Massaget.kz порталы барша қазақстандықтарды 22 Наурыз мейрамымен құттықтайды! Әз Наурыз бүкіл әлем халқы үшін табысты да, шаттыққа толы жыл болсын. Шаңырақтар шайқалмасын, әр үйден бақ-береке кетпесін.
Наурыз – Орта Азия халықтары бес мың жыл бойы тойлап келе жатқан әлемнің ең көне мейрамдарының бірі.
Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Бұл мейрамды қазақ халқы «Армысың, әз Наурыз», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алған.
«Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан…» – деген бағзыдан келе жатқан сөздің астарында көп мән жатыр. Тіпті, бұл күні реніш, өкпе дегенге орын берілмеуі қажет. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш». «Жақсылыққа жақсылық –жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі», «Тас атқанға – ас ат» секілді нақылдар осынау қасиетті де қадірлі күндері өмірге келсе керек. Наурыз тойында үлкендер ат құйрығын кесісіп, бір-бірлерінен көңілдері қалған бауырларды, дос-жаранды табыстырып, ел ішіндегі бірлік-ынтымақты күшейтуге үлес қосқан.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!