- Негізгі бет
- 22 наурыз
- Наурыздағы қазақы ырымдар...
Наурыздағы қазақы ырымдар
Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – түркі жұртының мерейлі мейрамы. Орталық Азия халқында 5 мың жылдан бері тойланып келеді.
Наурызға қатысты халық танымында түрлі салт-дәстүр, наным-сенім мен әдет-ғұрып бар. Жыл басынан жақсылық күтіп, әр істі жақсы ырымға балайды. Бүгінгі айтпағымыз да осы наурыздағы наным-сенім мен ырымдар жайлы болмақ.
• Қазақ халқы наурыз мейрамынан бір күн бұрын үйлерін қағып-сілкіп тазалайды. Мереке күні киетін сәнді киімдерін әзірлейді. Кірлерін күн ілгері жуады. Наурыз күні кір жуса үйден "құт үркеді", бастан бақ таяды деп түсінген.
• Қазақ наурыз күні жаңа шыққан күннің жүзіне қарап бетін сипайды. Онысы жаңа күннен басыма бақыт дарысын дегені.
• Наурыз күні алғаш жауған жаңбырға басын тосып, жақсылық күту нанымы да бар. Аспаннан нұр жауады деп біледі. Осылай істесе жылдар бойы басым ауырмайды, жолым жеңіл болады деп сенеді.
• Қазақ наурыз күні үйіне қарлығаш ұшып кірсе, ерекше қуанады. Жыл құсы кірді, шаңырағыма құт кірді деп ырымдайды.
• Қазақ наурыз күні тырнақ алмайды, шаш қиғызбайды. Олай етсе бақ кесіледі, жол тосылады деп ырым етеді.
• Қазақ наурыз күні ыдыс-аяғын сылдырлатпайды, құт қазанда тұрады деп ырым етеді. Ыдыс-аяқ сылдырласа құт үркеді деп сенеді.
• Қазақ наурыз күні отқа сүйек тастап күйдірмейді. Олай жасаса ата-баба әруағы шамырқанады деп ырым етеді.
• Қазақ наурыз күні қыдырып келген баланы құр қол шығармайды. Бала бақыт, бала бал, баламен бірге үйге бақыт кіреді. Бала үйден өкпелеп шықса, бақыт баламен ілесіп кетеді деп нанады.
• Қазақ наурыз күні алыс сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Онысы жолаушы аман келсін, мереке дәмі береке, осы берекелі астан ауыз тисін дегені.
• Қазақ наурыз күні малы төлдесе, оның төлін басқа біреуге сыйламайды. Себебі жыл басындағы құтымыз басқаға ауып кетпесін дегені.
• Қазақ наурыз күні сауысқан үй төбесіне қонып шықылықтаса жақсы ырымға балайды. Олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенеді.
• Қазақ наурыз күні үйіне дуалы ауызды адамды шақырып батасын алады. Барлық іс батадан басталса баянды болады деп сенеді.
Н. Үсенова