- Негізгі бет
- 22 наурыз 2016
- Наурыз туралы өлеңдер...
Наурыз туралы өлеңдер
Алдымызда – ұлы мейрам, Наурыз мейрамы келе жатыр. Бұл бағзы заманнан келе жатыр. Өмірде мереке, той көп. Алайда дәл наурызға теңесетіні некен-саяқ. Бұл мейрамның тарихы тіптен арыда жатыр. Ал ақындарымыз жырына қосқан бұл мейрамды жыл сайын ерекше күтетініміз тағы бар. Назарларыңызға наурыз мейрамы жайында ақындар жырларын ұсынамыз.
Наурыз
(Жаңа жыл)
Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш мал мен жан да,
Қыс шыққан өлмей тірі.
Ойнаған анау бала,
Көк орай жалын дала.
Егіндік егін еккен,
Ұзамай болар жаңа.
Бай, жарлы келген күйі,
Ойын-той ауыл, үйі.
Қой сойып, қонақ асы,
Сырзалық еткен сыйы.
Келіпті жылдың құсы,
Күнде шу көлдің тұсы.
Күн жылы ызғары жоқ,
Жаз шығып, кеткен қысы.
Боздаған анау түйе,
Құлындап жатыр бие.
Гүлдеуе бет алып тұр,
Қызарып қызыл шие.
Егінші егін егіп,
Қостанып арба жегіп.
Тыныш жоқ ерте мен кеш,
Еңбекпен азап шегіп.
Ат шауып, тай жарысқан,
Таласып бәйгі алысқан.
Көтерем арық-тұрық,
Жаз шығып жайланысқан.
Ойын-той болып жатқан,
Ел көшіп, қонып жатқан.
Жаз шығып, жазғытұры,
Анау мал толып жатқан.
Жайнаған терең сайлар,
Ойнаған кұлын-тайлар.
Ел қонып көл жағалай,
Өріске малын айдар.
Гүл өсіп гүл-гүл жайнар,
Бұтақта бұлбұл сайрар.
Тіріліп құрт-құмырсқа,
Жер жүзі быж-быж қайнар.
Сұлу жүр сылаңдаған,
Күлімдеп қылаңдаған.
Ерініп бір басуға,
Жас талдай бұраңдаған.
Қыдырып жігіт салқам,
Ерігіп күнде дарқан.
Жеңгесі жылы жүзді,
Ат қойып «кенже қалқам».
Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш мал мен жан да,
Қыс шыққан өлмей тірі.
Міржақып Дулатов
Шапағат төккен мейірлі...
Жадырап күннің жанары,
Бетті өпсе жылы самалы.
Сай-сайға ақса жылғалар,
Бұл – Наурыз хабары.
Ашылып аспан шүмегі,
Жауынмен құм да түледі.
Көкмайса жұмсақ құлпырған,
Бұл – Наурыз кілемі.
Бусанып тарғыл атырап,
Нәрленіп торғын топырақ.
Жауқасын өссе жотада,
Бұл – Наурыз-жапырақ.
Көз тігіп Күнге барлығы,
Бүршігін жарса әр гүлі.
Халыққа бақыт тілеген,
Бұл Наурыздың жарлығы.
Бөктіріп көктем жаңбыры,
Тіріліп шөптің тамыры.
Бүрленсе жусан бұрқырап,
Бұл – Наурыздың таң нұры.
Қауымға қалың дүр болған,
Шаттыққа бөлер жыр болған.
Шапағат төккен мейірлі,
Бұл – Наурыз ғой, нұр болған.
Себелеп жаңбыр жауып тұр,
Емшегін бұлттың сауып тұр.
Жақчылық нәрін мол сепкен,
Бұл – Наурыз сауық-жыр.
Тілегін айтып ұнаған,
Арылса туыс күнәдан.
Көңілде күдік қалдырмас,
Бұл – Наурыз шын адам.
Тұқымын сеуіп ырыс-құт,
Дем алса диқан тыныс қып.
Тірлік пен байлық бастауы,
Наурыз сыйы тыныштық.
