Көрісіп, батасын ал ақсақалдың

Көрісіп, батасын ал ақсақалдың

Бүгін, 14 наурыз күні елімізде Амал мерекесі тойланады.

Байырғы кезде бүкіл ұлысқа ортақ болған Амал мерекесі бүгінде еліміздің батыс аймағында ғана дәстүрлі түрде аталып өтіледі.

1917 жылғы Қазан көтерілісінен кейін жаңа уставпен халқымыз Григориан күнтізбесіне ауысып, күн санау 13 күнге артқа шегерілді. Ал оған дейін жаңа жыл 1 наурызда тойланатын еді.

Бұл мерекенің ертеден келе жатқанын дәлелдейтін нәрселердің бірі – атауы. Олай дейтініміз, "Наурыздың" бұрынғы атауы "Хамал" болған. 

Бейімбет Майлиннің қаламынан тамған "Шұғаның белгісі" повесіндегі:

"...Содан бері қыс сонда бала оқытып, жаз елде болады. Сол жылы июньнің бас кезінде келіп еді. Содан бері Әбдірахманды көргенім. Маған: «Маған көріспейсің бе» деп қалжыңдады. Әзілдесіп үйге кірдік..." 

"...Маған қарап Шұға күлді.

- Мезгілімен келіп көрістіңіз-ау, - деді. Мен не айтарымды білмедім..." деген сөйлемдер

немесе ұлы Абайдың:

"Ойдағы ел қырдағы елмен араласып,
Қуанысып, көрісіп, құшақтасып,"
 - сынды өлең жолдары бұл мерекенің еліміздің барлық өңірінде тойланғанының дәлелі.

"Көрісу" дегеніміз не?

Ең алдымен, Көрісу – қыстан жұтқа ілінбей, аман шығып, жаңа жылға аман-есен жеткені үшін шүкіршілік етіп, қуану мейрамы.

"Өлі риза болмай, тірі байымайды" дегендей, бұл күні бірінші кезекте әр үй өзінің ата-бабасының, қайтыс болған жақын-жуықтарының басына барып, зиярат қылады. 

Бұл күні таңертеңнен үйдің есігі айқара ашық болады. Келген кез келген қонақ үлкен демей, кіші демей еш бөгетсіз үйге кіріп, көрісе алады.

Әрбір үй бауырсақ, ет, құрт, балқаймақ сынды дәмділерін дайындап, қонақ күтеді.

baq.kz

Жасы кішілер үлкендердің үйіне кіріп, көрісіп, бата алады. Барған үйдің дастарханынан ауыз тиіп жатады. Ал егер қандай да бір үйден қыз ұзатылған болса, бірінші жылы сол қыздың үйіне төркіні көрісіп барады.

Халық бір-біріне "Жылың құтты болсын! Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!деп, екі қолдап көрісіп, төс қағыстырып жатады.

Көрісу мейрамы – ата-бабамыздан мирас болып қалған салттың бірі. Оны еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін дәріптеп, сыйлап, жалғастырып келе жатыр.

Өткен жылдың ренішін жаңа жылға алып кірмеуі үшін адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды. Реніштерін ұмытып, татуласады.

Ал жырақта жүріп, ағайын-туыспен көрісе алмаған адам еліне барған күні барлығымен "Жылың құтты болсын!" деп көрісуі керек.

Көрісуге келген кішілерге бауырсақ, тәтті тағамдар беріледі. Бұл да "жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз мол болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін" деген ниеттен туған.

Ақтоты Жапатова:

"Көрісуге бір екі күн бұрын дайындалатынбыз. Сол күнді асыға күтеміз. 14-і күні анамыз таңғы 6-да оятады. Былай күндері жылап, төсектен тұрмайтын біз сол күні қуана-қуана тұрамыз. Ең бірінші отбасымызбен көрісіп аламыз. Содан соң көрші үйлерге барамыз. Әр үй бауырсақ, айран сияқты тағамдарымен дастарханды толтырып қояды. Біз үйден шығып кеткен соң анам да дастархан жая бастайды. Көріскен кезде "жасың құтты болсын, наурызыңмен, жаңа жылыңмен" деп бір біріне тілек айтады. Көршілермен көрісіп келген соң мектепке барамыз. Сол күні мектептегі ең қызық күндердің бірі болатын. Қалтамыз жинаған тәттілерімізді салып барамыз. Мұғалімдермен және алдыңнан шыққан оқушылардың бәрімен көрісеміз. Сыныпта түрлі ашық сабақтар болады. Қазақша киімдер киіп барамыз. Мектептен келген соң түскі асқа анамыз Наурыз көже пісіріп қояды. Түскі астан соң отбасымызбен ата-әжеміздің үйіне, нағашыларымызға барамыз. Туған туыстарды аралаймыз. Барлығының үйінде дастархан жайнап тұрады. Мектепте оқып жүрген кезімде бір қызық жағдай болды. Түстен кейін нағашымның үйіне бардық. Шай ішіп отырсақ есіктен "Апай! Апай!" деген айқай естілді, сыртқа әжеммен бірге мен де еріп шықтым. Шықсақ, бір топ бала қолдарына қалта ұстап алып көрісіп, тәтті жинап жүр екен. Сол кезде әжем сол балаларға тәтті үлестірген. Сонда мен ренжіп: "Әже олар тентек балалар ғой, әдейі тәтті жинап жүр, неге бересіз?", – деп айтқанда әжем: "Бүгін – көрісу күні, біздің жаңа жылымыз. Тағы бір жасқа толып жатырмыз, соған шүкіршілік етіп, молшылық болсын деп ешкімнен ештеңе аямай барымызбен бөлісуіміз керек. Ренжіскен адамдарымыз болса, татуласуымыз керек", – деп айтқан. Казірде Алматыдан ауылға дәл сол күні барсам да жыл басталғалы коріспедік деп әрбір көрген таныс адаммен көрісемін".

