Ұлыстың Ұлы күнін ұлттық киімдерсіз елестету мүмкін емес. Оюлы киімдердің көзді арбар қасиеті дәл осы күні арта түсетіндей. Әже-апалар кимешек киіп, келіндер ақ орамал тағынып, арулар шолпыларымен сыңғырлап, мейрамның көркін ашады. Осы жолы "Наурыз думанға не киемін?" деп жүрген ару қыздарға Массагет порталы мынадай кеңестер айтады.
Ою, нышан. Қандай киім кисеңіз де, үстіңізден қазақи ою немесе нышан білінгені дұрыс. Қазір қазақи қысқа жең жейделер көптеп таралып келеді. Солардың ішінде өзіңізге ұнағанын таңдап, шалбармен немесе әдемі белдемшемен киюге болады. Сыртынан қазақша камзол немесе кәжекей кисеңіз де артық етпейді.
Көйлектер де басты назарда болады. Бүрмелі не қос етек көйлек кие алмасаңыз да, сәнді, кешкі қазақи оюлармен ерекшеленген көйлектер таңдасаңыз болады.
Орамал. Сәнді орамалдар трендке айналды. Қазақша әрі замануи оюларды байланыстырған орамалдар қазір көп сұранысқа ие.