22 наурыз мейрамына арналған сценарий

22 наурыз мейрамына арналған сценарий
Фото: lib.kstu.kz

Сценарий тақырыбы: Қош келдің, әз Наурыз!

Сценарий мақсаты: Наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу.

Сценарий барысы: Кіріспе.

Мұғалім: - Армысыздар, ұстаздар, ата – аналар, қонақтар! Бәріміздің асыға күткен Наурыз тойымыз келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын! Наурыз – «жаңа күн» деген сөз. Бұл күн – біздің ата – бабаларымыз, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Наурыз тойымыз құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні деп аталған Наурызда денсаулықтарыңыз мықты болсын, тілектеріңіз қабыл болсын!

1-жүргізуші:

Наурыз – көктем мерекесі. Наурыз – жыл басы. Наурыз – жаңа серпін, жаңа леп.

2-жүргізуші: Наурыз – қуаныш мерекесі, Бақыт пен шаттық мерекесі.

1-жүргізуші: Наурыз – шаруаның мерекесі. Наурыз – еңбек мерекесі.

2-жүргізуші:

Армысыңдар, халайық, 
Бармысыңдар, халайық. 
Наурыз тойын жұп жазбай 
Жылда қарсы алайық.

1-жүргізуші:

Ал, халайық, тұрмайық, 
Әндетейік жырлайық! 
Ортамызды ашайық, 
Ырыс тілеп бұл жылға, 
Жырдан шашу шашайық!

Хор: «Наурыз той»

Ая: 

Қыс өтіп қар кетті, 
Жырлайық жаз жетті. 
Мейрамы ежелден 
Құтты болсын Наурыз!

Жазира:

Әнім де саған, биім де, 
Құт қонақ өзің үйімде. 
Қуаныш сыйлар еліме, 
Күлімде, Наурыз, күлімде.

Айжан:

Күн менен түн теңелді, 
Жер шуаққа кенелді, 
Қуанышта ел енді. 
Наурыз келді салтымыз: 
Көгерсін деп халқымыз 
Көшеге тал егеді. 
Наурыз тойы –  береке, 
Наурыз тойы – жыр-аңыз.

Мұғалім: Наурыз айы – Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл айда жылдың алғашқы айы есебінде күн мен түн теңеледі, сол себептен Наурыз жыл басы болып саналады.

1-жүргізуші: 

Жауқазындай жайқалған гүлдерміз біз, 
Ұтармыз біз, қолдасаңыз сіз. 
Бақыт, шаттық, көңілге арман тілеп, 
Өмірде болмасыншы ызғар мен сыз.

2-жүргізуші: Құрметті қонақтар мен ұстаздар! Біздің сыныбымыздың оқушылары өзара бақ сынасып, сайысқа түспекші. Ендеше, көп күттірмей сол оқушыларымызды ортаға шақырайық.1-жұп: Дильназ бен Арсен, 2-жұп: Бержан мен Гүлжан, 3-жұп: Меруерт пен Айдын.

1-жүргізуші: Сайыс бағдарламасы 5 байқаудан тұрады.

1-бөлім: «Кел, танысайық» 
2-бөлім: «Ағаш көркі жапырық» 
3-бөлім: «Өнерлі өрге жүзер» 
4-бөлім: «Мені жалғастыр» 
5-бөлім: «Ою ойғанның ойы ұшқыр».

2 - жүргізуші: Әділ – қазы береді, 
Өздеріңе сыйлықты. 
Бізге айтып береді, 
Кім өнерлі, кім мықты? - деп әділ – қазылар алқасымен таныстырып өтеді.

Нұрдос: 

Ақпан кетті араз боп Наурызбен, 
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп. 
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген 
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.

Назгүл: 

Наурызды тәңір бізге нәсіп еткен, 
Мейірім танысын деп тасып өткен. 
Наурыз сән – салтанат, ұлттық рух, 
Бақытты Наурызы бар халқым неткен!

1-жүргізуші: Деген екен Қазақ халқы «Сәлем – сөздің анасы,» 
Біледі оны еңкейген қарт, еңбектеген баласы. 
Амандасу – ізгіліктің, сыпайылықтың белгісі, 
Сәлем достар! Амансың ба? Қалайсың? – деп «Кел, танысайық!» атты бөлімімізді бастаймыз. Ортаға сайыскерлерімізді шақырамыз.

2-жүргізуші: Келесі бөліміміз «Ағаш көркі жапырақ» деп аталады. Бұл бөлімде сайыскерлеріміз жапырақтарды алып, ондағы сұрақтар жауап береді. Жауап берген соң жапырақты мына талға іліп, ағашты безендіреді.

