- Негізгі бет
- 22 наурыз 2015
- Наурыз − ұйқыңызды...
Наурыз − ұйқыңызды ашып, сезіміңізді селт еткізер мейрам
Наурыз айында жер көгеріп, қысқы ұйқыдағы аңдар оянып, дүние жаңара бастайды. Күн мен түн теңеледі. Халық та ұзын-сонар суық қыспен қош айтысып, Абай атамызша айтсақ: "Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, қуанысып, көріседі".
Наурызнама немесе Наурыз тойы ойын-сауығы тойланады. Халықтың нанымы бойынша Ұлыстың ұлы күнінде Қызыр баба ел аралайды.
Бірнеше күнге созылатын осы тойда барлық ел ауыр, ескі киімдерін тастап, жаңа киімдерін киіп, үлкен демей, кіші демей осы тойға өз өнері жеткенше атсалысады. Бәйге, көкпар, күрес, жамбы ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлерінен бәсекелер өткізілген. Халық жеті түрлі дәмнен тағайындалған наурыз көжеден дәм татады. Ал ақсақалдар өздеріне арнайы жылы-жұмсақ тағамдардан пісірілген, "бел көтерер" деп аталатын дәмнен ауыз тиіп, жастарға баталарын берген.
Жастар алтыбақан теуіп, бір-біріне ыстық тілектерін білдіріп, наурыз жырларын, жұмбақтар айтқан. Ақындар қолдарына домбыраларын алып, таңды таңға ұрып айтысқан.
Наурызнамада қыз-келіншектер тағамдардан ұйқыашар дәмін әзірлеген. Ұйқыашар - жігіттерге "ұлыстың ұлы күні" ұйықтап қалмау үшін, қысқы соғымның соңғы етінен уызға салып даярланатын дәм. Бойжеткендер ұнатқан жігіттеріне ұйқыашардан дәм татқызып, өздері кестелеген беторамалдарын сыйласа, жігіттер сүйгендеріне сақина, сырға, иіс су, айна, тарақ сияқты ол кездегі өте қымбат бұйымдарды сыйға тартатын болған. Мұның арты әрине, көп ұзамай үйлену тойына ұласқан.
Қазір еліміз егемендігін алғаннан бері Наурыз тойы тойланып келеді. Алайда тойымыз көбіне концерт көріп, наурыз көжеден ауыз тиюмен бітеді. Ал ұйқыңды ашып, сезіміңді селт еткізетін дәстүрлерді жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді!
Сурет: Дарья Лапина
Ф. Абилова