Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары

Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары
Фото: www.pinterest.com

Қазақтың классик жазушысы, біртуар тұлға Мұхтар Әуезов халқымыздың музыка өнері жайында: «Қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым» деген екен. Расында, бұл халқымыздың дәстүрлі музыка өнері атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан рухани-мәдени байлығы. "Ұлыстың ұлы күні" мерекесіне орай біз сіздерге ұлттық аспаптары жөнінде айтып өтпекпіз.

Керней

Керней – металлдан немесе ағаштан жасалған труба, бір жақ ұшында мүштігі бар, екінші ұшында – кең қоныш. Кернейдің үні өте ащы және күшті. Оны маң далада бірнеше шақырымнан естуге болады. Міне, сондықтан да кернейді әскери жорықтарда пайдаланған — дабылдың, шабуылдың, жеңістің, жиналудың немесе сапқа тұрудың белгісі берілген.

Керней ағаштан жасалған жағдайда оны міндетті түрде түйенің ішегімен қаптаған, себебі оның сырты жарылып кетпеуі үшін. Аспапты жылқының құйрық-жалымен безендірген. Күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев «Қыз Жібек» фильмінде кернейді іске қосқан. Дыбысы зор керней Орта Азия халықтарында әскери музыкалық аспап ретінде тартылады. Әр халықтағы кернейлердің үлгі-нұсқасы ұқсас болғанымен, аталуы, жасалуы бөлек. Өзбектерде - карнай, ұйғырларда - супнай, най деп те аталады.

Адырна

Қазақтың көп ішекті шертпелі аспабы. Аспаптың шанағы қуыс, беті көн терімен қапталады. Б.з.б. аңшылар ұстанған көне аспап саналады. Оның көне үлгісі әуелде садақ тәріздес болған. 

Адырна кері иіліп жасалады да, кіріс тағылғанда оған қарсы бағытта иіліп тұрады. Қатты серпінді адырналардан оқ атқанда шектей тартылған кірістің дірілінен гуілдеп дыбыс шығатындықтан, тілімізде "адырнасын ала өгіздей мөңіреткен" деген сөз тіркесі қалыптасқан.

Сыбызғы

Сыбызғы — бұл қарапайым бойлық ойықты флейта, сыбызғының қазақ ұлттық нұсқасы. Оны оңай жолмен жасауға болады: қақ жарылған қурайды аламыз, үш жерден ойық жасаймыз, жіппен орап бектеміз. Ал сыбызғыда ойнауды үйрену — бұдан әлдеқайда күрделі шаруа. Әдетте мұндай флейтада орындалатын күй екі дауыста болады. Біріншісі — аспаптың даусы, екіншісі — музыканттың кеңірдек үні.

Сыбызғы шопандардың отар бағып жүрген кезде жалғыздығын жебейтін аспап болған, ал кешкі демалыс мезгілінде музыканттар ол арқылы ескі аңыз-жырларды айтқан. Сыбызғышылар барлық той мен мерекелерде құрметті қонақ болған. 

Сыбызғы ойықтарынан демді жай немесе күшті шығару арқылы түрлі дыбыс әуендері туады. Сыбызғы негізінен бақташылар арасында кең тараған. Сыбызғылық күйлер әдетте екідауысты болып келеді. Бір дауыс аспаптан шықса, екінші дыбыс орындаушы-музыканттың тамақты дыбысынан пайда болған. Осы екі дыбысты қатар орындау техникасын меңгерген адам сыбызғыда ойнай алатын болған.

Сыбызғыға ұқсас аспаптар көптеген халықта бар: башқұрттарда — хыбызғы, түркмендерде — гаргы тюйдук, монғолдарда — цоор, алтайлықтарда шоор, қырғыздарда — чоор.

Саз сырнай

Саз сырнай — саз балшықтан жасалған қазақтың көне музыкалық аспабы. Оның үні құстың сайрауын жеткізіп, тамаша көңіл-күй сыйлайды. Ерте кездерде сазсырнай балалар мен жастардың арасында кең таралған. 

Шаңқобыз

Шаңқобыз – қазақтың көне музыкалык аспабы. Ағаштан, темірден кейде күмістен жасалады. Ағаштан жасалған шаңқобызға жіп байланып, сол жіпті серпіп тарту арқылы ортасындағы тілше тербеліп дыбыс шығарады. Ол ашалы сым темірден не күмістен жасалған. Шаңқобыз арасына бекітілген тілін саусақпен шалып тарту арқылы орындалады. Негізгі дыбысы (тоны) тілдің мөлшеріне байланысты.

Дыбыс көлемі бір октава шаңқобыз тартушы тіл қимылы арқылы да түрлі дыбыс шығарып отырады. Кейде орындаушылар саусақтарына қоңырау іліп алып та ойнайды. XIX ғасырда музыкалық аспап ретінде көбіне әйелдер пайдаланды. Шаңқобызға арналған "Қыз зары", "Қыз ұзату", "Қыздың мұңы" әндері мен "Шаңқауыздың толғауы" секілді күй де бар. Шаңқобыз халық аспаптар оркестрінде, ансамбльдерде қолданылады әрі жеке де ойналады. 

Жалғасы

Ж. Жұмағұлов