Наурыз айы мен жаңа жылдың айырмашылығы мен ұқсастығы

Наурыз айы мен жаңа жылдың айырмашылығы мен ұқсастығы

Наурыз – халқымыздың көнеден келе жатқан жаңа жылы. Жер көгеріп, күн мен түннің теңелген уақытында тойланатын түркі халықтарының бұл мейрамы нақты қай уақытта шыққанын айту қиын. Бұрынғылардың жылнамасына үңілсек, дәл осы уақыт ежелгі ата-бабаларымыздың түсінігі бойынша алты ай жаз «иас» және алты ай қыс «қыш» деген ұғымды білдірген екен. Қытымыр қыстан аман-есен шығып көгенге бет алған бабаларымыз осы екі мезгілдің ауысар тұсында жаңа жылды да уақытында тойлап отырған. Бұл жаңа жылдың бүкіл әлем тойлайтын 31 желтоқсаннан қандай айырмашылығы бар екенін тізіп көрейік.

Желтоқсанның ызғарлы күнімен келіп жететін жаңа жылдың ауа райы мен мамыражай уақытта келетін наурыздағы жаңа жылдың күн райы тіпті бөлек болады. Себебі екеуі екі мезгілде тойланады. 31 желтоқсан күні аталып өтетін әлемдік мейрам жаңа жылды жер бетінің барлық жұртшылығы тойлайтын болса, наурыз айындағы жаңа жыл тек түркі халықтарының арасында мерекеленеді.

Бүкіл әлем тойлайтын жаңа жылды түнгі сағат 00-00-де әртүрлі отшашумен қарсы алатын болсақ, қазақтың жаңа жылына қамдану наурыздың 1-інен басталып кетеді. 22 наурыз күні барлық аймақ таңертеңнен жаңа жылдың келуімен бір-бірін құттықтап, амандық сұрасады. Және бұл уақытты айтулы тойдың көрігін қазақтың киіз үйі мен жұртшылықтың дәстүрге сай киген киімдері аша түседі. 

Түнгі он екіде аққайнарды аспанға атып түрлі тілекті бір-біріне жаудыратын адамдар наурызда келесі жаңа жылдың келуіне дейін жету үшін қол жайып, бір-біріне ақ батасын беріп жатады. Дастарханға ежелгі салт бойынша жеті түрлі дәмнен жасалған наурыз көже әкелініп, сол маңайдағы барлық адамға дәм татуға үлестіріледі. 

Наурыздың жаңа жылдан тағы бір ерекшелігі жас жігіттер өздерінің көңілі түсіп, сезімін білдіргісі келген қыздарға "ұйқыашар" ретінде сақина, білезік, сырға, т.б. көптеген бұйымды сыйлап, арулардың жүрегін селт еткізеді. Сондықтан мұндай кәделі сыйдың атын "селт еткізер" деп атаған. 

Сурет: baq.kz

B. ZHAQSYMBET