Шашбау - қыз-келіншектің шашының ажарын аша түсетін, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын бұйым.
Шашбау көп жағдайда күмістен қақталып соғылады. Бірақ үй жағдайында шашбауды тоқыма жіп көмегімен өз қолымызбен жасап алсақ болады. Төменде сіздерге қарапайым әдістерінің бірін ұсынамын. Шашбауды бес өрім өру арқылы жасаймыз. Бірақ таңдаған жібіңізді қалың етіп алсаңыз, қарапайым үш өрім етіп те, жасай беруіңізге болады.
1. Шашбауымызды дайындау үшін түрлі-түсті тоқыма жіптер, моншақтар және қазақы нақыштағы сырға қажет.
2. Тоқыма жіптерімізді бір шетінен буып, байлап аламыз.
3. Жіптерімізді шатаспайтындай етіп, беске бөліп аламыз.
4. Жіптің шеткі екі бөлігін ысырып қойып, ортадағы үш бөлігімен қарапайым үш өрім етіп өріп бастаймыз.
5. Үш өрім өреміз.
6. Шетке қалдырған жасыл жібімізді сары жіптің астынан алып келеміз.
7. Екінші қалдырып кеткен сәбіз түсті жібімізді алқызыл түсті жіптің астынан алып келеміз. Сол кезде суретте көріп отырғандарыңыздай, қайтадан үш өрімге келеміз.
8. Тағы бір рет көрсетіп кетейін, ортада қалған үш жіппен үш өрім өреміз.
9. Яғни, бес өрім өру үшін, ортадағы үш жіп арқылы үш өрім өреміз, содан соң қалдырып кеткен шеткі екі жіпті астынан алып келсек, ортадағы жіптер екі шетке кетіп отырады.
10. Жоғарыда айтылған әдіспен жалғастырамыз.
11. Жіптің соңына буатын орын қалатындай етіп, өріп шығамыз.
12. Осылайша, суретте көрсетілгендей өрім аламыз.
13. Екі жағы да бірдей болатындай етіп, буып байлаңыз.
14. Шашбаудың шашақтарына өзіңіз қалағандай етіп моншақтар өткізіңіз.
15. Моншақтарыңыз әртүрлі көлемде және әртүрлі түсті болса да, әдемі болады. Және де моншақтармен қатар, тиындар пайдалансаңыз да болады.
16. Қазақы нақыштағы сырғаны шашбаудың буып, байланған жеріне тағамыз. Шашбауымыз дайын.
Сурет: massaget.kz