Наурызда әзірленетін бізге беймәлім ұлттық тағамдар

Наурызда әзірленетін бізге беймәлім ұлттық тағамдар
Фото: yandex.kz

Наурыз мерекесі 3 қағидаға негізделген. Бірінші қағида – жаңғыру. Яғни, табиғат жанданады және айналадағы сол өзгерістерге сәйкес адамдар да бейімделе бастайды.

Екінші қағида – бұл тепе-теңдік. Бұл ұғым тек күн мен түннің теңелуіне ғана қатысты емес, ол адамдар арасындағы, жалпы қоғамдағы теңдік деген мағынаны да көздейді. Себебі Ұлыстың ұлы күні адамзатты күнделікті күйбең тіршіліктен демалтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, барлығын бір ортаға тоғыстыратын күшке ие.

Үшінші қағида – игілік. Яғни, бұл принципке сай, адамдар жағдайы төмен отбасылар, күш-қуаты кеміген қарттарға және өзге де көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуы қажет. Бұл үш қағида табиғатпен адамзаттың арасындағы тылысым байланыстың барын көрсетеді. Осының айқын бір дәлелі – қазақ халқының ұлттық асханасы.

Наурыз асханасы

Әр әзірленетін астың нәрі мен мәні ерекше. Бұл әсіресе, Наурызда ұсынылатын тағамдарда айрықша байқалады. Бірінші кезекте атап өткім келетін Наурыз дастарханындағы тағам – селт еткізер. Аталған ас дәстүр бойынша әз Наурыз мейрамында жастар қауымына ұсынылған. Яғни, ол жақында үйленген ер азаматтар мен таяуда тұрмысқа шыққан қыз-келіншектер болуы мүмкін. Сондай-ақ бұл рәсімге 15 жастан асқан бойдақ ер жеткен жігіттер мен бойжеткен қыздар да қатысатын болған. Әйелдер қауымы ер азаматтарға осы дәмді ұсынады, ал ерлер оған алғыс ретінде сыйлық сыйлайды. Селт еткізер ұрпақ жалғау,ер азаматпен әйел арасындағы табиғи гендірлік байланысты нығайту мақсатында әзірленетін ас.

Екінші тағам – бел көтерер деп аталады. Өзбекәлі Жәнібековтың тарихи жазбаларына сәйкес, бел көтерер тағамы өгіз етінен дайындалатын болған. Себебі түркі аңыздарына сай, өгіз – ол қыс мезгілінің, қаталдық пен бірбеткейліктің символы. Қыс мезгілі де қатты болады және ұзаққа созылады емес пе?! Сондықтан көктем шығуы үшін өгізді құрбандыққа шалу қажет. Бел көтерер ХХ ғасырдың бірінші жартысында Оңтүстік Қазақстан аумағында әзірленген деген деректер бар. Тағам өте жоғары калориялы, жұмсақ әрі дәмді. Бел көтерерді әзірлеп, оны кішкентай балалар арқылы жасы үлкен туыс-туғандарға беріп жіберетін болған. Ал үлкендер қауымы өз кезегінде асты әкелген балаларға "Алғыс бата" оқып, жаңа жылға ізгі ниетпен тілек білдірген.

Наурызда дайындалатын тағы бір тағамға тоқтала кетсем. Оның ішінде кем дегенде 7 дәм болуы керектігін барлығы біледі. Дегенмен мен бұл астың өзге мән-маңызын атап өтейін. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің деректері бойынша, наурыз көжеге қыстан қалған ет және міндетті түрде жаңа сойылған малдың еті қосылатын болған. Яғни, ескі мен жаңаны, қызыл (ет) мен ақты (сүт өнімдері) байланыстыра отырып әзірлеген. Табиғат беретін дәмінің барлығы осы тағамға қосылады. Мәселен, бұрынғы кезеңде көше болып тойлағанда, онда әр үй иесі өз наурыз көжесін жеке әзірлеп, барлығы бір қазанға құйған. Кейін барша тұрғын жиналып, сол ортақ қазаннан тамақтанған.

Бұл біріншіден, табиғаттың бізге беретін барлық өнімін біріктіре пайдалану мәнін көздесе, екіншіден, тағамды бірлесе жасаған адамдардың бірлігін көрсетеді.

Біз осы мерекенің мол философиялық маңызын түсініп, тарихына қайта оралуымыз керек. Осы әлемде өмір сүріп жатқанымызға және табиғаттың берген сыйына риза болу керекпіз деп ойлаймын. Біз күнге, суға, жерге табынуымыз керек. Бұл рәсімдерден ұялудың қажеті жоқ. Менің ойымша, мұның барлығын қалпына келтіру орынды.

Зүбайда Сұрағанова, тарих ғылымдарының кандидаты

ҚазАқпарат

Қ. Слямбек