- Негізгі бет
- 22 наурыз 2015
- Наурыз көже туралы...
Наурыз көже туралы бір аңыз
Наурыз мейрамының басты тағамы – Наурыз көже. Наурыз көже тағамының қазақ салт-дәстүріне енуі тектен-тек емес. Наурыз көженің түп мағынасында адамдарды достыққа және бірлікке шақыру жатыр. Және де осы туралы көптеген аңыздар бар.
Ертеде ашулы адамдар халық арасына іріткі салып, бүлік болыпты. Еркектер өз араларында келіспеушілікке тап болып, кішілері үлкендерді тыңдамапты. Шаруашылық бұзыла бастайды. Осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес жасапты. Жиын Наурыз мейрамына тұспа-тұс келеді. Олар ең үлкен қазанға, жиналған қауымды тамақтандыратын ас пісіргізіпті. Тамақтанып болған соң, ақсақалдар арасында ең беделдісі тұрып, былай депті: «Ит екеш иттің өзі, күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендерін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан астың дәмін таттық. Бүгіннен бастап ғасырдан-ғасырға туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік!». Осыдан соң адамдар бұрынғы өкпе-реніштерінің барлығын ұмытып, қайтадан бірлікте және татулықта өмір сүрген екен. Наурыз көжені халық арасында "тілеу көже", "көп көже” деп те атай береді. Қазақтың өзгермес салты наурыз көже дайындау – қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігі мен қонақжайлығын ғана емес, сонымен қатар адамдарының бірлікке, ынтымақтастыққа бағытталуын көрсетеді.
Сурет: ummet.kz
Н. Айдархан