Ұлыстың ұлы күніне баланатын Наурыз – жыл басы, көктем мерекесі, жаңару мен тазару күні, алыс-жақын туыстармен көрісу, көрші-қолаң, ағайынмен қауышып, жақындасу мейрамы.
Шыны керек, ұлт зиялылары осы күнге дейін Наурыздың тойлануына көңілдерінің толмайтынын айтып, оның науқандық сипатта өтіп, киіз үй тігіліп, шапан киіліп, көже ішумен шектелетін қойылымға айналғанын баспасөз беттерінде талай сынап жүрді.
Айжан Бекқұлованың айтуынша, бүгінде «Қазақстанда жасалған» деген атқа ие, «қазақ брендіне» айналып отырған қолөнер туындыларына халықаралық ұйым өкілдері де қызығушылық танытып отыр. Өз кезегінде қолөнерші қазақстандық шеберлердің қолынан шыққан тұскиіздерді, тіпті ЮНЕСКО сияқты ірі халықаралық ұйымда қызмет ететін азаматтар сатып алып, оны «Қазақстанның бір бөлігіне» балап, өз кеңсесіне іліп қояды екен.
Маманның айтуынша, бұл отандық өнімдердің сапасын көрсетумен қатар, қазақ халқына деген жоғары құрметті де айғақтайды. Осылайша ойын жалғастырған ол: «Жақында біз Италияда өткен қолөнершілер көрмесіне қатыстық. Таңғалғаным, Қырғызстаннан келген әріптестеріміз біздің шеберлеріміз дайындаған тұскиізді көріп: «Неге сіз антиквариатқа жататын тұскиізді әкелдіңіз? Талап бойынша, байырғы заманда емес, қазіргі күні дайындалған өнім болуы керек қой...» – деп ренжіді.
Кейін олар тұскиіздің ескі технологиялармен, бірақ қазіргі заманда жасалғанын көріп таң қалысты. Қырғыздарды біздің шеберлердің сондай ауқымды жобалармен айналысып жатқаны таңдай қақтырып отыр» дейді.
Қолөнершінің сөзінің жаны бар. Жылда тойланатын Астана күнінде Ханшатырдың маңында киіз үйлер тігіліп, этноауылдың бой көтеретіні мәлім. Байқауымызша, Орталық Азия аймағынан келетін шеберлердің ұлт-тық өнімдері жылда қайталанады, жаңа ұсыныстар, тың бастамалар мен ізденістердің бары байқалмайды. Есесіне, жергілікті қазақ қолөнершілерінің жаңа заманғы бастамаларынан бөлек, Қытай, Моңғолияда тұратын бауырларымыздың да ұлттық өнімдерді жаңа сатыға көтеру қадамдары таңғалдырады. Мәселен, Қытайда өндірілген «Электронды қазақ үй» Қазақстанда жасалған «Даналық әліппесі», «Абайтану әліппесімен» қатар даналықты дәріптейтін заманауи тәрбие құралдарының қатарына еніп отыр. Сол сияқты электронды бесіктер, заманауи ұлт-аспаптары, т.б. өнімдер отандық шеберлер ізденісінің сәтті аяқталып жатқанын көрсетеді. Наурыз жәрмеңкелерінде ұсынылып жүрген осы тектес туындылар тек жергілікті халықтың ғана емес, жалпы, шетелдік туристер-дің де жылы ықыласын туғызып отырғаны анық.
Бір әттеген-айы, қазақтың қазақтығын танытатын этноауылдардың тұрақты түрде жұмыс істемей, тек мерекелік шараларға орай бой көтеріп отыруы. Әрине, соңғы кездері жыл бойы жұмыс істейтін этноауылдарды салу бастамасы да жиі көтеріліп келеді. Бұл орайда EXPO-2017 көрмесіне қазақ халқының бүкіл мәдениетін екі күн ішінде шетелдік туристерге таныстыруға мүмкіндік беретін этноауылдың салынатыны жария етілген еді. Бұл бастама да тек қазақтың қолөнер туындыларын ғана емес, жалпы, отандық шеберлердің есімдерін күллі әлемге танытуға жол ашатын мүмкіндік болса керек.
Наурыз Қазақстанда тұратын қазақ ұлты мен түркітілдес, бауырлас халықтар үшін төл мерекесі болса, өзге этнос өкілдеріне әу бастан сәл таңсықтау мейрам болғаны мәлім. Десе де, Наурыздың 1988 жылдан бері тұрақты түрде әрі кең көлемде аталып өтуі барша қазақстандықтардың басын біріктіруге оң ықпал етуде. Бүгінде елімізде тұратын орыстар мен немістер, украиндар мен кәрістер де наурызды асыға күтетінін жеткізеді.
Наурыз үш күн бойы демалатын мереке сипатынан шығып, үш күн бойы ел аралап, көрші-қолаңды құттықтап, өзара жақындасудың мейрамына, былайша айтсақ, ұлтты ұйыстыратын айтулы күндердің біріне айналып отыр. Қуантарлығы, мұндай мерекелік күндері қазақстандықтар шетелге емес, елдің өз ішінде демалуды әдетке айналдырып, биік ғимараттары аспанмен түйіскен Астанаға немесе көктемнің иісі ерте сезілетін Алматыға жер-жерден келіп, ірі мегаполистерді аралап, шоппинг жасауға дағдыланып келеді. Оның үстіне, ірі қалаларда бұл күндері әрқилы жәрмеңкелер мен көрмелер, қойылымдар мен мерекелік концерттер көп ұйымдастырылады. Тіпті, алдын ала қайда барамыз деп шешіп алмасаңыздар, Наурыздың ең қызықты шараларынан тыс қалуыңыз мүмкін.
Бұл күндері тек ауылдарда ғана емес, Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда тұрғындардың ұлттық камзол, бешпет, тақия киіп, көшеге шығып, ұлттық киімдерді насихаттап жүргені қуантады. Тіпті Қазақстанның Батыс бөлігінде соңғы 5-6 жылда 14 наурыз – көрісу күнінен бастап жұмысқа ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген камзолдарды киіп келу үрдісі кең жайылып жатыр екен. Әлеуметтік желілерде де көптеген азаматтар, оның ішінде, танымал тұлғалар да бар, ұлттық киім киген суреттерін іліп, желі қолданушыларына позитивті көңіл күй сыйлап отыр. Сарапшылар мұның бәрі қазақ халқының аясында өзге ұлыс өкілдерінің біріге бастауына өзіндік оң әсер тигізеріне сенімді.