Наурыз мейрамы Алматының әрбір ауданында тойланады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық әкімдіктің мәдениет басқармасына сілтеме жасап.
Биыл Орталық мәдениет және демалыс саябағы Наурыз мейрамының басты алаңына айналады. Шаралар 22 наурызда сағат 10.00-де басталады. Басқарманың мәліметінше, қала әкімдігі бірқатар шараны саябақта өткізуді жоспарлап отыр. Азаматтардың демалуы үшін 44 гектарға интерактивті және тақырыптық аймақтар жасалады. Қонақтар мерекелік концертті тамашалап, "Қазақ ауылы" этно-реконструциясы мен аттар шоуын көре алады және спорттық ойындарға қатысуға болады. Ең кішкентай қонақтарға арналып ойын-сауық саябағы ұйымдастырылады.
"Қонақтар біздің киіз үйлерімізге кіре алады. Хандық деп аталатын бірінші киіз үйде 12 қанатты конструкцияның арқасында дала билеушілерінің, визирлер мен нөкерлердің заманына түсесіз. Келесі киіз үйде домбыра мен ұлттық аспаптардың үнін рахаттана тыңдауға болады. Ал егер сіз жақындарыңыз бен туыстарыңызға сыйлық алуға келсеңіз, үшінші киіз үй дәл сізге арналған, онда қолөнершілердің жәрмеңкесі өтеді. Сонымен қатар, бұл киіз үйлерде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі жайлы біле аласыз. Арнайы киіз үйлерде гастрономиялық бұйымдар, наурыз көже, бауырсақ, қуырдақ, палау мен тағы да басқалар қойылады", - деп мәлімдеді мәдениет басқармасындағылар.
Орталық мәденит және демалыс саябағында өтетін Наурыз мейрамында қуыршақтар театры, мемлекеттік цирк пен фольклорлы-этнографиялық "Сазген сазы" ансамблінің кішігірім концертін тамашалауға болады. Бұлардан өзге кешкі сағат 19.00-де саябақ аумағында орналасқан "Спартак" стадионында "Орда" тобы тегін жеке концерт береді. Сағат 21.00-де Көктөбеден мерекелік отшашу ұсынылады.
Дәл осы күні, 22 наурызда таңертеңнен бастап қаланың әр ауданында мерекелік шаралар басталады, олар мына жерлерде өтеді: Алатау ауданы - "Алатау" киноконцерт залының алдындағы алаң; Алмалы ауданы - "MEGA PARK" ССО; Әуезов ауданы - әкімдік алдындағы алаң; Бостандық ауданы - "MEGA" ССО; Жетісу ауданы - "Айнабұлақ" ықшамауданындағы сквер; Медеу ауданы - Оқушылар сарайы алдындағы алаң; Түрксіб ауданы - Сейфуллин атындағы саябақ; Наурызбай ауданы - №188 ОМ-тің спорт алаңы. Наурыз мейрамының әр ауданда тойлануы туралы толығырақ ақпаратты мына жерден көруге болады.
Сонымен қатар, алматылықтар Наурыз мейрамын таулы аймақтарда атап өте алады. "Медеу" мен "Шымбұлақ" тау шаңғысы кешендері 21-інен 22 наурызға қараған түні сырғанақ тебуге шақырады. "Шоу-бағдарламалар, DJ Slava Romadanoff-тен бір сағаттық сет, би, байқаулар, жүлделер мен экосыйлықтар бізден болады. Шәй міндетті түрде! Ал көктемгі көңіл күй сізден болады", - деді тұрғызылып жатқан "Көкжайлау" курортының баспасөз хатшысы Бекжан Ыдырысов.
Елорда алаңдары мен саябақтарындағы дәстүрлі халықтық серуендерден бөлек, қала тұрғындарын "Астана Опера" театрындағы концерттер мен қала театрларындағы спектакльдер қуантады. 21 наурыз күні сағат 10.00-де Республикалық "Сарыарқа" велотрегінде Наурыз мейрамына арналған театрландырылған қойылым мен меркелік концерт өтеді. Осы күні қала мектептерінде де бірнеше концерттік бағдарламалар қойылады. "Қош келдің, Наурыз!" концерттік бағдарламасы №15 мектеп-лицейде өтсе, №7 мектеп-гимназиясында сағат 12.00-де "Армысың, әз Наурыз!" фестивалі басталады. "Қонақжай киіз үй" халықтық серуені сағат 12.00-де №41 орта мектепте өтеді.
21 наурызда сағат 18.30-да Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында "Үкілі жұлдыз" спектаклі қойылса, сағат 19.00-де "Қазақстан" ОКЗ сахнасында Мақпал Жүнісова мен Қайрат Нұртастың "Армысың, әз Наурыз!" атты концерті көпшілік назарына ұсынылады. "Айман-Шолпан" музыкалық комедиясы 22 наурыз күні Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында сахналанса, сағат 19.00-де көрермендер "Астана Опера" театрында Наурыз мейрамына арналған мерекелік концертті тамашалайды. Наурыз мерекесіне орай өткізілетін іс-шаралардың толық жоспарымен мына жерден танысуға болады.
сурет: astana.gov.kz