Келе жатқан 22 наурыз мейрамымен құттықтай отырып, қазақтың кейбір ұлттық ойындары туралы ақпарат береміз.
Тымақ ату. Ойынға кез келген адам қатыса алады. Жерге ойыншының бойынан аспайтын сырық қадалып, оның үстіне тымақ кигізіледі. Ойыншы тымақтың қай жерде тұрғанын көріп алғаннан кейін көзі байланады. Содан соң қолына қамшы алып, тымақты жерге түсіруі керек. Әр адамға үш мүмкіндіктен беріледі. Үшеуінде де тымақ жерге түспесе, ойыншы өнер көрсетіп, тағы үш мүмкіндік ала алады.
Алтыбақан. Алтыбақан – кәдімгі әткеншек. Жастардың көңіл-көтеріп, сауық-сайран құруы үшін таптырмайтын ойын. Алтыбақанды құру үшін 3-4 метрлік 7 томар ағаш пен 3 арқан керек. Алтыбақанға екі адам, әдетте, бозбала мен бойжеткен мініп, қалғандары ән айтып, қалжыңдап көңіл көтеріп тұрады.
Қыз қуу. Сақ дәуірінен келе жатқан дәстүр. Бозбала ұнатқан бойжеткеніне үйленбестен бұрын "Қыз қуу" ойыны ұйымдастырылған. Ойын ережесі бойынша, бойжеткен атқа мініп жігіттен қашуы керек. Бозбала қызды қуып жетіп, бетінен сүюі тиіс. Жігіт қызға жете алмаса, бойжеткен оны қамшымен сабайды.
Аударыспақ. Бұл ойында жеңіске жету үшін ептілік, күш, тапқырлық, батылдық керек. Екі жігіт атқа мініп, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады. Бұл ойынның жауынгерлік қасиеттерді қалыптастыруға көмегі көп болған.
Көкпар. Ат үстіндегі жігіттердің топтасып алып, серкенің терісін алып қашып ойнайтын ойыны. Көкпар деген атау "көк бөрте" деген сөзден шыққан. Көкпар батылдық пен ерлікке тәрбиелейді. Бұл ойында ер жігіттермен бірге аттар да сыналады.
Арқан тартыс. Ойынға ұзындығы он метрдей кендір арқан керек. Арқанның қақ ортасы қызыл орамалмен байланады. Осы орамалдың екі жағынан 1,5-2 метрдей қашықтықта жерге тағы да белгі салынады. Екі топқа бөлінген жастар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстап тұрады. Төреші белгі берген сәтте екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жерге салынған белгіге бірінші боп сүйреп әкелген топ жеңімпаз болады.
суреттер: yvision.kz, radiotochka.kz, ulttyqsport.kz