- Негізгі бет
- 22 наурыз 2015
- Алматыдағы Наурыз тойына...
Алматыдағы Наурыз тойына 100 мыңнан астам адам қатысты
22 наурыз күні Алматы қаласының Орталық мәдениет және демалыс паркінде Наурыз мейрамына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды zakon.kz сайты. Алматылықтар мен қала қонақтарына Наурыз мейрамының тарихы, дәстүрі жайында көрініс көрсетілді. Бұл күні мейрамды тойлауға 100 мыңнан астам адам қатысқан.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов тұрғындар мен қонақтарды мейраммен құттықтады. Қала басшысы халықтың бірлігі мен ынтымағын баса атап өтті.
"Бұл тамаша көктем мейрамы - табиғаттың қайта жаңаруы, адамзаттың табиғат алдында бас июі, жаңа жылдың, жаңа өмірдің бастауы. Біздің елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілі үшін ыстық мейрамға айналды", - деді Ахметжан Есімов.
Алматы әкімі биылғы Наурызды тойлаудың басты алаңы болып жақында ғана мемлекет меншігіне қайтарылған Орталық мәдениет және демалыс таңдалғанын айтты.
2015 жыл салтанатты шараға толы болып тұр. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан Соғысының 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы кең көлемде тойланбақ.
Ұлыстың ұлы күніне арналған салтанатты шара концертке ұласты. Парк ішіне 30 киіз үй тігіліп, халыққа көрме, наурыз көже, палау, бауырсақ ұсынылды.
Наурыз мейрамы "Көк-Төбедегі" отшашуға жалғасты.
Сурет: massaget.kz
Р. Роза