Наурыз бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтың дәстүрлі мейрамына айналып отыр. Бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын.
Қыс пен жаздың халық санасындағы көрінісі кейбір ғалымдардың Наурыз мейрамының шығу тегін дуалистік теориядан іздеп, Жақсылық пен Жамандықтың, Қыс пен Жаздың, Суық пен Жылының, Қайырымдылық пен Қатыгездіктің күресінен туған деген ой қорытындылауына себеп болды.
Қазақтар Ұлыс күнін «жыл басы» санайды. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша, 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн - «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып персонаж. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.
Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себездеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күнгі таңғы сағат 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек. Ұлыс келер түні Қызыр бабаға арналып әр үйдің төрінде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелері бар ыдысты аққа, суға, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырады.
Сондықтан осы күнді асыға күткен үлкендер:
«Самалық, самалық,
Көк құс көзін ашты ма?
Аяғын жерге басты ма?
Самалық, самалық,
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме, көрдің бе?
Самалық, самалық,
Қап тауының көк құсы
Жүгірді ме, көрдің бе?»- деп қойнында көжегі, қолында бәйшешегі бар балаларына сұрау қойған.
Аңызға сенсек, астроном Ұлықбек обсерваториясындағы көктасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібіткен. Бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе «бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен.
Аңыз бойынша, 22 наурыз күні жер-көкті жарып, ерекше бір гуіл, дыбыс өтетін көрінеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана сезеді дейді халық. Сол күні барлық жаратылыс, оның ішінде адам бойында да ерекше сезім, қасиет болады. Мұндай қасиетті күндерде тырнақ, шаш алдыруға болмайды. Әркім өзін жаман әдеттен аулақ ұстағаны жөн.
Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы жыл болады» деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, үлпілдек болады да, «ақша қар» дер аталады.
Материалды дайындау барысында мына кітаптар қолданылды: «Салтыңды сақта, дәстүріңді дәріпте» Авторы: Қайыржан қажы Макин, «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер» Құрастырған: Мұхтар Қазбеков
Сурет: mypolytech.kazntu.kz