- Негізгі бет
- 22 наурыз 2015
- Наурыз мейрамында айтылатын...
Наурыз мейрамында айтылатын бата-тілектер
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар: кісілер бір-бірімен кездескенде:
Жасың құтты болсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле-жала жерге енсін! -
деп құттықтап, ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырады; ал әйелдер болса, құшақтасады; ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру - «өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын» дегенді білдіреді.
Наурыз жырында:
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар, -
деп айтылмақшы, Ұлыс күні жеті түрлі заттан – соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы көпкөже (наурызкөже) пісіріледі. Бата беру, ас қайыру қонаққа немесе ақсақалға, жолы үлкенге беріледі. Көже ішіліп болған соң, төрағасы қолын жайып:
«Бақытты ас берсін,
Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қосын,
Қыруар малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсың,
Дұшпаның басылсын,
Менің берген бұл батам,
Ұлыс күніне сақтап жүрген сүр батам», -
деп үй иесіне батасын береді. Жиналған жұрт: «Ауызды ақтан айырмасын, қызылды (етті) уақытымен көрсетсін» деп тарқасады.
Наурыз тойын тойлағанда да ауылдың сыйлы ақсақалы қолын жайып бата береді:
- Мінгендерің балалар,
Жорға-жорға тай болсын!
Жорғалатып келгенде,
Көптің көңілі жай болсын!
Ай жағына қарасаң,
Алтыннан терек орнасын!
Айыңа келген мейманың
Оған атын байласын!
Күн жағына қарасаң,
Күмістен терек орнасын!
Күнде келген мейманың
Оған атын байласын!
Таң мезгілі болғанда,
Наурыз күні туғанда
Бозторғайдай шуылдап,
Бөденедей пырылдап,
Берекелі құт болып,
Қызыр келіп дарығай!
- деп көжесін ішеді.
Наурыз мейрамында төрт түліктің пірлері беретін бата да бар.
Шопан ата:
- Малды берсең, қойды бер,
Ұлды берсең бойлы бер.
Жұртқа ақыл салғандай,
Ақылы артық ойлы бер.
Жылқышы ата:
- Шаруаның бір пірі – Жылқышы ата,
Тілегенде өзің бер ақтап бата.
Үйір-үйір жылқыны шұрқыратып,
Ойдан-қырдан арқансыз әкеп мата.
Ойсыл қара:
- Шаруаның бір пірі – Ойсыл қара,
Түйені өсір жарқылдап болсын пана.
Ит, құс, пәле, індеттен аман сақтап,
Топ-топ қылып боталат аруана.
Зеңгі баба:
- Шаруаның бір пірі – Зеңгібаба,
Сиыр берсең, сүтті бер өңкей мама.
Кең өріске шұбыртып, өзің бағып,
Кешке жақын қотанға әкеп қама.
Шекшек ата:
- Қойды көсем бастайтын,
Өткелден үркіп саспайтын.
Қарағай мүйіз серкелі,
Шүйде жалды желкелі,
Сексек ата баласы,
Ешкі бассын үйіңді!
Наурызда адамдар бір-бірін той ұрандарымен құттықтайды. Той ұрандары: «Наурыз құтты болсын!», «Наурыз құт әкелсін!», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ұлыс береке берсін!», «Құт-береке мейрамы – Наурыз жасасын!», «Ежелгі Күн мейрамы – Наурыз жасасын!», «Жыл басы – Ұлыс тойы жасасын!».
Сурет: kostanaytany.kz
М. Оңғарова