Наурыз мейрамы шығыс елдерінде, әсіресе, түркі тілдес елдерде жаңа жылдың бастауы іспеттес тойланады. Ал бұл мейрам туралы шетелдіктер не ойлайды екен?
Коди Мастард (АҚШ)
«Әрбір ұлттың өзіне тән мейрамдарының бар болғаны дұрыс. Ал оның бірнеше елдерде тойлануы тіпті тамаша деп ойлаймын. Себебі, дәстүрге сай тойланатын мейрам туыстас елдер арасындағы қарым-қатынастың берік болуын қамтамасыз етеді. Одан бөлек, елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтады. АҚШ-та да өзінің көрші елдері Канада және Мексикамен ортақ мейрамы бар. Ол "Алғыс білдіру күні" деп аталады».
Николета Николова (Болгария)
«Расында, бұл мейрам туралы бірінші рет естіп отырмын. Сіз түсіндіргеннен кейін, біршама ұғымын пайымдай бастадым. Шындығында, жаңа жылды екі рет тойлайды екенсіздер. Желтоқсан айындағы Жаңа жылдың орны бөлек, дегенмен, ол халықаралық мереке. Ал Наурыз сіздердің тарихыңызбен байланысы бар, ортақ дәстүрді қамтитын мейрам екен. Осындай атаулы мейрамдардың көп болғаны жақсы».
Исак Рамадани (Македония)
«Мен Македонияда туып өскен болсам да, ұлтым – албан. Мұсылман болғаным үшін Наурыз мейрамы туралы көп естимін. Соңғы жылдары біздің елде де ауқымды тойлана бастады. Бірде түрлері түріктерге ұқсайтын еліміздің азаматтарының алдымнан шығып, арнайы мейрамға дайындалған асын ұсынғаны әлі есімде. Дәмі бір жыл өтсе де, аузымнан кетер емес. Өкінішке орай, оның атын ұмытып отырмын. Сіздерде осындай ортақ мейрамның бар екеніне ризамын. Қазақстанға баратын болсам, досымның үйінде қонақ болып, ұмытып қалған асымды есіме түсіретін боламын».
Соломон Агуэй-Боади (Гана)
«Мен туған елдің тең жартысы мұсылмандар. Дегенмен мұнда сіз айтқан наурыз мейрамы тойланбайды. Мүмкін ол сіздердің географиялық аймақтарыңызға байланысты тойланатын шығар. Мұндай ұлттық мейрамның көп болғаны дұрыс-ақ. Сондықтан әрқашан мейрамның маңыздылығын жоғалтпауға тырысу керек. Егер ел бір ұлтты болса, оның жойылу мүмкіндігі жоқ болады. Ал көп ұлтты елде мейрам сынды ұлттық құндылықтарды берік сақтау қиын. Сіздерге соны айтқым келеді. Өз еліңіздің ұлттық құндылықтарын қадірлеуден шаршамаңыздар».
Эзар Чан (Қытай)
«Қытайдың оңтүстік-шығыс аймағында тұрамын. Сондықтан Наурыз мейрамына қатысты еш нәрсе естімеген екенмін. Сіздерге туыстас келетін түркі тектес ұлттар Қытайдың солтүстік-батыс жағын мекендеген. Мүмкін сол аймақта Наурыз мейрамы жоғары деңгейде аталып өтілетін шығар».
Грегор Куалтз (Германия)
«Мен саяхатты сүйемін. Осы қызығушылығымның арқасында 26 жасыма дейін әлемнің 40 елінде болып үлгердім. Оның ішінде Қазақстанға да келгенім бар. Әрине, Наурыз мейрамына тұспа-тұс келмеген болсам да, ол туралы біршама ақпарат жинадым. Себебі елдегі оқуымның ғылыми диссертациясы әртүрлі ұлттың мәдени құндылықтарына қатысты болатын. Наурыз мейрамының ауқымдылығын білген соң, мейрамды шынайы сезінгім келді. Дегенмен, оқудың міндетіне орай, елге қайтуыма тұра келді. Келесіде Қазақстанға жолым түсіп жатса, саяхаттың барысын міндетті түрде Наурыз кезіне жоспарлаймын».
Шелли Энн-Джеймс (Ямайка)
«Біздің елдің азаматтары әлемнің түкпір-түкпірінен келген. Мысалы, менің әкем үндістандық болса, анам марокколық. Ал мен Ямайкада туып өстім. Сондықтан біздің елге ғана тиесілі мейрам жоқ деуге болады. Әркім өзінің дәстүріне сай өмір сүреді. Ал сіздерде жалпы ұлтқа тән, тіпті бірнеше ұлттың басын қосатын мейрамның болғаны қуантады. Себебі бұл бір жағынан халықтың бірлікте өмір сүруіне түрткі болады. Мен сіздерге қызығамын».
Сурет: tv.ekaraganda.kz, facebook.com