Массагет ұжымы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтайды. Жаңа жыл бүкіл әлем халқы үшін табысты да, шаттыққа толы жыл болсын деп тілейміз. Еліміздің мерейі үстем болып, жаңа белестерді бағындырайық. Шаңырақтар шайқалмасын, әр үйден бақ-береке кетпесін. Бар адам баласы қайырымды, мейірімді, бір-бірімен тату болсын деп тілейміз.
Наурыз – Орта Азия халықтары бес мың жыл бойы тойлап келе жатқан әлемнің ең көне мейрамдарының бірі.
Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. 22 наурызда күн мен түн теңеседі. Бұл мейрамды қазақ халқы «Армысың, әз Наурыз», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алған.
Бұл – діни мейрам емес. Қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу күні. Бұл күні көріскен жандар бір-бірімен құшақ жая амандасып, игі тілектер айтады.
Наурыз мейрамы 1991 жылы, 15 наурызда Қазақ СCР Президентінің қаулысымен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын "Наурыз мейрамы" деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде наурыз айының 21, 22, 23-інші күндеріне "Наурыз мейрамы" деген мәртебе берілді.
сурет: ©Павел Гаращенко