Тәуелсіз елдің адамы,
Бейбіт күн берік қамалы.
Құт болсын дейік ағайын,
Жаңа күн Наурыз қадамы.
Әли Ысқабай
Халқымның көзайымы
Наурыз көже дәміңнен дәм татайын,
Наурызкөкке қауынып тіл қатайын.
Наурыз гүлді толтырып құшағыма,
Ақ әжеден ақырын сыр тартайын.
Наурыз күні көрісіп үлкендерге,
Қамзол менен кәжекей ки сендер де.
Ақ көйлектің белін буын бүрмелі,
Әп-әсем боп шығыңдаршы көрмеге.
Ақсақал қарт шаттансын қолымды алып,
Ал келіндер жүгірсін сәлем салып.
Ақ жаулықты Анаға иілейін,
Лебізінен бойыма қасиет дарып.
Тайқазанда сүр етсоғым қайнасын,
Табақ тартар жігіттер де сайлансын.
Қазы-қарта ақ дастарқан үстінде,
Ақ бауырсақ күрең шаймен жайнасын.
Келіншекке самаурыны жарассын,
Бала-шаға шашу терсін, талассын.
Бәйбішелер тұсау кесіп ырыммен,
Балбөбекке бата жасап жол ашсын.
Палуандарым күрессін күшіменен,
Нар жігіттер көрінсін ісіменен.
Ақ отауда Ақбаян, Ақжүніске,
Сері жігіт сөз айтсын бәсіменен.
Қос ішекті домбырам бебеулесін,
Киіз үйде қыз-желең «беу-беу» десін.
Кәрінің де жастың да көңіл-күйі,
Көтеріңкі, биікке әуелесін.
Шолпы тақсын жеңешем әсемдене,
Әнге бассын сырбазың әсерлене.
Бәйне алдын бермейтін жігіт қайда,
Сүйіншісін әкелген есіңде ме...
Қынай белдер бұралсын сұлуланып,
Жүректерді бейкүнә нұрға малып.
Салқам ағам қалыспас арулардан,
«Айнамкөздей» әдемі әнге салып.
Наурыз күні – халқымның көзайымы,
Әдет-ғұрып, салтымның жоқ айыбы.
Қазағымның болмысы, көрінісі,
Ғасырлардан-ғасырға асар әлі.
Гүлнәр Науырша
Жайнасын жаңа жылың, жарқын тойың
Наурыз – жылдың басы!
Көктем басы!
Ежелден оған куә – өткен ғасыр.
Ақ шуақ – адамзаттың мейірімі де,
Ақ жаңбыр – табиғаттың төккен жасы.
Наурыз – мұсылманның бір белеңі,
Наурыз – арулардың гүл-желегі.
Жер-Ана жасарғандай, жаңарғандай,
Бұл к.ні ғажайып бір түрге енеді.
Наурыз – құт-береке, ұлыс күні,
Ұлыс күні – халқымыздың тыныштығы.
Қазақтың аспанында желбірейді,
Тәуелсіз еліміздің күміс Туы!
Наурыз – адамзатқа не береді? –
Бұл айда күн менен түн теңеледі.
Жер көктеп, ағаш гүлдеп жайалады,
Болады кеипір-шалдар – немерелі.
Қой қоздап, қошақандар маңыраған,
Жайлауды толтырады – қаңыраған.
Ақ қанат махаббаттар отау тігіп,
Әр үйдің шат қылады шаңырағын.
Наурыз – әрбір үйге еркін кіріп,
Жүреді жан біткенді – желпіндіріп.
Табысып, танысады – үлкен-кіші,
Бір-бірін туыс қылып, төркін қылып...
Бұл күні барша халық сауық құрып,
Санадан жоғалады – қауіптілік.
Жасартып жан біткенді жібереді,
Көктемнің ақ жаңбыры жауып тұрып.
Жайылып ақ дастарқан – қонақасың,
Қамқоршы бір-біріңе, бол Алашым.
Жайнасын жаңа жылың, жарқын тойың,
Жаныңа еш жамандық жоламасын!
Мақсұт Неталиев
Н. Үсенова