Маңғыстау халқының жартысы жыл сайын Амал мейрамын Отпан тауда қарсы алады. Адай ата ұрпақтары әр жылда бір-біріне эстафета жалғап, кезегімен ұйымдастыратын үлгілі үрдіске айналды.
Отпан тау басындағы Амал мейрамын ұйымдастыруды өткен жылы Жары руының азаматтары абыроймен атқарды. Ал биыл бұл игі істі Ер Қосай (Түркменадай) руынан тараған ұрпақ мойнына алды.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен зияткерлер, ғалымдар келіп, Отпан тауда бас қосады. Қашықта тұратын Қосай ұрпақтары жиналып, танымайтын ағайындарымен табысады.
Атаулы күнге орай ұйымдастырылған іс-шара 13 наурыз күні, сағат 17:00 басталды. «Ошақ бәйге» аталған ат жарысы өтті. Шабандоздарға үш темір тұлпар тарту етілді.
Қалнияз Шопықұлының құрметіне жыршылар бәйгесі өтті. Ата-баба дәстүрімен Әбіш Кекілбайұлы, Майлыбай Әминұлы әруағына бағыштап құран оқылды. Күрес, қол күрес, арқан тартыстан бастап қазақтың барша ұлттық ойындары ойналды, жеңімпаздар сый-сияпатсыз қалмады.
Жыл сайын қайталанатын үрдіс бойынша, Отпан таудың ең биік шыңы Қаратауда, теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте Бірлік алауы жағылды. Сағат 21:00-де жастар алау жағып, ақсақалдарға табыстады.
– Алау бірнеше жағдайда жағылады. Амал мейрамында жағылатын қызыл жалынды, түтінсіз от бейбітшілік оты болып саналады. Жау шапқанда түтін шығатын нәрселер салып, қара түтінді от жағатын болған. Кеңеске шақыратын отты ақ түтінді етіп жағады. Қазақ еліміздің аспаны ашық болсын. Елімізде бейбітшілік, ынтымақ болсын. Жан-жақтағы ағайындарымыз бір-бірімізді тауып, Амалдан Амалға аман жете берейік, – деді Қосай ата ұрпағы Нұрлан Ділжанов.
Түн болғанда мейрамға жиналған барша жұрт Отпан тауда жағылған Бірлік алауы мен аспанды түрлі түске бояған от шашуды шаттана тамашалады.
Екі күнге жалғасқан шараның қызығы бүгін, 14 наурыз күні басталады. Театрланған қойылымдар, концерттік бағдарлама, көкпар шабу, аламан бәйге, өзге де көңілді шаралар осы күнге жоспарланған. Ұйымдастырушылар Қосай, Ер Қосай атты азаматтарды марапаттауды жоспарлады.
Отпан тауда Қазақстанның әр облысынан, әр ауданынан келетін құрметті қонақтарға арналып берекелі дастарқан дайындалды. Жергілікті жер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардан жәрмеңке ұйымдастырылды.
Маңғыстаудың Амал мейрамы атмосферасын жүрекпен сезінгіңіз келсе, бейнежазбаға назар аударыңыз.