"Наурыз" сөзі ежелгі Иран тілінен аударғанда "жаңа күн" деген мағынаны білдіретіні талай жерде жазылып жүр. Бұл сөздің түпкі мағынасы туралы басқа пікірлер барын білесіз бе? "Ислам және өркениет" газетінде бұл сөздің этимологиясы туралы мынадай бір пікір берілген:
Копт сөздігінде (Египет) "Нияру" деген сөз бар екен. Гректер оны әдетінше өздеріне ыңғайлап "Ниярус" деп өзгертіп алған. Бір қызығы, копт тіліндегі "Нияру" сөзі "күндер" деген мағынаны білдіреді екен. Тағы бір нұсқа бойынша, Нияру – наурыз айына сәйкес келетін көктем күндерінің атауы екен.
Копт тілінде бұдан бөлек "Ниярус" деген де сөз бар. Бұл "қасиетті күндерді тойлау" деген мағына береді.
Сол себепті, кейбір ғалымдар персиялық "наурыз" сөзі осы копт тілінен келген болуы мүмкін деген пікір айтады. Неге десеңіз, копт мәдениеті күнтізбе ойлап табылғанға дейінгі кезеңде өмір сүрген.
"Наурыз" сөзінің этимологиясына қатысты бұл пікір ғалымдар арасында толық қолдау тапты деп айтуға болмайды. Дегенмен, бұл фактіні де біле жүрген артық болмас.
сурет: tourbina.ru