1-сұрақ: Абайдың шын аты кім? (Ибраһим) 
2-сұрақ: 1 дециметрде неше сантиметр бар? (10см) 
3-сұрақ: Адам өміріне қажетті 5 жағдай...(ауа, тағам, жылу, жарық, су) 
4-сұрақ: Қызыл кітап не үшін қажет? (Азайып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді қорғау үшін қажет) 
5-сұрақ: Зат есім дегеніміз не? (Заттың атын білдіретін сөздерді зат есім дейміз. Зат есімдерге не? Нелер? кім? Кімдер? Деген сұрақтар қойылады. Зат есімнің жалпы, жалқы жекеше, көпше сияқты түрлері бар.) 
6-сұрақ: Жұмбақ. 
Ағаштардың көсемі 
Мәңгі жасыл бұтағы. 
Мекен ғып тау өлкені, 
Кәусар ауа жұтады. (Шырша)

Альбина:

Наурызым ғажап туысың, 
Ұлыстың ұлы күнісің. 
Жылыттың жердің жүрегін, 
Жүрегі елдің жылысын.

Берекет:

Наурызым - тойлы нұрлы күн, 
Мерейің асып тұр бүгін. 
Жерімнің жүзін жылыттың, 
Елімнің сақта бірлігін!

Ән: «Аққуым менің» Орындайтын Оразбаева Ая.

1-жүргізуші:

Кедеймін деп қысылма, 
Өнерің болса қолыңда. 
Өнерлінің ырысы 
Жарқырап жатыр жолында. 
Сайыста ән салайық, би билейік, 
Өнермен өрге басып кідірмейік. (Әр жұп өз өнерлерін көрсетеді.)

Ақмерей:

Арда өсіп, адал емген ақ уызың, 
Қалдырған ғасырларға нәрлі ізін. 
Көк бөрілі байрағын желбіретіп, 
Көк түріктер тойлаған Наурызым.

Аркен:

Наурыз – достық, Наурыз – күн, 
Барша халық бірлігі. 
Тағы келді Ұлыс күн, 
Жалғасып ғалам тірлігі.

Ақниет:

Наурыз тойы – береке, 
Наурыз тойы – жыр-аңыз. 
Қызық думан  мереке, 
Қызық думан құрамыз.

2-жүргізуші: Келесі бөлім «Мені жалғастыр» деп аталады. Бұл бөлімде карточка алып, ішіндегі мақалды немесе өлең жолдарын жалғастырады. Ортаға барлық сайыскерлерімізді шақырамыз.

1) Әдепті бала – арлы бала,

............................................

Өлеңді жалғастыр

................. тоңбаймын,

.................. қорғаймын.

Ойынға бір. ..................

Секеңдеуді . ....................

2) Таулы жер бұлақсыз болмас,

...................................................

Өлеңді жалғастыр.

.................... сайрайды,

..................... жайнайды.

...................... құлпырып,

....................... сыйлайды.

3) Бір тал кессең -. .........................

Өлеңді жалғастыр.

................. атпаймыз,

................. сатпаймыз.

.................. қорғаймыз,

................. ақтаймыз.

1-жүргізуші:

Сырмақ ойып, текемет, киіз басқан, 
Өнерлі шеберлер бар даңқы асқан. 
«Шеше көреген тон пішер» деген рас, 
Қыздарымыз шебер қолға араласқан, - дей отыра қыздарымыздың ою оюының кереметін тамашалайық. Ортаға қыздарымызды шақырайық.

2-жүргізуші: Енді ұлдарымыздың мергендігі мен шыдамдылығын анықтау мақсатында асық атып жарыстырайық. Ортаға ұлдарымызды шақырайық.

1-жүргізуші:

Көрсетті өнерлерін жаңа ғана, 
Сыналып үлкендерден үлгі алуға. 
Салты бар өнерлі осы ортада, 
Берер деп әділ – қазы әділ баға – деп, әділ – қазыларға сөз кезегін береміз.

2-жүргізуші:

Келер күнге бар үмітті табынтып, 
Бар халықты қуантатын бұл қай кез? (Хормен) Наурыз!

1-жүргізуші:

Шашу! Шашу! Көп шашайық шашуды, 
Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр. 
Уа, жамағат, теріп ал несібіңді, 
Ризығың болсын көл – көсір!

2-жүргізуші:

Қашанда құт – береке орнасын деп, 
Тойларда шашу шашу - салты елімнің. 
Уа, халайық! Теріп ал несібіңді, 
Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің! Құттықтау сөз директордың бастауыш сыныптар бойынша оқу-тәрбие жөніндегі орынбасарына, ата-аналарға беріледі.

Дереккөз: zharar.com

Г. Берік