыны ұрмай ма?
Тұлпардан озып есегі.

Астана, менің домбырам қайда,
Мол мұрам қайда?
...Жаңғырық!
Жазмыш дейміз, сорды маңдайға,
Жазбаған шығар мәңгілік.

Астана, менің күй-әнім қайда,
Қиялым қайда күнге ұшқан?!
Күйіп кетесің, иә, мұндайда,
Біле алмай кім дос, кім дұшпан?

Астана, менің асылым қайда,
Ғасырым қайда көп күткен?
Көзімнің мынау жасы құрғай ма,
Жұбатар бір жан жоқ, тіптен!..

Астана, менің БЕСІГІМ қайда,
Есімің қайда ел сүйген?
Кеудемсоқ билік, кешірім қайда?
Меңіреу тірлік мелшиген...

Астана, менің намысым қайда,
Арысым қайда алып тым?!
Баламның сағы тағы сынбай ма?
Өтірік айтып жалықтым...

Астана, менің НАУРЫЗЫМ қайда,
Жолына жанын кім қияр?
АЗАТТЫҚ, бәлкім, ақ жүзіңді АЙҒА,
Балап жүргенім құр қиял!..

Қалқаман Сарин

Экспромт

Дала мұңын сілкіп тастап бұл күні,
Сыңғыр-сыңғыр күлдіретін құрбыны.
Қыдыр бабам Қырға келіп: "Беу" деді,
Бебеулеген белден асып тұрды үні.

Көрісті кеп, кернейлетіп бар ұлыс,
Шат көңілде шаттық жасап жарылыс.
Жақсы сөздер ұшып жатыр тілек боп,
Жақсы сөздің бәрі құс!

Күн де Аймен, Жер де Көкпен көрісті,
Жел ұлыды, желдің мұңын БӨРІ ішті.
Шенеунік тұр, шегін соза кекіріп,
Ұлы тойын ұлтабардың көр ішкі.

Кешу күні, бәрін кешем бұл күні,
Сыңғыр-сыңғыр күлдірем де құрбыны. 
Менен келіп, ешкім кешу сұрамас,
Авторитарлық Pеспублика тұрғыны!

Жанат Жаңқашұлы

***

Ізгі үмітпен тазаратын жан, сана. 
Ұлыс күні құтты болсын баршаңа.
Әз наурызбен біз риясыз қауыштық,
Жылға есен жетпегендер 
қаншама?

Наурыз көкек шықылықтап көгіңнен,
Күн көзінен шын мейірім төгілген.
Тәубе десіп, тәнті еткізген киесі,
Қасиетің ұқсас неткен өмірмен?

Ниеті асыл, жүрегінде жарқын дем.
Бір жақсылық тоса білер әр күннен.
Қазанынан қанағаты кетпеген,
Ұлыс мәңгі бірге жаса халқыммен!

Толқын Қабылша