- Негізгі бет
- 22 наурыз 2016
- Мерекелік дастарқанға не...
Мерекелік дастарқанға не қоямыз?
Көптен күткен Наурыз мейрамына да санаулы күндер қалды. Қонағы тыйылмаған, дастарқаны жиылмаған қазақтың осы күнінде үйі қуанышқа кенелері анық. Мерекелік үстелді дәстүрлі тағамдарсыз елестету тіптен қиын. Олай болса, дарқан қазақтың дастарқанында ұлық мерекеде не тұрады?
Бауырсақ – халықтың тым ертеден келе жатқан ұлттық тағамы. Бидай ұнынан ашытқан қамырды әртүрлі үлгіде кесіп, қызған майға пісіреді. Бұл басқа нан тағамдарына қарағанда дәмді әрі көп сақталады. Ауа жеткілікті болса, көгермейді. Қазақ дастарқанының ажары. Әр адам оны сүйсіне жейді.
Шелпек – қамырды оқтаумен әбден жұқарғанша ысып, майға пісіретін нан. Жұқа, жұмсақ әрі майлы болып піседі. Ас атасы деп қастерлеген нанның бұл түрі Наурыз дастарқанының сәні болады.
Әсіп. етті, өкпе, бауыр мен бүйректі, құйрық майды өте ұсақ етіп турап, ұсақ туралған пияз, тұз қосып, кейде күріш қосып, жақсылап араластырып, жаңа сойған малдың майлы ішегіне салып пісіреді. Мұның еті жұмсақ әрі дәмді, сорпасы да аса дәмді болады.
Қазы-қарта, жал-жая – тамақ берекесі мен беделі де осы аталған мүшелерге тікелей байланысты. Семіз қазы, айшықты қарта, майлы қарын, кертпе жал, сарыала жая қазақ мақтанышы ғана емес, денсаулыққа пайдалы тағамдар.
Талқан – қуырылған бидайдан, тарыдан, арпадан, жүгеріден ұнтақталып дайындалады. Ерте кезде талқан дайындаудың екі тәсілі болған. Талқан аса дәмді әрі құнарлы тамақ. Оңы майға, кілегейге, қаймаққа кеулеп жеуге де, шайға салуға да болады. Талқан салған шай қою болады әрі тез суиды.
Жент – ұлттық тағам. Жент қыста қатпайды, жазда бұзылмайды, әрқашан дәмі мен нәрін сақтайды, соған орай көшпелі халықтың дастарқанынан мол орын алған. Жент шай дастарқанына қойылады.
Қымыз – халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы үздіксіз пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамы. Ол тек тағам емес, сонымен қатар, халықтың қасиетін, дәулетін, салтанатын, байлығын, мырзалығын, дастарқан берекесін білдіретін ырыс белгісі. Басқа тағамдарға қарағанда қымызды дайындаудың әдіс-тәсілдері, кәде-жоралары көп.
Қуырдақ – кәделі, маңызды, дәстүрлі тағам. Көбінесе, ол соғым сою кезінде дайындалады. Тұздалған, кепкен еттен қуырдақ қуырмайды, қуырса да жас еттей дәмді, татымды болмайды. Қазақ: «Етті қуырған құртады, малды шұбырған құртады» деп қуырдақты қуыра бермейтін әдеті тағы бар.
Наурызкөже – 22 наурыз мейрамына ғана тән, көпшілікке арналған тағам. Оны әр үй жеті дәмнен жасап, оған қазы шұжық сияқты сыйлы ет мүшелерін қосып, мейраммен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурызкөженің дәстүрлік, мейрамдық, ұлттық тағылымы өте зор. Ол баршаны мейірімділікке, ізгілікке, бірлікке, татулыққа шақырады.
Г. Берік