- Негізгі бет
- 22 наурыз 2016
- Әуезов театры Наурыз...
Әуезов театры Наурыз тойға шақырады
90 жылдық тарихы бар қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов театры “Театр көктемі – 2016” (24-27 наурыз) фестивалі қарсаңында наурыздың 23 күні сағат 12:00 театр ғимаратының алдында киіз үй тігіп, қазан көтеріп, наурыз мейрамын тойламақ.
Сайын далада сайран салып, сауық құрған, төрт түлік малын бағып, Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Алатауға дейінгі ен даланы емін-еркін жайлаған қазақ үшін жылдың басы – күн мен түн теңеліп, самарқаның көк тасы еріп, Жер Ананың бауырына көк шыққан наурыз мерекесі. Жер Ана бусанып, табиғат түлеген, жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілген сәтінде қыраттың балаусасы қылтиып, ағаш біткен бүр жарса, елдің көркі қыз-келіншек тотыдайын таранып, ажарынан нұр тамар.
“Малдың аузы көкке, елдің аузы аққа жетіп”, жеті түрлі дәмнен наурыз көже дайындау – молшылықтың белгісі. Тек жылдың бір мезгілінде ғана тойланатын бұл мерекеде әзірленетін Ұлттық тағам “Наурыз көжені” халық арасында “Көп көже” деп те атайды. Мұның мәнісі, көппен көрген ұлы тойда жасалатын ас көпке арналып, тайқазанда дайындалып, жалпы халықтың ауыз тиетінінде. Ал, оның астарында қазақ халқының дархандығы, дастарханының қашан да көпке, қуанышқа жайылатыны жатыр.
Театр – адам жанына рухани ләззат сыйлайтын өнер ордасы. Бүгінде жаһанданудың әлегімен жанталасқа түскен заманда ұлттық құндылық ұғымын дәріптеу, салт-дәстүрді жаңғырту, қазақ өнерінің тарих сахнасындағы жауһарларын сақтау, ұрпақ тәрбиелеу мәселелерінде театрдың ролі зор. “Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады” деген режиссер Робер Лепаждың сөзі-ақ мәдениет ошағының қоғамдағы орнының маңыздылығын айқындай түспек. Ендеше, ұлттық құндылық дәріптелетін бұл мерекеден исі қазақтың иісі аңқыған, қазақ өнерінің майталмандары еңбек ететін 90 жылдық тарихы бар Бас театр да қапы қалмақ емес.
Көктем – жаңарудың бастау бұлағы десек, наурыз мейрамында өмір атты керуеннің жолаушысы болған әр жанға жаңашылдық тілей отырып, Ұлыстың ұлы күні 23 наурыз күні М.Әуезов театрының алдында өтетін “Қош келдің, әз Наурыз” атты мерекелік іс-шараға шақырамыз!
Дайындаған: Мөлдір Бекжан
@. @assel_assanova