Мейіргүл Оңғарова:

"Көрісу - жыл сайын асыға күтетін мерекеміз. Бұл күнді мәре-сәре болып тойлаймыз. Таңертең ұйқыдан тұрғанда анам бауырсақтың иісін бұрқыратып жатады. Үйдің есігін ашып тастап, алдымен жасы кіші көрші-қолаңды күтеді. Біз әке-шешемізбен көрісіп болып, қолымызға шытырлақ алып, үйде дастархан жайылып тұрса да көрші үйдегі ата-әжелерге қарай асыға жүгіреміз. Олар мәз болып, айналып-толғанып, шытырлақты толтырып, тәтті-пәтті салып жібереді. Көрісу жұмыс күніне түскенде мектепке бауырсақ апарып, әр көріскен адамға үлестіреміз. Сол күні сабақ та жөнді болмайды. Мұғалімдер де, оқушылар да мерекелік көңіл-күймен жүреді. Көрісуге келмеген жасы кіші ағайын-туыс жыл бойы айыпты болып есептеледі. Міндетті түрде түс ауғанша үш үйге кіріп, көрісіп шығу керек деген ырым бар".

Фариза Абилова:

"Жыл сайын елге барып, үлкендермен көрісу мүмкіндігі бола бермейді. "Ертең Көрісу болады" деген күні үлкендер мал сойып, апа-жеңгелеріміз бауырсақ пісіріп, түннің ішінде құрғақ тамақтарды салып, дастархан әзірлеп, бетін жауып қояды. Адамдар ұйқыдан тұра салып әуелі үй ішіндегілермен "Жылың құтты болсын!" деп көріседі. Таң атар-атпастан жасы кішілер үлкендерге көрісіп келе бастайды. Төске төс тигізіп, қауқылдасып, амандасып жатады. Біздер сонда бірнеше бала қосылып алып үй-үйді аралап, көрісіп жүреміз. Ересектер бізді мақтап, бата беріп, қолпаштап, тәттілерін үлестіріп жатады. Енді бір қарасаңыз, жұрт ата-бабасы, жақындары жатқан зираттарға қарай шұбап бара жатады. Мен үшін Амал мерекесі Жаңа жылдан да қызық, қасиетті мереке. "Қырықтың бірі қыдыр" дейді. Ал сол күні қырықтан да көп үйдің есігін ашып, дәмін татасың, қырықтан да көп адамдармен қол алысып, көрісесің. Сол себепті, Амал – ерекше мейрам. Бұл әдет-ғұрыптың адамдарды бір-бірімен жақындастыруға, араздасып қалғандарды татуластыруға себепші екенін түсіндім. Сондықтан, оны әрі қарай жалғастыру керек деп ойлаймын."

Еркебұлан Қайрахан:

"Бұл күннің қадірін бала кезде онша біле бермейтінбіз. Осы күні бұл салттың мағынасын ұғына бастадым. Жұмыс деп жүріп жақындарыммен жөндеп амандасып, хал-жағдай сұраспағалы бірталай болыпты. Уақыт болса, өтіп жатыр. Жылдан-жылға есейіп келе жатырмыз. Сондықтан, бұл күннің біраздан бері көріспеген адамдарды қайта жақындастырып, елдегі ынтымақ пен бірліктің нығаюына себеп болатынына көзім жетті. Бала кезімізде қаладағы бүкіл ағайын-туысты аралап, көрісіп, дәм татып шығатынбыз. Жолдас балалардың да үйіне қонақ болып, ата-аналарымен бір амандасып шығушы едік. Әрине, ол кезде қаланы тек қызық үшін ғана аралайтынбыз. Сонда да алыс туыстарымызбен, көптен араласпай кеткен таныстарымызбен қарым-қатынасымыз бір жаңарып қалушы еді. Сондықтан, бұл салтты өшірмей одан әрі дамыта түсу керек деп ойлаймын".

Ал, олай болса, жылыңыз құтты болсын, ағайын! Жаңа жыл - Амал мерекесіне аман-есен жетуіңізбен!

Сурет: azh.kz

Ф. Абилова