- Негізгі бет
- 22 наурыз 2016
- Мешін деген не?...
Мешін деген не?
2016 жыл мешін жылы. Жалпы жыл қайыру, 12 жылдық айналымды мүшел деп атау, әр жылға бір хайуанның атын беру үрдісінің қайдан шыққаны туралы болжамдар көп. Мұның түп-тамыры шығыста, көне Вавилоннан бастау алады деген деректер бар. Ал, кейбір ғалымдар бұл дәстүр көне түркі-моңғол халықтарынан шығып, бұдан кейін ол Қытай мен Тибетке тараған дейді.
Қайсысының ақиқат екендігін білмедік, бірақ бабаларымыз әр жылға бір аңның атын беруді тым ертеден бастаған сияқты. Мәселен, 8 ғасырда түріктің көксемсері атанған Күлтегіннің басына қойылған ескерткіште оның қой жылы қайтыс болып, басына қойылған бітік тастағы жазулардың мешін жылы қашалғаны жазылған. Осы және басқа да көне түркі жазуларында соғыстардың, жорықтардың, оқиғалардың даталары үнемі «қоян жылында», «доңыз жылында» деген сияқты тіркестермен берілген. Соған қарағанда жыл санаудың бұл түрі көшпенділердің күнделікті өмірімен біте қайнасқан тәрізді.
Табалдырықтан аттағалы жатқан жыл—мешін. Тышқаннан басталатын 12 жыл атауларының ішінде ол тоғызыншы болып тұр. Жалпы қазақтың жыл қайыруының қытай, басқа да шығыс халықтары қолданатын шығыс күнтізбесіне қарағанда аз-маз өзгешелігі бар. Мәселен шығыс күнтізбесіндегі қораз жылы біздіңше тауық, жолбарыс—барыс, ешкі—қой деп аталады. Бірақ бұлардың ішінде екі аңның атауы бізге түсініксіздеу. Оның біріншісі ұлу, екіншісі біз әңгіме еткелі отырған мешін.
Ұлудың не мағына беретіні туралы түрлі болжамдар бар. Ол өзіміз білетін кәдімгі ұлу ма, жоқ әлде басқа ма? Қытай күнтізбесінде ұлу жылы— айдаһар деп аталады. Кейбір зерттеушілер «ұлу қытайдың «лұн» деген сөзінен шыққан, бұл айдаһар деген мағынаны береді, оны ұлу жәндігімен шатастырмау қажет» дегенді айтады. Ал мешін туралы біржақты пікір жоқ. Шығыс күнтізбесінде ол маймыл деп аталады. Бірақ мешін деген расында да маймыл ма, әлде басқа жануар ма, бұған келгенде талас –тартыстың бары рас.
Қытайда тұратын қазақтар мешін деп суда өмір сүретін кене тәріздес жәндікті атайтынға ұқсайды. Мешін деген балық дегенді де айтушылар бар. Көне тарихи деректерде ол «бічін», «мәчін» деген түрінде кездеседі. Оның мағынасы қазақтың «мешел», «мешеу» деген сөзіне жақын келетін сияқты. Жалпы, түркі-моңғол халықтарының ұғымында «мешін» деген сөз жақсы мағына бермейді. Ол «азғын», «опасыз», «жабайы», «тағы» дегенді білдіреді.
Мына бір деректі қараңыз, елуінші жылдары Моңғолияға барып, Күлтегін ескерткішін зерттеген кеңес археологтары жергілікті халықтан аң тәріздес жабайы адамдар туралы аңыз-әңгімелерді естіген екен. Сол аңыздарға қарағанда моңғол жерінде айналасындағыларға опасыздық жасап, соның кесірінен жұрттан қуылып, аңға айналып кеткен тағы адамдар өмір сүреді. Бір қызығы, көне қытай, моңғол деректерінде ол тағы адамдар «битчун» деп аталған. Тіпті «битчунның» көнеде салынған суреттері де табылған. Суретте ол жартылай адам, жартылай маймыл түрінде бейнеленген. Осы мәліметтерге қарағанда мешін біздің түсінігіміздегі «қар адамына» сәйкес келетін сияқты.
Ал мешіннің, яғни адам-маймылдың қазақтың жыл қайыруына не себепті енгені тағы да түсініксіздеу.
@. @assel_assanova